Кітаптан асқан құндылық жоқ
Біздің қоғамда кітап оқу мәдениеті енді ғана қалыптасып жатыр деп ойлаймын.
Біз «жастар кітап оқымайды» деп байбалам салып жүрсек, бұл пікірмен келіспейтіндер де бар болып шықты.
Солардың бірі – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылыми кітапхана басшысы Мұратбек Қонысқалиұлы. Оның айтуынша, жастарға қатысты қасаң қағидаларды өзгерту керек. Өйткені, біз біреу туралы қандай көзқараста болсақ, ол адам дәл сондай деген сөз емес. Мәселен, ата-ана баласына «сенің қолыңнан ештеңе келмейді» деп ұрса беретін болса, түбінде ол өз-өзіне сенуден қалады. Сондықтан аға буын өкілдері де жастарға сенім артып, оларды көтермелеп отыруы қажет. Бұл жерде қаржылай емес, рухани қолдау маңыздырақ. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демей ме? Ендеше, дәл осылай қоғамда кітап оқу мәдениетін де қалыптастыруға болады.
«Үлкендер жағы жас ұрпақтың кітап оқымайтынын жиі айтып жатады. Мен мұнымен келіспеймін. Себебі, өзім екі жылдан бері кітапханада қызмет етіп келемін. Мұнда күн сайын студенттер ағылып келіп жатыр. Тек дәріс материалдарын ғана емес, өздері сүйіп оқитын кітаптарын іздеп келеді. Оларды ешкім зорлап әкеліп жатқан жоқ, өз аяқтарымен келуде. Жалпы, жоғары оқу орнында 17 мен 30 жас арасындағы студенттер білім алып жатқанын ескерсек, солардың дені осы кітапханадан шықпайды деген сөз» дейді Мұратбек.
Айтпақшы, кітапхана қандай кітапқа сұраныс жоғары екенін анықтау үшін 3-6 ай сайын арнайы рейтинг жариялап тұрады екен. Оның нәтижесі оқырмандардың көркем әдебиетке көбірек қызығатынын көрсетіп отыр. Ең бір қуантатыны, соңғы кезде қазақ тіліндегі еңбектерге сұраныс анағұрлым артқан екен.
– Біздің қоғамда кітап оқу мәдениеті енді ғана қалыптасып жатыр деп ойлаймын. Сондықтан бәріне де түсіністікпен қараған жөн. Кітаптың дәуірі өтіп барады деп дабыл қаға бермей, оның адамның ойлау жүйесі мен сөздік қорына тигізер пайдасын пайымдап, көбірек насихаттай беру керек. Кітапқұмар жандардың басын қосып, тағылымдық-танымдық шаралар өткізіп тұру қажет. Сонда жұрт олардың тіл байлығы мен шешендік өнеріне куә болады, сүйсінеді, өздері де сондай болуға ұмтылады. Міне, «сөз түзелмей, көш түзелмейді» демекші, кітап көп оқитын азаматтар арқылы тұтас қоғамның да санасына сәуле шашып, рухани дүниесін байытуға болады.
Осы орайда, кітапханалар да оқырман сұранысын қатаң ескеруі керек. Яғни, кітап қорын жастар қызығатын әдебиеттермен толықтырғын дұрыс деп санаймын. Ал, бала түгілі ересек адамдардың өздері оқуға қиналатын немесе оқырман ығырын шығарып жіберетін кітаптар керек емес. Мейлінше бүгінгі заман ағамына ілесіп отырған жақсы ғой.
Ал, өзіме келетін болсам, мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» әр қазақстандық міндетті түрде оқып шығуы тиіс деп есептеймін. Себебі, осы еңбекте халқымыздың атадан балаға аманаттап келе жатқан мол мәдени мұрасы, әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрі, үлгі-өнегесі мен басқа да көптеген рухани құндылықтары көрініс тапқан, - дейді кітапхана басшысы.