Жаңалықтар

Үкімет шарасыз: үй бағасы қымбаттаса, халық не істейді?

Тұрғын үй бағасының өсуі ірі қалаларда 10-15% деңгейінде, ал жалпы Қазақстан бойынша инфляцияға сәйкес 7-8% шамасында болуы мүмкін,-деп хабарлайды newsroom.kz  КТК телеарнасы таратқан мәліметтерге сүйене отырып.

Қазақстанда тұрғын үй бағасының айтарлықтай өсуі күтілуде. Бұл өзгеріс жаңа пәтерлерді сату кезінде қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жеңілдіктің жойылуымен байланысты. Қазіргі уақытта ҚҚС мөлшері 12% құрайды, және тұрғын үйді сатушылар мен жалға берушілер бұл салықтан босатылған. Алайда, жаңа Салық кодексінің жобасы бұл жеңілдікті алып тастауды көздейді.

ҚҚС бойынша жеңілдік 2001 жылы енгізілген болатын, оның мақсаты тұрғын үй бағасын тұрақтандыру еді. Дегенмен, Экономика министрлігінің мәліметінше, бұл шара тиімді болмады, себебі жаңа және ескі тұрғын үйлердің бағасы жыл сайын өсіп отырды. Министрлік өкілдері жеңілдіктің жойылуы бағаға айтарлықтай әсер етпейді деп санайды.

Салық кодексінің жобасы Мәжілісте қаралуда, оны 2025 жылдың шілдесінде қабылдап, 2026 жылдың қаңтарында күшіне енгізу жоспарлануда. Құрылысшылар одағының өкілдері құрылыс компанияларының пайдасы орта есеппен 10-20% құрайтынын атап өтті. Егер компаниялар ҚҚС төлеуге міндеттелсе, олар шығынға ұшырағысы келмей, бағаны көтеруге мәжбүр болады.

Риэлторлар да бұл пікірмен келіседі: жаңа тұрғын үйдің қымбаттауы ескі пәтерлердің бағасына да әсер етеді. Себебі, екінші нарықтағы сатушылар жалпы нарықтық жағдайға қарап, өз бағаларын реттейді. Құрылысшылар ҚҚС-ты тұрғын үйдің бағасына қосады, бұл соңғы тұтынушыға, яғни сатып алушыға әсер етеді.

Мамандар ипотекалық бағдарламалар бойынша банктерден мақұлдау алу қиындайтынын, бастапқы жарналар мен пайыздық мөлшерлемелердің өсуі мүмкін екенін болжайды. Тұрғын үй бағасының өсуі ірі қалаларда 10-15% деңгейінде, ал жалпы Қазақстан бойынша инфляцияға сәйкес 7-8% шамасында болуы мүмкін.

ҚҚС-тан бөлек, құрылыс материалдарының бағасы, жұмысшылардың қызметтері, жүк тасымалы және жер құны да тұрғын үйдің бағасына әсер етеді. Сарапшылар алдымен жерді қайта сатумен айналысатын делдалдар мәселесін шешіп, импортты алмастыруды дамыту арқылы ғана тұрғын үй бағасының өсуін тоқтатуға болады деп санайды.