Жәмилә Әбілова Tatler Қазақстанның бас редакторы атанды

Жәмила серіктестерімен бірге Mercedes-Benz Fashion Week Almaty жобасының негізін қалады

Фото: newsroom.kz

Бүгін қазақстандық танымал баспагер, медиа-менеджер, abr компаниясының PR және креатив директоры Жәмила Әбілова Tatler Қазақстан басылымының бас редакторы атанды,- деп хабарлайды newsroom.kz

Деректерге сүйенсек, бас редактор ретінде Жәмила Әбілова шығармашылық және ұйымдастыру процестерімен айналысады. Жекелей алғанда, ол заманауи рухқа сәйкес келетін өнім жасау, басылымды халықаралық нарықта таныту, әлем қоғамы назарын жергілікті аймаққа аудару секілді мәселелерге мән береді. 

«Қазақстанда креативті индустрия, мода және поп-мәдениет бағыттарында көптеген түрлі таңғажайып жоба бар, ал жаңа бастамаларды іске асыруға арналған идея мен әлеует қарқыны бұдан да көп. Tatler Қазақстан бұл туралы қуана ақпарат ұсынады. Мен осындай маңызды жобаға қосылғаныма қуаныштымын. Біздің мақсатымыз — трендтерді ғана емес, сонымен қатар әр адамның даралығын көрсететін контент жасау арқылы оқырмандарымызды шабыттандыру. Біз журналымызға тән дәстүрдің аясында қызмет етеміз, бірақ мұнымен шектеліп қалмай, басылымға заманауи мәдениет және стиль тілінде сөйлеуге көмектесетін жаңа идеялар мен батыл шешімдер ұсынуға ұмтылатын боламыз», — дейді Жәмила Әбілова. 

Жәмила Goldsmiths College, University of London оқу орнында «Медиа және коммуникациялар» бағыты бойынша білім алып, журналистикада маманданған. 2012 жылдан 2020 жылға дейін BLVD журналының бас редакторы болды. Бұл басылым нарыққа жаңа тұлғаларды сәтті таныстырып қана қоймай, әлемге танымал адамдармен де жұмыс істеді, ал люкс нарықтың жетекші ойыншылары журналдың серіктесі және жарнама берушісі атанды. 

Мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы Жәмила серіктестерімен бірге Mercedes-Benz Fashion Week Almaty жобасының негізін қалады. Бұл Қазақстанның сән индустриясына әлемдік қоғамның назарын аударуға, жергілікті сән нарығын дамытуға және отандық жас дизайнерлерге қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Сол кезеңде Mercedes-Benz Fashion Week Almaty және қазақстандық дизайнерлер туралы New York Times, Vogue, Business of Fashion секілді басылымдар ақпарат таратты.

Сондай-ақ abr-да PR және креатив директоры ретінде қызмет етіп келе жатқан уақыт ішінде Жәмила Әбілова өнер, урбанистика және гастрономия салаларында қала үшін маңызы бар бірқатар жобаны жүзеге асырды.

Атап айтқанда, Қазақстандағы «Мұра алгоритмдері» атты алғашқы цифрлық өнер көрмесін, сондай-ақ Алматы орталығында Сырлыбек Бекботаевтың қоғамдық өнер нысаны саналатын «Қара Шапан» мүсінін орнатуды ұйымдастырды. Жәмилә abr мен Urban Forum Kazakhstan-ның бірлескен жобасын іске қосу бастамасын көтерді, оның аясында жасөспірімдерге арналған урбанистика курсының идеясы жүзеге асырылды.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың маусымында Crossroads фестивалінің үшінші кезеңі өтті, мұнда Michelin жұлдыздарына ие және 50 Best Restaurants рейтингіне кіретін аспаздардың қатысуымен гастрономиялық кешкі астар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жергілікті және шетелдік сарапшылар бизнес пен институциялардың қала мәдениетіне әсері, қала брендингі мен креативті кәсіпкерліктің маңыздылығы туралы мәселені көтерген конференция өтті.

Осыған дейін Tatler Asia мен белгілі қазақстандық кәсіпкер Тимур Турлов арасында эксклюзив лицензиялық серіктестік бекітілгені туралы хабарланған болатын. Бұл серіктестіктің аясында Tatler Kazakhstan, Tatler Türkiye, Tatler Azerbaijan және Tatler Uzbekistan журналдары шығарылмақ.

Айта кетелік, Tatler Kazakhstan журналының алғашқы нөмірі 2024 жылдың желтоқсанында жарық көретінін еске сала кетейік. Журналдың баспа нұсқасы жылына он рет шығарылмақ. Tatler Kazakhstan сайты қазақ және орыс тілдерінде бір уақытта іске қосылады. Бұған қоса, әлеуметтік желілер мен YouTube платформасында аккаунттар ашылады. Tatler Türkiye 2025 жылы баспа және цифрлық форматта жарық көреді, бұдан соң Tatler Azerbaijan және Tatler Uzbekistan шығады.

 

Жүктелуде...