Тұрар Рысқұлов және Германияда оқыған қазақ жастары жайлы не білеміз?
Білім алған 70-тен астам студент дерлік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған
Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцтің Қазақстанға ресми сапар барысында Қазақ- Неміс ғылым және технологиялар институтын құру туралы келісімге қол қойылды. Келіссөзге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Осыған орай Ақиқат газетінде жарияланған Хазретәлі Тұрсұнның Тұрар Рысқұлов және Германияда оқыған қазақ жастары жайында мақаласын назарларыңызға ұсынамыз,- деп хабарлайды newsroom.kz
ХХ ғасыр басындағы Түркістан өлкесі ескі мен жаңаның тартысы түрінде саяси-экономикалық және мәдени-рухани тұрғыда бұрқылдап қайнап жатқан қазанды көзге елестетіндей еді. Шаруашылықты жүргізуге, кәсіпті игеруге, қоғамды модернизациялауға жаңа үлгідегі іскер тұлғалар керек болды. Осы қажеттілік жастарды Ресейден тыс шетелдік жоғары оқу орындарында оқытып, білікті кадрлар дайындау мәселесін күн тәртібіне қойды.
Осы қажеттілік мемлекеттік саясатқа айналып, 1922 жылы Түркістан мен Бұхарадан Германияға студенттер жіберу қолға алынды. Осы бағдарлама аясында Т.Рысқұлов Түркістан Автономиялы республикасы үкіметінің басшысы ретінде 1923 жылдың күзінде Германияға сапармен барғаны белгілі. Бұл сапар БК(б)П Орталық Комитетінің келісімімен жоғары деңгейде ұйымдастырылған ресми сапар болатын. Сапардың басты мақсаты Германияда оқып жүрген студент жастардың жағдайын білу және екі ел арасында осындай жұмыстарды жалғастыру мүмкіндігін қарастыру болды.
2006 жылы Мәскеудің архивінен Т.Рысқұловтың 1924 жылы И.Сталинге жазған құпия хаттарымен бірге қолымызға оның Германияға сапары туралы есептері де ілінген еді. Осы құжаттардың деректері тақырыпты деректік негізде тарқатуға мүмкіндік береді. Бұл тақырыпты деректік негізде тарқатуымыз екі мақсатты көздейді. Біріншісі, былтыр мен биыл Орта Азиядан Германияға жастарды оқуға жіберудің 100 жылдығын көрші ел – Өзбекстан жоғары деңгейде атап өтіп отыр.
Тұрар Рұсқылов ашық дереккөзден
Түркістан Республикасы үшін аса қажетті мамандықтар бойынша шетелге оқуға студенттер жіберу мәселесі Ағарту халкомы деңгейінде бірнеше рет көтерілген. Бұхара Халық Республикасының басшылары Файзулла Қожаев, Фитрат тарапынан да осындай бастамалар көтеріліп, соңында Түркістан Республикасымен бірге осы мәселе шешімін табады.
Нәтижесінде 1922 жылдың соңында Түркістан мен Бұхарадан 70-ке жуық әртүрлі жастағы жігіттер мен қыздар Германияның түрлі қалаларына оқуға аттанады. Олардың таңдаған мамандықтары өлке үшін маңызды салаларды қамтыды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, тоқымашылық, химия, электротехника, былғары өңдеу, фалсафа, педагогика, медицина мамандықтары еді.Оның осындай тарихи алғышарттары болған.
Т.Рысқұлов студенттердің таңдаған мамандықтары Түркістан өлкесі үшін аса зәру мамандықтар екендігіне көз жеткізеді және олардың өз оқуын ықыласпен оқып жүргендігін, елге қайтып, алған білімдерін халық пен мемлекеттің игілігіне жұмсауға құлшынып жүргендігін де атап көрсетеді. Тұрардың мақаласынан Германиядағы студенттер арасында 4 қазақ бар екендігі айтылады. Сонымен қатар, Германиядағы елшілікте болған кездесуде Елшілік жанынан студенттерге басшылық жасайтын өкілдік ашу қажеттілігін айтып, «осындай құрылымдық өзгерістер іске асса студенттердің әлдеқандай теріс ықпалға еріп кету қаупі жойылады» деген қорытынды жасайды.
Ең алғашқы сынақ, Т.Рысқұловтың Германия сапарының қаржылық есебі түрінде көрініс берді. РГАСПИ қорларында Т.Рысқұловтың Германияға сапарына қатысты дау-шарлардан өзін қорғау үшін ұсынған бірқатар құжаттары сақталған. Осы құжаттардың дерегінде мынадай мәліметтерге кез боламыз: Т.Рысқұловқа осы сапары үшін 20 мың алтын ақша немесе 2 мың червонец бөлінген. Ол американ долларына ауыстырылғанда 9500 долларды құраған. Осы қаржының жаратылуы жөнінде Т.Рысқұлов құзырлы органдарға жазбаша есеп береді. Қаржының басым бөлігі студенттерге стипендия ретінде таратылған. Атап айтқанда, түркістандық 11 студенттің әрқайсына 200 доллардан 1923 жылдың соңғы төрт айына және 1924 жылдың қаңтар айларына стипендия берілген.
Тұрар Рұсқылов ашық дереккөзден
1923 жылдың 17-қыркүйегі мен 10-қазаны аралығында Т.Рысқұловқа жолбасшы және аудармашы болып қызмет көрсеткен Ғ.Бірімжановқа 100 доллар төленгендігіне қарап, қайраткердің Германияда болуын осы аралықпен шектеуге болмайды. Ол ресми құжаттарының бірінде Германияда бір айдан астам болғандығын жазады.
Ендігі мәселе, Германияда оқыған қазақ студенттерінің саны ресми құжаттарда төртеу деп жазылса (Ғ.Бірімжанов, Ә.Мұңайтпасов, Д.Битілеуов, Т.Қазыбековтер) «Ақ жол» газетіндегі жарияланымдар олардың бесеу екендігін айтады. РГАСПИ қорларындағы құжаттардан олардың бесіншісі Бөкей губерниясы Теңіз уезінің тумасы, Қазан университетінен Түркістан университетіне ауысқан Сабыр Танашов болып шықты. Ол Берлин ауылшаруашылығы институтының қант қайнату факультетінде оқыған. Оның «түркістандық стипендия алушылар қатарына қосып», өзіне «стипендия тағайындау» туралы өтінішін қанағаттандырған Т.Рысқұлов оған екі айлық стипендия бергізеді.
Германия сапарына жұмсалған қаржы жөнінде көтерілген даңғазаға наразы болған Т.Рысқұлов 1923 жылдың 18 желтоқсанында Сталин мен Рудзутактың атына хат жазып, өзінің әрбір қадамын аңдыған бұндай әрекетке наразылығын танытады.
Т.Рысқұловтың Германияға сапарының ең үлкен салдары «Үлкен террор» кезінде оның шетелдегі пантүркішіл ұйымдармен байланысын айғақтайтын дәлел, дәйек түрінде көрініс тапты. Ол қамауға алынғаннан кейін жүргізілген алғашқы тергеулерінің бірінде, атап айтқанда 1937 жылдың 3-шілдесіндегі тергеу хаттамасында «Осының бәрі менің Германияға сапарымнан басталды» дей келіп, «шетелге студенттер жіберудегі мақсат эмиграциядағы пантүркішіл ұйымдармен байланыс орнату болғандығын, сол үшін де баратындар қатарына ұлтшыл жастар таңдалғандығын» көрсетеді. Сол студенттер қатарында Ғазымбек Бірімжановтың есімі ерекше аталады .
