ІХ қысқы Азия ойындары 2025 жылғы 7-14 ақпан аралығында Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтеді. Осы жолы жарыстарды Харбин және оның шығысында 200 шақырымда орналасқан Ябули қаласы да қабылдамақ. Атап айтқанда, Харбинде коньки спорты түрлері, шайбалы хоккей мен кёрлинг жарыстары, ал Ябулиде шаңғы спорты, биатлон, шаңғы альпинизмі жоспарланған, деп Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап Newsroom.kz хабарлайды.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев ОКҚ алаңында аталған аламанға қатысты мәлімет берді.
Кешенді жарысқа құрлықтағы 32 елден 1147 спортшы қатысады. Олар спорттың 6 түрінен (11 дисциплина - биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, ски-альпинизм) 196 медаль жиынтығының иесін анықтайды, – деді ведомство өкілі.
Еліміздің ұлттық құрамасы спорттың 6 түрінен 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) алып барады. Олар 50 медаль жиынтығына таласады. Биатлоннан - 10 спортшы, кёрлингтен – 12 спортшы, конькимен жүгіру спорты – 20 спортшы, мәнерлеп сырғанау – 4 спортшы, шорт-трек – 12 спортшы, шаңғы жарысы – 12 спортшы, шайбалы хоккей (ерлер) – 23 спортшы, шайбалы хоккей (әйелдер) – 23 спортшы, тау шаңғы спорты – 8 спортшы, фристайл-акробатика – 7 спортшы, шаңғы жарысы – 8 спортшы.
Жоғары нәтижеге қол жеткізетін әлеуетке ие спортшылар қатарында Әсет Дүйсенов, Александр Мухин, Вадим Куралес, Олжас Климин, Константин Борцов, Никита Гридин, Ксения Шалыгина, Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Яна Хан бар.