Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
20 қараша, 2024 / Арайна Арайқызы / Қаржы

Табыс декларациясы: Мемқызметкерлер мен кәсіпкерлер босатыла ма?

Қаржы министрлігі жауап берді

Табыс декларациясы: Мемқызметкерлер мен кәсіпкерлер босатыла ма?
nur.kz

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші кезеңі жойылуда. 2025 жылы сегіз миллион қазақстандық 250.00 нысаны бойынша бастапқы декларацияны тапсырудан босатылады. Дегенмен, өзгеріске тек олар ілікпейді. Мемлекеттік қызметкерлер, кәсіп иелері мен жеке кәсіпкерлер енді 270.00 нысаны бойынша жыл сайынғы табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруды жалғастыра ма? Бұл сауалға Қаржы министрлігі журналистермен кездесуде жауап берді,-деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.

Осыған дейін декларациялаудың үш кезеңінен өткендердің барлығы жыл сайын 270.00 нысаны бойынша декларация тапсыруға міндетті емес, деп атап өтті департамент. Қаржы министрлігі заңнамаға түзетулер енгізіп, алдағы уақытта депутаттардың қарауына жолдайды.

Қаржы министрлігі 270.00 нысаны бойынша декларацияны жыл сайын тек келесі адамдардың тапсыруын ұсынады: 

1. Мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары;
2. Банктердің ірі меншік иелері, бағалы қағаздар нарығына қатысушылар, сақтандыру ұйымдары мен олардың жұбайлары;
3. Коммерциялық ұйымдардың директорлары мен құрылтайшылары (акционерлік қоғамдағы қатысу үлесі 25% және одан да көп болған азаматтар) және олардың жұбайлары;
4. Жеке практикамен айналысатын тұлғалар (жеке сот орындаушылары, медиаторлар, адвокаттар);
5. Шетелде мүлкі бар тұлғалар;
6. Шетел банктерінде 1000 АЕК-тен астам ақшасы бар тұлғалар (3,7 млн. теңге);
7. Қазақстанда және шетелде жалпы құны 20 000 АЕК-тен асатын ірі мүлікке ие болған тұлғалар (74 млн. теңге).

Еске сала кетейік, 19 қараша күні Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов 8 миллион қазақстандық іліккен жалпыға бірдей декларацияның төртінші кезеңін жою идеясын қолдаған болатын. Бұл ұсынысты алғаш рет 15 қарашада өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын.