Шайн-Мускат туралы не білеміз?
Шайн Мускат (Shine Muscat) – Азия елдерінде кеңінен танымал және Қазақстанда да өзінің тұтынушысын тапқан премиум класты дастархандық жүзім сорты. Өзіндік ерекше дәмдік қасиеттерінің, әдемі сыртқы келбетінің және сәтті маркетингтік стратегиясының арқасында бұл жүзім сорты басқа өнімдер арасында ерекшеленіп, экзотикалық жеміс мәртебесіне ие болды. Осы мақалада Шайн Мускаттың шығу тарихы, Қазақстандағы танымалдығының себептері, маркетингтік насихатының ерекшеліктері және бұл жүзімге деген сұраныс пен баға көрсеткіштерін салыстырып, талдаймыз.
Шайн Мускат 1988 жылы Жапонияда шығарылған, ал бірнеше сатылы селекциядан кейін ол 2006 жылы ресми түрде тіркелді. Бұл сортты жапон ғалымдары ең талғампаз тұтынушылардың да сұранысын қанағаттандыра алатын премиум өнім жасау мақсатында шығарды. Шайн Мускаттың «ата-аналары» ретінде Акицу №21 және Хакунан гибридтері қолданылды, олар үлкен әрі тәтті мускатты дәмі бар жидектермен ерекшеленді. Осы қасиеттер Шайн Мускаттың Жапонияда және басқа елдерде танымал болуына негіз болды.
Алғашында Шайн Мускат жапон нарығына ғана қолжетімді болды және деликатес ретінде бағаланды. Уақыт өте келе, оны Оңтүстік Корея мен Қытай сияқты Азия елдерінде де өсіре бастады. Жидектің бірегей қасиеттері: үлкен, тәтті мускатты иісі бар және қытырлақ құрылымды жүзім жемісі оны тез арада танымал етті.
Қазақстандықтар үшін Шайн Мускаттың танымалдығы бірнеше факторларға байланысты артып келеді. Ең алдымен, премиум өнімдерге деген қызығушылық жоғарылап, тұрғындар ерекше өнімдерді таңдай бастады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде оның танымал болуы маркетингтік науқанның сәттілігін көрсетеді. Instagram және TikTok арқылы танымалдылыққа ие болып, түрлі шолулар мен бейнероликтер Шайн Мускаттың жоғары бағаланған жеміс түріне айналдырды.
Шайн Мускаттың ерекше дәмдік қасиеттері мен тартымдылығы болғанымен, кейбір қауіптер де анықталды. Тайланд Пестицидтерге Қауіпсіздік Жүйесі (Thai-PAN) зерттеуі Қытайдан әкелінген жүзім үлгілерінде зиянды химиялық қалдықтардың рұқсат етілген мөлшерден асып кеткенін көрсетті. Астана телеарнасы таратқан мәіметтерде Thai-PAN үйлестірушісі Прокчон Ушаптың айтуынша, 24 үлгінің 23-інде пестицид қалдықтары шектен асып кеткен. Кейбір үлгілерден хлорпирифос сияқты Тайландта тыйым салынған заттар анықталды.
Қытайдан әкелінген жүзімнің құрамында 14 түрлі зиянды химиялық зат пен 50 түрлі пестицид табылды. Олардың ішінде триасульфурон, цифлуметофен, тетраконазол және флудиоксонил сияқты 22 пестицид анықталған, олар Тайланд заңымен реттелмеген, бірақ адам денсаулығына қауіпті болуы мүмкін. Бұл химиялық заттардың жүзімнің өз тіндеріне сіңіп, толық жойылмайтыны белгілі болды, сондықтан оны тұтыну денсаулыққа зиянды әсер етуі мүмкін.
Зиянды заттар табылғаннан кейін Тайланд Тұтынушылар Кеңесі (TCC) Денсаулық сақтау министрлігінен тиісті шаралар қабылдауды талап етті. Тайландтың Азық-түлік және дәрілік заттар басқармасы (FDA) импорттық жүзімдерге бақылау жүргізуді күшейтіп, осы жылы 72 миллион баттық құнымен 264 тонна жүзім үлгісін тексерді. Тексерілген жүзімдер арасында тек төрт үлгіден ғана қауіпсіздік стандарттарынан асу байқалып, осыған байланысты тиісті импорттаушыларға қатысты заңды шаралар қолданылды. Сонымен қатар, Қытайдан теміржол арқылы әкелінген жүзімдердің барлығы қауіпсіз болып шықты.
Қазақстанда Шайн Мускат бағасы тасымалдау мен импорттық алымдарға байланысты 3000-6000 теңге аралығында ауытқып тұрады. Кейбір сауда орындарында бұл жүзімнің бағасы тіпті 10 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Шайн Мускат өзінің ерекше дәмдік сапасы мен экзотикалық қасиеті арқасында премиум өнім ретінде кең танымалдылыққа ие. Қытайдан әкелінетін жүзім үлгілеріндегі зиянды химиялық заттар туралы ақпаратқа қарамастан, бұл жүзімге деген қызығушылық арта түсуде. Дегенмен, бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі барын ұмытпаған жөн болар.