Қаржы

Қаржылық секторды қалай дамытамыз?

Соңғы кезде халық тарапынан тұтынушылық несие алу үрдісі белең алып кетті.

Қазір қарап отырсақ, халықтың ақшасын бағып, қалтасын қаққан алаяқтар көбейіп кетті. Неге? Оның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәріне қаржылық сауатсыздық кінәлі. Өйткені, сол ақшаны алаяқтардың алдына апарып беретін өзге емес, өзіміз емес пе?!

«Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Мәселен, Алматы полициясының басшысы Арыстанғани Заппаров қалалық қоғамдық кеңесте жыл басынан бері шаһарда 6 мыңнан астам алаяқтық тіркелгенін хабарлады.

Алаяқтардың бірнеше эпизодты және бірнеше рет жасаған әрекеттерінен азаматтарға 12 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген.

«Сонымен қатар, қабылданған шаралар интернет-алаяқтықты 14,5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Зияткерлік меншік құқықтарын бұзумен байланысты қылмыстардың алдын алу мен күресті күшейтуге бағытталған жұмыстар атқарылды. Жедел жағдайды тұрақтандыру мақсатында полицейлер негізгі критерийлер бойынша халықпен жұмыс жүргізуде – бұл, ең алдымен, халықтың құқықтық сауаттылығы, БАҚ деңгейінде қолжетімді және түсінікті ақпараттық жұмыс, көшелерде, қоғамдық орындарда, алаяқтықтың түрлері мен әдістері туралы жарнамалық буклеттер. Сондай-ақ, алаяқтықтың жаңа түрлері, олардың жасалу жолдары және алдын алу шараларының дер кезінде қабылдануы қадағалануда» деді Арыстанғани Заппаров.

Спикердің айтуынша, қаладағы сауда орталықтары мен супермаркеттерде интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша плакаттар ілініп, қаланың орталық көшелеріндегі электронды билбордтарда интернет-алаяқтықтың әдістері мен түрлері туралы ескертпе бейнероликтер көрсетілуде.

Әрине, жұрттың бәрі экономист бола алмайды. Десек те, ақшаны басқарудың қарапайым қадамдарын білген кім-кімге де артық етпесі анық. Ендеше, қаржылық сауатты қалай арттыруға болады? Алаяқтарға алданбау үшін не істеу керек? Бүгінде банктен несие алмай өмір сүруге бола ма? Міне, бұл жолғы журналистік зерделеуде біз осы сауалдарға жауап іздедік...

Алдымен, жұрттың жағасын ұстатар статистикалық көрсеткішті келтіре кетсек, биыл қазақстандықтардың қарызы 21 триллион теңгеден асып тынған! Оның жартысын тұтынушылық мақсатта алынған несиелер құрап отыр. Сонымен бірге, алған ақшасын банкке бере алмай жүрген жандар қатары да өскен. Бұл сома бүгінде 738 миллиард теңгеге жетіп жығылған. Мұндай жағдайға біз қалай жеттік? Бұл сұрақты біз Бірінші кредиттік бюроның бас директоры Руслан Омаровқа қойдық.

– Жасыратын несі бар, соңғы кезде халық тарапынан тұтынушылық несие алу үрдісі белең алып кетті. Оның салмақты себептері де жоқ емес. Мәселен, жыл сайын жоғары оқу орындарына бөлінетін білім гранты азайып келеді. Сәйкесінше, ата-ана баласын оқыту үшін банкке барып кредит алады. Сонымен қатар, ипотекалық несиелер көрсеткіші де өсіп отыр. Азаматтар тұрғын үй алуға кредит алады, кейін одан құтылу үшін тағы қарызданады. Үшіншіден, автонесиенің үлесі де артпаса, азайып жатқан жоқ. Өйтпегенде ше? Такси қызметінің құны күн санап шарықтап барады емес пе? - дейді ол.

Иә, бүгінде кредитін кредитпен жауып жүрген жандарға «әй» дейтін үкімет, «қой» дейтін банк жоқ. Егер осылай жалғаса берсе, ертең күнделікті нан-суымызды да кредитке алып жүрмесімізге кім кепіл?! Қалай болғанда да, кеш болмай тұрғанда халықтың қаржылық сауатын арттыруды мемлекет болып қолға алу қажет-ақ.