Жаңалықтар

Жастардың тілі жаңаша сипат алды

Бүгінгі жаһандану дәуірінде жаргон мен сленг тіптен көбейді.

Қазір жастардың бір-біріне айтатын сөздеріне құлақ түрсек, жаңа буын «Z» ұрпақтары қазақ тіліне неологизм, яғни, жаңа сөздер әкеліп жатыр ма деп те қаласыз.

Бастапқыда құлаққа түрпідей тигенімен, кейін қалай санаға сіңісіп кеткенін де аңғармай жатамыз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде жаргон мен сленг тіптен көбейді. Өйткені, зымырындай зулаған қазіргі уақытта адамдар аз сөзбен көп мағына беруге бейім. Осылайша, сөздерді қысқартып қолдану әдетке айналды. Ал, бұл тілдегі сөздік қордың азаюына алып келетіні даусыз. Осы орайда, жастардың өзі не ойлайды екен? Ендеше, біз олардың да пікірін білмекке ұмтылдық. Доссор кентіндегі Б.Қанатбаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Назерке Елдана қазіргі жастар қолданып жүрген сөздердің ана тіліне ешқандай зияны жоқ екенін айтады.

– Мойындаймын, өзім әдеби нормадағы сөздерді күнделікті өмірде көп қолдана бермеймін. Бірақ, бұл менің қазақ тілін жетік білмейтінімді білдірмейді. Керісінше, мектеп қабырғасында қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын жата-жастана оқыған жандардың бірімін. Әйтсе де, жастардың психологиясы ересектерден бөлектеу болады ғой. Мәселен, кейде өзгелерден ерекшелену үшін жаргон не сленг сөздерді қолданатыным рас. Себебі, жастардың көбі жасырын сөйлескенді ұнатады. Екіншіден, әдеби сөздер кейде қабылдауға қиын, күрделі болып көрінеді. Осы кезде сленгтер көмекке келеді. Сөйтіп, оларды қиын сөздердің жеңіл баламасы ретінде пайдаланамын.

Мысал келтірсем, «вайпты құрттың ғой» дейміз. Бұл ағылшынның «vipe», яғни, «көңіл-күй» деген сөзінен пайда болған сленг. Сол секілді, «байтить ету» – ұқсау немесе келеке қылу, «рофл» – әзіл, «краш» – сұлу адам, «хайп» – танымалдылық, «хейттеу» – жамандау, өсектеу, «кринш» – ұят, «жиза» – өміршең, «сущняк» – сусын, «ауф» – керемет, «гоу» – кеттік, «құлаққа лапша ілу» – алдау, «ботан» – оқымысты, «шарить ету» – түсіну, «типаж» – өркөкірек, «капустаға қарау» – материалдық жағдайға қарау және тағы басқа мысалдар толып тұр, - дейді ол.