БАЛА ЗОРЛЫҚ ҮШІН ЖАРАЛМАҒАН...

Қоғамда «жайсыз отбасы» деген түсінік бар.

Фото: ru.freepik.com

Жұмыстан шығып, үйге кеш оралған сәтім. Подъезге кіргенім сол еді, шамамен он жасар екі бала үшіншісін ұрып жатыр екен. Содан әлгілердің әрекетін тоқтатып, жөн сұрастым. «Не үшін?» деген сұрағыма екі «батыр» еш шімірікпестен «өзіміздің шаруамыз» деп қысқа қайырды. Жүздерінде ұяттың бір белгісі жоқ. «Шаруаларыңды жұдырықсыз шешуге болмай ма?» деп тағы сұрадым. Сондағы бірінің «мені ата-анам күнде ұрады ғой, бұл да бір күн таяқ жесін» деген жауабын естігенде, үстіме біреу мұздай су құйып жібергендей болды...

АЛАҢСЫЗ АНА

Иә, бала не бүлдірсе де оның жазығы жоқ, ол үшін ата-ана жауапты. Демек, отбасындағы тәрбие нашар болғандықтан осындай олқылықтар орын алып отыр. Ал, «Балалар құқығы туралы» Заңға сүйенсек, әр бала отбасында тәрбие алуға құқылы. Заңға сәйкес, дұрыс тәрбие бере алмаған ата-ана жауапқа тартылып, құқығынан айырылады. Бірақ, олардың бәрін шетінен соттай берсек, «тірі жетімдер» қатары қалыңдап кетпей ме? Біз бұл сауалды мақаттық заңгер Ербол Нұрланұлына қойған едік.

– Заңда бәрі егжей-тегжейлі көрсетілген. Баланың да, ата-ананың да міндеттері мен құқықтары ап-анық жазылып тұр. Мәселен, оқушы сабаққа бармаса, алдымен оның себебі анықталады. Егер себепсіз болса немесе отбасында баланың білім алуына жағдай жасалмаса – ата-анасы (болмаса, заңды өкілі), ал, кінәрат мектептен болса, мектеп әкімшілігі жауап береді.

ЖАЙСЫЗ ЖАНҰЯ

Екіншіден, қоғамда «жайсыз отбасы» деген түсінік бар. Мұндайда тұрмыстық тәрбие теріс бағытта беріледі. Айталық, әкесінің анасына жасаған зорлық-зомбылығын көріп өскен балалардың тең жартысы есейген шағында міндетті түрде соны қайталайды екен. Себебі, күн сайын отбасында орын алатын айқай-шу мен ұрыс-керіс баланың балғын санасына сіңісіп кетеді. Яғни, халқымыз «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпаған, - дейді маман.

Тағы бірде дүкен ішінде жүріп қызық жағдайға куә болғанбыз. Сөреден кәмпит жымқырған он жасар баланы бейнебақылау камерасы арқылы анықтаған дүкен әкімшілігі оның ата-анасын шақырып алды. Ата-анасы болса, баласына «ұрла» деп айтпағанын және ол үшін жауап бермейтінін айтып ақталды. Ақыры, даудың соңы ескертумен ғана шектелді. Ал, шын мәнінде осындай жағдайда заң алдында кім жауап береді? Заңгердің айтуынша, бала екен деп басынан сипауға болмайды. Өйткені, ол бұл әрекетін есейген кезінде де қайталауы әбден мүмкін. Сонда қайтпек керек?

– Иә, кәмелетке толмаған баланың іс-әрекетіне ата-ана жауапты. Бірақ, бала да жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін ерте кезден түсіне беруі керек. Сондықтан, онымен ата-анасы, егер мүмкіндігі жетпесе, психологтар түсіндіру жұмыстарын жүргізгені жөн. Кейде бала бір жасаған қателігін қайталап жататын жағдайлар кездеседі. Ондайда ата-ана құқығын шектеу шарасы қолданылуы мүмкін. Бұл ата-анаға жағдайды өзгертуге мүмкіндік береді. Ал, егер ештеңе шықпаса, мүлде құқығынан айыру жазасы қолданылады. Мұндай кезде бала ерекше мінез-құлығы бар балалар мекемесіне жолданады, - дейді ол.

БОРЫШКЕР ӘКЕ

Сондай-ақ, қазір алимент төлемейтін борышкер әкелер де көбейді. Заң бойынша олар да құқығынан айырылады. Бірақ, алдымен алименттің төленбей жатқан себебі анықталады. Яғни, біреулер шынымен де төлеуге жағдайы болмауы мүмкін. Ал, біреулер табысы бола тұра қасақана төлемейді.

– Біз қандайма шешім қабылдамас бұрын кінәлі тарапқа бірнеше мүмкіндік береміз, - дейді Е.Нұрланұлы. – Мәселен, кейбір балалар әке-шешесімен келіспей, үйден кетіп қалып жатады. Кейбірі «әкем үйге мас күйде келді» деп өздері «102» нөміріне қоңырау шалады. Тағы бірі ата-анасының үстінен арыз да жазады. Міне, мұндай кезде біз баланың психикасы құбылмалы екенін қаперге аламыз. Яғни, бүгін бір сөйлеген бала ертең екі сөйлеуі мүмкін. Екіншіден, баланың да, ата-ананың да болашағын ойлау керек. Бала есейген соң да әке-шешесімен араласуға құқығы бар екенін ұмытпауымыз керек. Үшіншіден, бала көп нәрсені жасырып айтпауы да мүмкін. Ондайда олармен арнайы психолог мамандар жұмыс жасайды. Ал, енді ата-ана құқығынан айырылғандардың балалары отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылына жолданады.  Қалай болғанда да, баланың мүддесі бірінші орында болуға тиіс.

Иә, маман сөзінің жаны бар. Бала – өз елінің болашағы екенін естен шығармаған абзал. Айтпақшы, Мемлекет басшысы балалардың құқығын қорғау және оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында сайт пен әлжелінің жұмысына бірқатар шектеулер енгізу бастамасын көтерген болатын. Алайда, кей қоғам белсенділері мұны әлеуметтік желідегі сөз бостандығымен шатастырып, теріс түсінгендей болды. Ал, шын мәнінде қазір бесіктен белі шықпаған балаға дейін телефонға телміріп алған. Айналада не болып жатқанымен ешкімнің ісі жоқ. Бұрын баланы даладан үйге кіргізе алмайтын ата-ана қазір керісінше үйден шығара алмай әлек. Өйткені, бәрі «инстаграм» мен «тик-токтың» шырмауына шырмалып қалған. Осыны арам пиғылды адамдар теріс ниетте пайдаланып жатады. Бұған дәлел, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бопсалап, ата-анасынан ақша алуға итермелеген ересек азаматтарға қатысты қылмыстық істер жетіп артылады.

ТҮЙІН

«Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

...Иә, соңғы кезде қоғамда қамқорлықтан гөрі қатыгездікке толы жаға ұстатар жайттар жиілеп кетті. Біреудің өмірін былай қойғанда, адамдар өз өмірін қиюдан да қаймықпайды. Солардың арасында балалардың да бар екені қынжылтады. Сайып келгенде, мұның бәрі отбасындағы тәрбиенің осалдығынан орын алып отырғанын мойындау керек. Сондықтан да бұған мейірімсіз ата-аналар кінәлі сияқты.

Жүктелуде...