Сараптама

Аға мен жас буын арасы неге алшақ?

Жастар жұмысқа алынбас бұрын ең алдымен «жалақысы қанша?» деген сұрақты қояды.

Түркістандық жастарды не толғандырады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде біз жас блогер Нұрсейіт Нұрболұлымен сұхбаттасқан едік.

– Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

– Мен Құрманғазы ауданы Нұржау ауылында туып-өстім. Биыл Түркістан аграрлы-техникалық колледжінде «Автоматтандыру және басқару» мамандығын тәмамдап шығамын. Қазір республикалық қоғамдық-саяси «Turan Times» сайтында қазақ тілді бөлім редакторы болып қызмет етемін. Сондай-ақ, республикалық «Мерейлі мекен» журналында тілшімін. «Шаңырақ», «Озаттар», «Тәуелсіздік толғауы» және басқа да шығармашылық байқаулардың лауреатымын. Биыл «Армантауға асыққандар» атты жас ақын-жазушылар антологиясына өлеңдерім енді.

Түркістанда таза ана тілінде әлеуметтік желі болмағандықтан, былтырдан бастап әлеуметітк парақшалар ашып, жүргізе бастадым. Онда ақпараттық-танымдық жаңалықтарды тек мемлекеттік тілде ғана жариялап отырамын. Аз уақыт ішінде оқырмандар саны он мыңға жуықтап келеді.

Бұған дейін түрлі үкіметтік емес ұйымдар қатарында ерікті түрде еңбек етіп жүрдім. Өңірдегі қоғамдық шараларға да белсене атсалыстым. Сөйтіп, теңдессіз тәжірибе жинадым. Нәтижесінде, бүгінде өзім жеке парақша ашып, жаныма өзім секілді жалынды жастарды жинап жатырмын. Алдағы уақытта ресми сайт ашу жоспарда бар. 

– Бүгінгі жастар жөнінде қоғамда түрлі ой-пікір қалыптасқан. Осы орайда, оларға не жетіспейді және бұл бағытта қандай жұмыстар жасалуы тиіс деп ойлайсыз?

– Қазіргі жастардың басты проблемасы, көп жағдайда бастары бірікпей жатады. Яғни, әр жас «өз қазанында өзі қайнап» жатыр. Сөйтіп, небір талантты жастар тасада қалып жатыр. Міне, қандайма бір қоғамдық шараларға қаймықпай қатысатын  жандардың кейде аз болатыны да сондықтан.

Бұдан бөлек, біздің елде еуропалық озық үлгі қалыптаспаған. Мәселен, Түркістанда бір шара өтетін болса, оған оқушылар мен студенттер еркінен тыс қатысып жатады. Ақыры, соңына дейін шыдамай кетіп қалады. Ал, дамыған мемлекеттерде олай емес. Ондағы жастар өздеріне ұнайтын шараға ғана барып қатысады. Егер шараға адам аз қатысса, келесі жолы ұйымдастырушылар оны мүлде өткізбейді екен. Міне, сол сияқты, бізде де әр бағдарламаның өз қатысушылары, әр жобаның өз аудиториясы болуы тиіс. 

– Ендеше, жастарды ортаға тарту үшін не істеу керек?

– Түркістанда 200 мыңға жуық жас бар делік. Бірақ солардың тек белгілі бір тобы ғана белсенді. Түрлі форумдар мен маңызды жиындарда тек солар ғана жүреді. Ал, қалғаны қамтылмайды немесе өздері құлықсыз. Ал, қылмыс дегенімідзің өзі сондай қоғамнан тыс жандардан шығып жатады. Сондықтан қоғамның күші саналатын жастардың басын қосып, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау қажет-ақ. Сонда, бәлкім, экстремизм, терроризм секілді үрейлі үрдістер де сап тыйылар ма еді, кім білсін?

