Әлемде кәмелеттік жасқа толмаған балалар әлеуметтік және өзге де себептерге байланысты зардап шегеді. Балалардың 2024 жылғы сараптамалық зардап шегу мәселелерін Sos children’s villages арнасы мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz
Мәліметтер бойынша әлеуметтік себептерге байланысты 263 миллион бала мектепке бармайды. Бастауыш мектеп жасындағы шамамен 61 миллион бала мектепте білім алмайды. Ақпаратқа сәйкес, олардың 53%-ы қыз балалар.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, дүниежүзінде 69 миллион бала дұрыс тамақтанбаудан зардап шегеді. 2017 жылғы зерттеу бойынша, дұрыс тамақтанбаған балалардың 75%-ы нашар дамыған аймақтарда өмір сүрген . Сондай-ақ, 5 жасқа дейінгі балалардағы барлық өлім-жітімнің жартысына жуығы дұрыс тамақтанбаумен байланысты. Бұл дегеніміз жылына 3 миллионға жуық бала дұрыс тамақтанбағаннан көз жұмған.
Айта кетелік, ақпаратқа сәйкес бастауыш мектеп жасындағы 66 миллион бала дамушы елдерде және Африкада 23 миллион бала аш күйде сабаққа барады.
Сондай-ақ, әлемдік мәселелер балалардың дұрыс өмір сүруіне әсерін тигізеді. Қақтығыс болып жатқан аймақтарда 68,5 миллион адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың ішінде 25,4 миллионға жуық босқындар бар, олардың жартысынан көбі балалар.
Мәліметтерге сүйенсек, Газа мен Израильде жалғасып жатқан қақтығыстарда 2023 жылдың қазан айынан бері 31 мыңнан астам адам қаза тапты, оның шамамен 12 500-і мектеп жасындағы балалар.