Қазақстандық ғалымдар мен Кореяның Өнеркәсіптік технологиялар институты (КІТЕСН) бірлесіп, сирек және өте сирек кездесетін жер металдарын тереңдете қайта өңдеу технологияларын әзірлеуге келісті. Бұл орталықты құру туралы меморандумға осы жылдың қыркүйек айында қол қойылған болатын. Бүгін Сәтбаев университеті Металлургия және байыту институтының ғалымдары мен КІТЕСН басшылары кездесті.
Сирек және өте сирек кездесетін жер металдары саласындағы технологиялық ынтымақтастық қарым-қатынас орталығы Қазақстанда пайдалы қазбаларды тереңдете қайта өңдеу бойынша инновациялық шешімдерді әзірлеудің негізгі алаңына айналады.
Бұл сирек кездесетін жер металдарын өнеркәсіптік негізде өңдеуге мүмкіндік береді. Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен өндірістің өзара байланысын нығайту жөніндегі тапсырмасын іске асырудың маңызды кезеңі болып табылады.