Келесі мәселе – жұмыссыздық. Жастар жұмысқа алынбас бұрын ең алдымен «жалақысы қанша?» деген сұрақты қояды. Ал, өзінің тәжірибесіне, білім-білігіне аса назар аудармайды. Егер әңгімелесуден өте алмаса, жұмыс берушілерді немесе жергілікті әкімдік мамандарын кінәлайды. Бірақ, тәжірибесі толыспаған, сауаты төмен адамды кім қызметке алғысы келеді?

Менің ойымша, жастар жоғары жалақыны мүлде ойламауы тиіс. Өздеріне ұсынылған кез келген жұмысты атқарып кетуі тиіс. Бүгінгі тырнақтай табысын ертең еселеп арттыруы керек. Қиындықтан қашпайтын жас еңбек баспалдағымен ақырын басып, қарапайым жұмысшыдан лауазымды тұлғаға дейін көтеріле алады. Тек арнайы сатылардан өтуі керек, соны мамандар түсіндіріп отырса екен деген ұсынысым бар. Екінші жағынан, арнаулы не жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жұмыс беруші кәсіпорын басшылары да жастарды жұмысқа бейімдеуі керек.

– Кей жастар жұмысқа қабылданғанда қарапайым резюме қағазын сауатты толтыра алмайтынын айтады жұмыс берушілер. Келісесіз бе?

– Иә, өкінішке орай, жұмысқа қабілетті болғанымен құқықтық сауаттылығы төмен жастар бар. Оларды оқытып, нарықтық білім-білігін толықтыру қажет. Мүмкін, өзіндік көзқарасы мен сана-сезімін де өзгерту керек. Себебі, бүгінде бір ғана мамандықпен, бір ғана қызметпен шектеліп қалуға болмайды. Бұл – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. 

– Сонда, олардың кемшілігі неде?

– Біздің елдің жастары өте қызба келе ме, білмеймін, бірақ теріс эмоциясын сыртқа шығарып тастайды. Яғни, көңіл-күйі толмай отырса, соны айналаға білдіріп отырады. Ал, жақсы энергияны ішке бүгіп қалады. Әсіресе, білген-түйгенімен бөліскісі келмейді. Басты кемшілік осы деп ойлаймын. Мәселен, өзге елдерге барғанда, ондағылар өз елін мақтап, мадақтап, салт-дәстүрін насихаттап жатады. Ал, біз қолдағы бар құндылықтардың қасиетін білмейміз, мәдени мұрамызды бағаламаймыз. 

Айталық, Түркістанды қонақтарға таныстыру үшін осы жерде дүниеге келген тұлғалар жайында маңызды деректерді білу шарт. Өйткені, бұл жерде кімдердің өмір сүргенін ғана білетін қонқтар олардың кейінге қалдырған аманаты мен мол мұрасын бізден білгісі келеді. Сол сияқты, шет мемлекеттерде демалып, сол жердің мәдениетін насихаттауға қарсымын. Өзіміздің жеті хан жерленген көне Сарайшық пен Индердегі Тұздыкөлді туристік аймаққа айналдыруға не кедергі? Міне, жергілікті кәсіпкерлер осы мәселені шұғыл шешуі қажет. Себебі, Әбіш Кекілбаев айтқандай, «бағалай алмағанға бақ қонбайды». 

Сөз соңында айтарым, көпшілік жерде дүние-мүлік пен ақшаны айтудан арылсақ екен. Жасы үлкендер кішілерге арзан әңгімеден гөрі тағылымды өсиеттерді алға тартып, өмірден түйген ақыл-кеңестерін айтып отырса жақсы еді. Бүгінде үлкен буын мен жас ұрпақ арасын жалғайтын орта буын ақсап тұр. Бұған ешкім кінәлі емес. Жоғары буын өкілдерінің аяққа нық тұрған мезгілі ел егемендігін енді алған тұсқа тап келді. Мұны да түсінуге боалды. Енді тек сол олқылықтың орнын толтыруға тырысайық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», бір мақсат пен ортақ мүддеге ұйысқанда ғана, озық отыз елдің қатарына енеміз деп ойлаймын.

(Жалғасы бар...)