Жаңа заманның жаңалықтар порталы | Newsroom.kz RU search
3 қараша, 2024 / Перизат Ілес / Медицина

“Жыл сайын 2000-ға жуық медицина қызметкері біліктіліктерін арттырады”

Мемлекеттік қызмет жүйесін дамытудың негізгі қағидаттарының бірі үздіксіз оқыту

“Жыл сайын 2000-ға жуық медицина қызметкері біліктіліктерін арттырады”
Фото: newsroom.kz

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 17 шілдедегі № 602 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың серпіні, сондай-ақ елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірін жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түбегейлі қайта құрулардың ауқымы мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту қажеттілігін негіздейтіндігі туралы баяндалған,- деп хабарлайды newsroom.kz

Мемлекеттік қызмет жүйесін дамытудың негізгі қағидаттарының бірі үздіксіз оқыту: мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі мен жұмыс тиімділігін арттыру үшін оларды кәсіби дамыту болып табылады.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган мемлекеттік қызметтің бір бөлшегі ретінде кадрларын үздіксіз оқыту қағидатын табысты жүзеге асырып келеді. Мемлекеттік мекеме қабырғасында «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында даярлаудан өткен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған қызметшілер жемісті еңбек етуде. Бұған қоса, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласы қызметшілерінің кәсіби дамуы мен құзыреттерінің жетілдірілуі олардың біліктілігін арттыру семинарлары және қайта даярлау курстары арқылы іске асырылады. Осы бағытта еліміздің жоғары оқу орындарының ішіндегі шоқтығы биік Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының және оның өңірлік филиалдарының орны ерекше. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру семинарларының әралуан тақырыптары олардың тиімді жұмыс жасауына қажетті білімі мен дағдыларын кеңейтуге септігін тигізуде.

Бұдан басқа, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мамандарды бейіні бойынша оқыту да мемлекеттік орган алдындағы басым мақсаттардың бірі саналады. Жыл сайын 2000-ға жуық медицина қызметкері, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бейіні бойынша біліктіліктерін арттырып отырады. Осы бағытта халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Америка құрама штатының Ауруларды бақылау және олардың алдын алу орталығының (СDС) рөлі зор. Биылғы жылы орталық аппарат пен аумақтық бөлімшелердің эпидемиологтары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 3 айлық және 9 айлық қолданбалы эпидемиология бағдарламасы бойынша білімдерін шыңдады.

Қазіргі кезеңде денсаулық сақтау жүйесінің алдында тұрған міндеттердің бірі – жатыр обырының алдын алу мақсатында 11 жастағы қыз балаларды адам папилломасы вирусына қарсы егу. Осыған орай, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар аясында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары вебинарларға, халықаралық, көшпелі конференцияларға, тренингтерге қатысып, біліктілігін арттыруда.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта еліміздің биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заңды іске асыру шеңберінде мамандарды даярлау және үздіксіз дамыту, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша (FETP, Frontline) даярлау және үздіксіз дамыту жүйесі қайта қаралды.

Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс жасайтын қызметкерлерге арналған біліктілігін арттыру және сертификаттау курстарынан өтудің үлгілік бағдарламасы әзірленді.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын үздіксіз оқыту олардың біліктілігі мен жұмыс тиімділігін арттыруға септігін тигізіп қана қоймай, мансаптық өсуі жолындағы алғышарттардың бірі болып табылады.

Нұрмағамбетова Санат  
Аманжолқызы ҚР ДСМ  
Санитариялық-эпидемиологиялық  
бақылау комитетінің қызметкері