Әскерге бару – мерейлі міндет
Алғаш рет «Сармат» әскери мамандандырылған лицей-мектебі өз жұмысын бастауда.
Бұрын ұл балалардан «өскенде кім боласың?» деп сұрағанда «ғарышкер боламын» десе, қазір «блогер боламын» дейді екен. Сол секілді, бұрын жастар әскери қызметке қызықса, бүгінгі жағдай мүлде басқаша. Қызығушылықты былай қойғанда, қазір Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүргендер көп. Бұған не себеп – әскердегі әлімжеттік пе, әлде үйдегі теріс тәрбие ме? Біз бұл мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін сала мамандарымен тілдескен едік...
Азаматтың асыл парызы
Сонымен, кім кінәлі? Ауған соғысының ардагері Қайролла Көшқалиев Отанды қорғау отбасынан басталатынын айтады.
– Әрине, ел болған соң, оның құрлық пен судағы шекарасын күзетіп, халықтың тыныштығын қорғау қажет. Бұл – әр азаматтың асыл парызы. Оның үстіне, қазір әлемдегі геосаяси жағдай онша мәз емес екенін күнделікті бұқаралық ақпарат көздерінен біліп отырмыз. Ол аздай қазір ХХІ ғасырдың обасына айналып кеткен экстремизм мен терроризм де жаһан жұртын одан бетер алаңдатып тұр. Сондықтан қазір әрбір әскери маман физикалық жағынан да, ақыл-ой тұрғысынан да озық болуы керек. Қарулы күштеріміз мықты болса ғана уақытша қиындықтарға төтеп беруге болады, - дейді ол.
«Әке көрген оқ жонар»
Иә, спикер сөзінің жаны бар. Расымен де, «Отан отбасынан басталады» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Әсіресе, болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеуде отбасындағы әкенің ролі өте ерекше. Бұл айтпаса да түсінікті жайт. Өкінішке қарай, бүгінгі әкелер ұлдарын әскерге дайындауға асықпайды десе де болады. Тек «біз әскерде болғанбыз, ендеше, сен де барып кел» деуден әрі аспайды. Ал, баланың батыл да батыр азамат болып қалыптасуы үшін бұл жеткіліксіз. Сонда қайтпек керек?
– Қазіргі жағдайға сәл талдау жасайтын болсақ, әскерде болмаған азаматтардың балалары көп жағдайда әскерге барғысы келмей екен. Ал, керісінше әскери тәртіптің не екенін көзбен көріп, түйсігімен түйсінген әкенің тәрбиесін көрген баланың жан-дүниесі мүлде бөлек. Ол Отан алдындағы борышын өтеуге асығып-ақ тұрады. Шынымен де, кешкі сағат онда жатып, таңғы алтыда оянудың өзі қатаң тәртіптің бір көрінісі емес пе? Сондықтан әскерге дайындық тек денсаулықтың жарамдылығымен немесе физикалық күш-қуатпен шектелмейді. Жастарға бала кезден рухани-патриоттық тәрбие беру керек. Бала ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, этиканы, мәдениетті теориялық тұрғыда емес, санасына және бойына сіңіріп өсуі қажет. Қалай болғанда да, бала ата-анасынан естігенін емес, көргенін жасайды. Мәселен, кезінде әкесі әскерден қашқан баладан не талап етуге болады? Ендеше, ең алдымен отбасы тәрбиесіндегі осал тұстар мен олықылықтардың орнын толтырған жөн, - дейді Қ.Дүйсешұлы.