Шетелден маман шақыру дұрыс па?
"Әр өңірдің табысы өзінде қалуы тиіс".
Алматы қаласындағы табысты бизнес иелерінің бірі Мұрат Қожабай бұл сұрағымызға жан-жақты жауап берді.
– Қазір нақты қандай мамандық иелері жетіспейді? Оларды дайындайтын оқу орындарына қандай талап қояр едіңіз?
– Алдымен, бізге денсаулық сақтау мамандары қажет. Жер жүзін жайлаған пандемия мұның барлығын көзге көрсетіп, қолға ұстатқандай болды ғой. Иә, дәстүрлі медицина қызметкерлері жетіп жатыр. Ал, арнайы сауықтыру және фитнес-жаттықтырушылар жетіспейді. Оларды іздегенде таба алмаймыз. Міне, соларды оқытатын орталықтарды көбірек ашқан дұрыс. Білікті кадрды шетелден шақырғанша, жергілікті жастарды сырттан оқытып алуға болмай ма?
Сонымен бірге, бизнес-жаттықтырушылар да өте қажет. Елге белгілі санаулы маман барлық азаматтарды қамтып үлгермейді. Оларға да бай тәжірибемен бөлісіп, тұрғындардың кәсіпкерлік дағдысын қалыптастыруы үшін арнайы орталықтар ашу керек.
Бұдан бөлек, құрылысшы секілді қарапайым жұмысшы мамандығын игерген азаматтар да өте аз. Ал, оларға бүгінде сұраныс жоғары. Олай болса, осы олқылықтың орнын толтыру қажет.
– Соңғы сауал, елдің табысын ең алдымен қайда жұмсаған тиімді?
– Сіз халықтан түсетін салықты айтып отырсыз ғой. Дұрысында, әр өңірдің табысы өзінде қалуы тиіс. Меніңше, қаражаттың көп бөлігі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және басқа да осындай әлеуметтік маңызды салаға құйылғаны дұрыс. Емханалар мен спорттық-сауықтыру нысандарын қазірден көбірек аша берсек, ертең жемісін көреміз. Содан соң, жай ғана мектеп емес, спорттық бағытқа икемделген білім ұяларын ашсақ, тамаша болар еді.
– Уақытыңыздың тығыздығына қарамастан, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!