Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
28 желтоқсан, 2024 / Перизат Ілес / Жаңалықтар

Президент төрағалығымен Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатына байланысты кеңес өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатына байланысты кеңес өтті. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Президент төрағалығымен Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатына байланысты кеңес өтті
Фото: Ақорда

Президент Маңғыстау облысында болған ұшақ апатынан Қазақстан азаматтары да қаза тапқанына тоқталып, марқұмдардың отбасы мен жақындарына тағы да көңіл айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жедел көмек көрсету құрылымдары апат кезінде шұғыл әрі үйлесімді әрекет еткеніне назар аударды.

– Апаттың салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді. Біз бұған жол берген жоқпыз. Адам өмірін сақтап қалдық. Құтқару жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Қажетті ақпараттың барлығы жұртшылыққа уақытылы беріліп тұрды. Яғни оқиға бойынша толыққанды мәлімет бәріне бірдей ұсынылды. Азаматтарымыз алғашқы минуттан бастап зардап шеккендерге көмек қолын созды. Халқымыз жанашырлық, ұйымшылдық  және шынайы тілеулестік қасиетін көрсетті. Жұрт кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан елшілігі ғимаратына гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы еліміздің және шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты мәлімет таратты. Құтқарушылардың, дәрігерлердің және волонтерлердің адал қызметіне күллі әлем куә болды. Әсіресе, көршілес әрі серіктес елдер – Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан азаматтары айрықша алғыс білдіріп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.



Кеңес барысында Үкіметтік комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Бас прокурор Берік Асылов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.