2011 жылдың 15 тамызында Ақтөбе облысы Қарғалы ауданына қарасты Желтау селолық округінің тұрғындары Шәмші Қалдаяқов ауылында композитор атындағы саябақтың ашылуына арнап ұйымдастырылған мерекелік салтанатқа жиналды.
Саябақтың ашылу рәсіміне арналған шараға композитордың қарындасы Райхан Домбаева келді, Шәмшіні ұлықтаған осы өңірдің жұртына алғысын айтты. Ол бірқатар Шәмші әндерінің тарихына тоқталып, «Менің Қазақстаным» жарыққа шыққанда ағасының «көрерсің әлі, бұл елімнің ұранына айналатын ән болады» дегенін, оны 1986 жылғы желтоқсанда қазақ жастары Алматы алаңында айтқанын есіне алды.
2015 жылы Түркістан облысы Кентау қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы Мәдениет сарайының алдында Ш.Қалдаяқовқа арналған бюсті орнатылды.
2018 жылдың 14 желтоқсанында Түркістан облысы Отырар ауданында ел Тәуелсіздігі күніне орай Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне «Шәмші» саябағы ашылды.
Саябақтың ашылу салтанатында аудан әкімі Ерлан Айтаханов 27 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтап, композитор саябағы мен ескерткішінің лентасын қиды.
Аумағы атшаптырым демалыс орнына қылқан жапырақты 100 түп ағаш және жергілікті климатқа бейімделген 600 түп қара ағаш отырғызылған. Жайлы орындықтар қойылып, келушілердің демалуына жағдай жасалған. Жауын мен ыстық күннен қорған болатын заманауи бастырмалар да саябақтың ажарын ашып тұр. Көктем айларында саябақ іші композитор әнінің ноталары бейнелене отырып, гүлдермен көмкерілді.