ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, ұшақтың экипажы борттағы техникалық ақаулар туралы хабарлап, апаттық сигнал берген. Осыдан кейін көп ұзамай ұшақ биіктіктен айырылып, Ақтау әуежайының маңында құлады. Бортта 67 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
Оқиға орнына жеке құрамның 52 адамы мен 11 техникасы жұмылдырылған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жедел жеткен. Құтқарушылар апаттан кейін туындаған өртті сөндіруге және тірі қалғандарды іздеуге кірісті. Алдын ала мәлімет бойынша, тірі қалғандар бар, бірақ зардап шеккендер мен қаза тапқандардың нақты саны анықталуда.
БАҚ мәліметінше, ұшақта Әзірбайжанның 37, Ресейдің 16, Қазақстанның 6, Қырғызстанның 3 азаматы болған. Соңғы мәліметтер бойынша, 25 адам аман қалды.