Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сейсенбі күні сағат 15:30 шамасында Азат ауылында жерлеу рәсімі өтіп жатқан кезде қоғамдық тәртіп пен айналадағы адамдардың, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін оқиға орын алған. Прокурордың заңдылықты сақтау туралы ескертпесіне қарамастан, азамат Н. өзін өте агрессивті ұстап, айналасындағыларға қоқан-лоқы көрсетіп, өзіне-өзі қол жұмсайтынын айтып қорқытқан. Сондай-ақ, ол полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған.
«Оның әрекеттері ақылға қонымсыз болды және өзі мен өзгелерге қауіп төндірді. Азамат Н.-ның хал-жағдайына алаңдаушылық білдірген туыстары мен адвокаттарының өтініші бойынша, оның және айналасындағылардың өміріне нұқсан келмеуі үшін полиция қызметкерлері оны ұстауға мәжбүр болды», – делінген департаменттің хабарламасында.
Полицияның дерегінше, «азамат Н. ең төменгі қажет күш қолдану арқылы ұсталды».
«Қазіргі уақытта ол полиция бөліміне жеткізілді, онымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Полиция жағдайды тұрақтандыруға күш салуда және халықты тыныштық сақтауға шақырады. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге үндейміз және жалған мәлімет тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.