Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
26 желтоқсан, 2024 / Аман ШАМАР / Аймақтар

Желіде миллиондап қырылып жатқан балықтың видеосы тарады

Біз Атыраудағы жаға ұстатар жайттың мән-жайын Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандарынан білген едік, - деп хабарлайды newsroom.kz

Желіде миллиондап қырылып жатқан балықтың видеосы тарады
Фото: скриншот из видео

 

«Атырау балық инспекциясы бөлімінің мамандары 24 желтоқсанда сағат 21-00 шамасында бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізу кезінде, Атырау-Махамбет тас жолының  18 шақырымдағы Алмалы елді-мекені тұсындағы полиция бекетінің айналасындағы Сарыөзек арнасында көп мөлшерде ағысқа қарсы жиналған тірі балық шабақтарын анықтады.

25 желтоқсанда Атырау балық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері жоғарыда аталған аймаққа барып, балық шабақтарын құтқару жұмыстарын ұйымдастыру кезінде, мұз астында қалған жайын шабақтарының тұншығып, қырылу фактісі анықтады. Алгоритм бойынша барлық мүдделі органдар хабардар етілді. Комиссия құрамы жоғарыда аталған аймаққа келіп, бақылау жұмыстарын жүргізді. Судағы оттегі мөлшері 1 мг/л, судың температурасы 3-6°С көрсетті.  Комиссия шешімі бойынша балық шабақтарының қырылуы - судағы оттегінің мөлшері жетіспеушілігінен. Қырылған балық шабақтары мұз астында болғандықтан, оларды жинау мүмкін болмады. Сонымен қатар, бүгін, яғни 25 желтоқсанда Инспекция қызметкерлері және  «ҚазСуШар», «АрнайыАвтобаза» қызметкерлерімен бірлесіп, жоғарыда аталған аймақтан 9500 дана балық шабақтарын құтқарып, Жайық өзеніне жіберді.

26 желтоқсан күні Инспекцияның ұйымдастыруымен балық шабақтарының қырылуының алдын-алу мақсатында, балық шабақтарын құтқару және тұншығып қалған балық шабақтарын жинау жұмыстары жүргізіледі. Жоғарыда аталған жағдайға байланысты,  қырылған балық шабақтарын жинау және тірі балық шабақтарын құтқару жұмыстарына инспекция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, Төтенше жағдайлар департаменті мамандары, әскери бөлім сарбаздары, балық шаруашылығы субъектілері қызметкерлері, еріктілер қатысады. Су салқын болғандықтан, арнайы киіммен құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тартылатын болады. Атқарылған жұмыстар бойынша толықтай ақпарат қосымша хабарланады. Сонымен қатар, балық шабақтарының көп мөлшерде қырылып жатқаны туралы жалған ақпарат таратпауды және тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз» делінген инспекцияның бізге берген жауабында.