Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды newsroom.kz
Оған Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбаев, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары мен депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті. Аймақ басшысы жиналған қауымды Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен соңғы жылдары елімізде аса маңызды саяси реформалар жүзеге асып, жемісін беруде. Бүгінгі күні Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облысымыздың бюджеті 744 млрд теңгеден асты. Осыдан екі жыл бұрын 364 млрд теңге болатын. Өсім 204,4 пайызды құрады. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуда. Биыл 43 млрд теңгеден астам қаржыға 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары жөнделуде. Соңғы үш жылда 1271 шақырым жол қайта жөндеуден және жаңғыртудан өтті. Осылайша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асады. Электр энергиясымен қамту бағытында 2022 жылдан бері 20 млрд теңгеге 60 жоба жүзеге асып, биылдың өзінде 11 млрд теңгеге 38 жоба қолға алынған. Бұл электр желілерінің тозу деңгейін 62 пайызға төмендетеді. Ал, халықты табиғи газбен қамту деңгейі 75 пайыз. Өңірдегі барлық қала мен аудан орталықтары, 29 ауылдық елді мекен табиғи газға қосылған.Биыл газдандыру жобаларына 30 млрд. 500 млн. теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржыға 306 шақырым газ желілері салынды. Бұл 20 мыңнан астам халқы бар 17 елді мекенді газға қосуға мүмкіндік береді.Қазіргі таңда елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 2022 жылдан бері облыс аумағында 16 млрд 800 млн теңгенің 55 жобасы жүзеге асты. Халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі жыл аяғына дейін 98,6 пайызға жетеді. «Әділетті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Президентіміздің алға қойған міндеттерін бірлесіп іске асыра берейік!Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Мереке құтты болсын!», – деді Н.Нәлібаев.
Жиын соңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, ел мүддесі жолында атқарған еңбегі үшін қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары Парламент Сенаты төрағасының Алғыс хатымен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» төсбелгісімен марапатталды.