Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
3 қазан, 2024 / Аман ШАМАР / Экология

«Жасыл экономиканың» болашағы – өз қолымызда

"Егер жергілікті жеміс бағынан жас тал тапсаңыз, тіпті тамаша".

«Жасыл экономиканың» болашағы – өз қолымызда
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Жасыл желек жайқалтпас бұрын оның жарамдылығына назар аудару керек, бұл – бір. Ал, екіншіден, отырғызылған ағашты аракідік суарып, соңына дейін күтіп-баптау керек, бұл – бөлек әңгіме. Соңғысы, жеміс теректерін еккен анағұрлым тиімді екенін көбісі елеп-ескере бермейді...

Жалпы, агрономдардың сөзіне сүйенген болып, маман тапшылығын «сыныққа сылтау» қыла қоямыз ғой. Алайда, істі сөзбен атқаруға болмайды. Бүгінде бәріміздің қолымызда бір-бір телефоннан бар. Соны алып, ғаламтор желісіне кіре қойсаңыз, ойлағаныңыз іздемей-ақ табылады. Оның ішінде білікті мамандардың да, қарапайым адамдардың да пікірлері толып тұр. Тек соларды жүзеге асырсаңыз жетіп жатыр.

Ал, біз бұл ретте, жоқтан бар жасап есімі шартарапты шарлаған егінші австриялық неміс Зепп Хольцердің тәжірибесіне тоқталғанды жөн көрдік. Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, ол қазір өз елінде теңіз денгейінен 1500 метр биіктікте суптропикалық дақылдарды өсіріп жатыр. Ғажап демей немене?! Өндіріп жатқан өнімдері адам сүйсінтеді. Ол ойпаттау жерлерді траншея ретінде қазған. Сөйтіп, сол шұңқырларға кесілген теректер мен ескі ағаш бөліктерін және картон сияқты қолданыстан шыққан заттарды топырақпен көмген. Үйіндінің үстіне жеміс ағаштарын отырғызып, оларды тамшылатып суарған. 

Сонда не болды дейсіз ғой? Көмілген заттың бәрі де пайдалы қалдық есебінде топырақты құнарландыра түскен. Ал, салқын түскен кезде органикалық заттар ыдырап, биологиялық үрдіс жүрген. Осылайша, топырақтың температурасы ретке келген. Одан әрі тіптен қызық қимылдар жүзеге асқан. Мәселен, жерге көмілген қалдықтар артық суды бойларына сіңіріп, ылғалдың мол қорын қалыптастырған. Қуаңшылық кезінде жеміс ағаштары сол қордан қоректенген екен.

Сөйтіп, қалдықтар әбден шіріп, дап-дайын құнарлы органикалық тыңайтқышқа айналған. Ал, егер ағаштың астына темір бөлшектерін көмсек, не болады? Онда, оның үстінде өсіп-өнген жемістің құрамы адам ағзасына қажетті дәрумендерге бай болады. Айтпақшы, аз алқаптан мол өнім жинауға мүмкіндік беретін де тәсіл бар. Ол «метлайдер» деген атаумен жұртшылыққа жақсы таныс.

Біз мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Яғни, Алматыда егіншілікпен айналысуға да мүмкіндік мол. Тек тұрғындар осы сөзге мол мән беріп, зор сенім артса ғой... Бұл біз тапқан ақыл емес, мамандар жасаған мәлімдеме. Демек, «жасыл экономиканы» жүзеге асыру әр тұрғынның өз қолында деген сөз.

Сонымен, әлгі көшеттерімізге кері оралсақ. Оларды қайдан табуға болады және қандай түрін таңдаған дұрыс? Біз бұл сауалды ауылшаруашылық саласына көп жыл жетекшілік жасаған білікті маман Нұрым Маратұлына қойдық.

– Егер жергілікті жеміс бағынан жас тал тапсаңыз, тіпті тамаша, - дейді ол. – Болмаса, жоғары орналасқан климаты суық солтүстік аймақтардан алған абзал. Сондықтан бізге Белоруссия, Польша, Италия елдерінен көшет әкелген дұрыс. Әрі, бұлар түрлі вирустық жұқпалы ауруларға да төзімді келеді. Сондықтан олардың сертификаттары мен құжаттарының болуын қатаң қадағалау қажет. Сонда алған ағашыңыз да соғұрлым өнікті өседі.

Бұлардың тағы бір қасиеті, тамырының тереңше жайылмауы. Бізге керегі де сол емес пе? Себебі, біздің жердің асты ащу суға толы. Ал, «арзан ғой» деген желеумен оңтүстіктен жеткізіліп жатқан жабайы алма ағаштары суыққа төзімсіз келеді. Алайда, бір өсімдік жақсы өседі. Бұл – жүзім көшеті. Оны қысқы мезгілде жылы жабындымен жауып қойған жөн.