Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
25 қараша, 2024 / Перизат Ілес / Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады

Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады,-деп хабарлайды newsroom.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады
Фото: Ақорда

Ержан Сәденов еліміздегі криминогендік жағдай туралы ақпарат берді. Ақорда мәліметінше, жыл басынан бері қылмыстың төмендеуі байқалады. Қылмыстық құқықбұзушылық – 5,5 мыңға, қылмыс 10 мыңға азайған. Қоғамдық орындарда және кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған құқықбұзушылықтар саны төмендеген. Қылмысты ашу көрсеткіштері жақсарған.

Сондай-ақ, Ержан Сәденов елімізде «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру, құқықбұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» және оның алдын алу шаралары туралы хабарлады.Жыл басынан бері әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кесу 40 пайызға артқан, соның ішінде ұсақ бұзақылықтың алдын алу 30 пайызға, көлік қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермеу 48 пайызға көбейген. Көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілер 32 пайызға артқан, олардың қатарында мас күйде рөлге отырғаны үшін жауапқа тартылған азаматтар бар.  Іздеуде жүрген 1,6 мыңнан астам қылмыскер ұсталған, олардың 158-і шетелде тұтқындалған.

Сонымен қатар, Ержан  Сәденов ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық атқару жүйесін жетілдіру және кадр үдерістерін цифрландыру жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысымен таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.