Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Жасанды интеллект 1914 жылы туған сиырдың қандай болатынын көрсетті

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек Жоғары аудиторлық палатаның ауыл шаруашылығындағы субсидиялау жүйесіне жүргізген аудит қорытындысын талқылау барысында ақылға сыймайтын фактілерді жария етті,- деп хабарлайды newsroom.kz

Жасанды интеллект 1914 жылы туған сиырдың қандай болатынын көрсетті
Newsroom.kz AI (Ераман Талапқанұлы)

Бақытжан Базарбектің сөзіне қарағанда, 1299 айлық ірі қара малға субсидия төленгені анықталған. Бұл дерек оңтүстік өңірлердің бірінде тіркелген.

– Бұл 108 жыл деген сөз. Субсидия бөлінген малдың туу күні 1914 жылдың 6 наурызы деп көрсетілген. Басқаша айтсақ, әкімдіктер Амангелді Иманов көтерілісі басталмай тұрып, Бірінші дүниежүзілік соғыстың басында туған сиырға субсидия төлеп отыр. Бұл барып тұрған маразм! – деп ашынды депутат.

Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығында мал санының қағаз жүзінде ғана артып отырғаны алаңдатады. 5,2 миллион мал тек құжат жүзінде көрсетіліп, шын мәнінде жоқ болып шыққан. Бұл әдіс субсидия алу үшін мал санын қолдан көбейткен алаяқтық әрекеттерді әшкерелейді.

– Алматы облысында субсидия көлемі рекордтық деңгейде бөлінгенімен, көршілес Түркістан облысында мал саны одан бірнеше есе көп болғанымен, субсидия көлемі аз. Бұл ақылға сыймайтын жағдай. Тек өңірлік әділетсіздік емес, бұл – жемқорлықтың айқын көрінісі, – деді Бақытжан Базарбек.

Аудит нәтижесінде, субсидия бөлудің келесі алаяқтық схемалары анықталды:

Жойылған кәсіпорындар:

  • 148 өтінімге бөлінген 254 миллион теңге – қызметін тоқтатқан компанияларға берілген.
  • 968 субъект субсидия алған сәтте өз қызметін тоқтатқан.

Кәсіпке қатысы жоқ адамдар:
Субсидия ауыл шаруашылығы саласына мүлдем қатысы жоқ тұлғаларға бөлінген.

– Стоматологтар мен өрт сөндірушілерге мал шаруашылығы субсидиясын берген. Бұл не деген масқара?! – деді депутат.

Ірі кәсіпорындарға басымдық, қарапайым шаруаларға қолжетімсіздік

Депутаттың мәлімдеуінше, субсидиялардың негізгі алушылары – елдегі ірі кәсіпорындар. Тіпті бұл компаниялардың иелері Forbes тізіміне енген миллионерлер екені анықталған.

– Қарапайым шаруалар мен жеке қожалықтар субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Ал кейбір ірі кәсіпорындардың құрылтайшылары бұған дейін бюджетті жымқыру ісі бойынша сотталғандар. Бұл монополияны тоқтату керек. Мемлекет субсидияларды қарапайым шаруаларға қолжетімді етудің тетіктерін қарастыруы тиіс, – деді Бақытжан Базарбек.

Аудит қорытындысына сәйкес, жалпы 4,8 миллиард теңгенің субсидиясы заңсыз бөлінген. Алайда мемлекетке қайтарылғаны – тек 110 миллион теңге немесе 5%-ға да жетпейді.

– Сотқа 322 заңбұзушылық фактісі жіберілуі тиіс еді. Бірақ Жоғары аудиторлық палата тек 4 істі ғана құқық қорғау органдарына жолдаған. Қалған 318 істі қайда қалдырдық? Бұл немқұрайдылық емес пе? – деп сұрақ қойды депутат.

Осыған байланысты newsroom тілшілері жасанды интеллекттен 1914 жылы туған сиырдың қандай болатынын сұрады. Дегенмен Жасанды интеллекттің өзі мұндай сиырдың өмірде болуы мүмкін еместігін көрсете отырып, таза фантастика деген баға берді. "1918 жылы туып, әлі күнге дейін өмір сүріп жатқан сиыр, әрине, фантастика! Бірақ елестетсек, ол ерекше, «тарих куәгері» ретінде көрінер еді" - деп жауап берді. Сонда да суретін салдырттық