Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
25 қыркүйек, 2024 / Аман ШАМАР / Жаңалықтар

«Әскерге баруға асығу керек»

Бүгінгі жастардың бойынан ішкі үрей мен қорқыныштың белгісі байқалады. Міне, соны жеңе білу керек.

«Әскерге баруға асығу керек»
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Жалпы, жастардың әскери өмірге қызығушылығын арттыру үшін болашақ Отан қорғаушыларға қойылар қатаң талап пен темірдей тәртіпті жұмсартса, қалай болады?

Өйткені, соңғы кезде сарбаздар арасындағы суицид, командирлер тарапынан орын алатын әлімжеттік пен ақша жинау деректері көбеймесе, азаятын емес. Оны естіген жастардың да, ата-аналардың да төбе шашы тік тұрары хақ. Ендеше, әскери-патриоттық құндылықтарды насихаттау үшін не істеу керек? Мүмкін әскерге барғысы келмейтіндерді көшеден ұстап алып, күштеп казармаға қамау керек шығар?

– Мәселе тек денсаулықта емес қой. Бүгінгі жастардың бойынан ішкі үрей мен қорқыныштың белгісі байқалады. Міне, соны жеңе білу керек. Мен әскердегі алғашқы күндерімді еске алатын болсам, алғашқы оқ атылғанға дейін менің де бойымда үрей болғаны рас. Бірақ бұл – уақытша нәрсе. Кейін адам әскери тәртіп пен талапқа бағынып, міндет пен мақсат айқындала түседі. Ал, көшедегі жастарды ұстап алып еркінен тыс әскерге жіберуге қарсымын. Физикада «қарсы күшке қарсы күш жауап береді» деген түсінік бар. Сондықтан ешкімді зорлап отансүйгіштікке баули алмаймыз. Одан да патриоттық сана-сезімін оятуға жұмыстанған жөн. Ендеше, «Сармат» мектебінің де мақсаты – осы. Мұнда негізінен балалар жаратылыстану-математикалық бағытта білім алатын болады. Сонымен бірге әскери дайындықтан да өтеді. Ертең осы мектептің оқушылары көшеде әскери киім киіп бара жатқанда, басқалары да қызығып, патриоттық рухы ояна түседі деген сенімдемін, - деген ойымен бөлісті ауған соғысының ардагері Ерлан Тоқпаев. 

Айтпақшы, әскери сала қызметкерлеріне деген мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдік пен қамқорлық жылдан-жылға артып келеді. Айталық, оларға жалақыдан бөлек үй жалдауға 45 мың теңгеден бастап жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ, әр отбасы мүшесіне тегін медициналық көмек көрсетіледі. Сол сияқты, әскерилердің балалары кезексіз балабақшаға орналаса алады.