Мәскеуде биліктің жоғары эшелонында қызмет істеген қазақ ұлттық саяси элитасы өкілдері - Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Нұрмақовтардың «Үлкен террордағы» айыпталуы 1937 жылдың 8 маусымындағы КСРО Ішкі істер халық комиссариаты Мемлекеттік қауіпсіздік Бас басқармасының «кеңеске қарсы пантюркистік ұлтшылдық ұйымдар туралы» циркуляр хатымен байланысты. Ол хат осы жылдың көктемінде Орта Азия мен Татарстан республикаларында ұлт зиялыларын тұтқынға алу науқаны нәтижесінде жазылды. Циркуляр хатта соңғы кезде шығыс республикалары мен облыстарда кеңеске қарсы астыртын жұмыс жасайтын ұлтшылдық элементтердің белсенділігі артып отырғандығы айтылған. Олардың қызметі танымал «Алашорда», «Муссават», «Милли-Фирка», «Милли-Иттихад» ұйымдарымен байланыстырылады. Осындай айыптаулармен Т.Рысқұлов 1937 жылдың 21 мамырында тұтқынға алынды. Н.Ежовтың жолдама хатымен ұсынылған олардың тергеу хаттамаларымен Сталиннің өзі тікелей танысып, тиісті нұсқаулар беріп отырған. Демек, саяси қуғын-сүргіннің жойқын үйірімінен алаштық, ұлтшылдық идеясына тартылған ұлттық элита құрамынан ешкімнің де аман қалуы мүмкін емес еді.
Тұрар Рұсқылов ашық дереккөзден
Тұрар Рысқұлов 3 шілде 1937 жылғы тергеу хаттамасында Рыковтың Мәскеу мен Орта Азиядағы және Қазақстандағы шетелдік елшіліктермен байланыс орнату туралы ұсынысынан соң бірін-бірі алмастырып, Геджас-Аравияда КСРО өкілетті елшісі болып қызмет істеген Төреқұлов және Хакимовпен кездескендігін, ол екеуінің Германия, Жапония және Түркияның барлау органдарымен ертеден байланыста болғандығын айтады.
Осы айыптаулардың табан тірейтін дәйегі Т.Рысқұловтың 1923 жылғы Германияға сапарына қатысты болды. Жоғарыдағы аталған Т.Рысқұловтың тергеу хаттамасы барлығы 25 парақты құраған болса, оның үш парағында осы сапарында студенттермен жүргізген агентуралық жұмыстары, Германия сыртқы барлау қызметімен кездесулері, Түркістанға неміс өнеркәсібінің концессияларын орналастыру, Кеңес Одағынан бөлінген жағдайда Түркістан мен Қазақстанның Германия протекторатына көшуі және т.б. туралы өзара келіссөздерді құрайды.
Т.Рысқұловтың тергеу хаттамасындағы Түркістан мен Қазақстанда жұмыс істеген пантюркистік ұйымдар «неміс барлау агентурасына айналды» деген көрсету тергеушілердің кішкене детальдан үлкен конструкциялар жасайтын «шеберлігімен» үлкен айып болып тұжырымдалды.Германияда оқыған қазақ жастарының тағдыр-талайын ғылыми қалпына келтіруде «Ақ жол» газетінің жарияланымдарын дереккөз ретінде пайдаландық. Аталған басылымда осы тақырыпқа қатысты бірқатар мақалалар жарық көрген.
Тұрар Рұсқылов ашық дереккөзден
Германияда білім алып жатқан жастар Европаның ғылымы мен мәдениеті, озық технологиялары жайлы «Ақ жол» газетіне мақалалар жариялап тұрған. Сондай мақалалардың бірін Шеген деген бүркеншік есіммен Ғазымбек Бірімжанов 24 сәуір 1923 жылы жариялаған екен. Бұл мақала Берлиннен 23 қаңтарда жолданған. Ғазымбектің Европада алған білімі оның ой-санасын ғылыми таным деңгейіне көтергендігі осы мақаласындағы «Адамзат жаратылғаннан бері қарай жердің талай сілкінгеніне де болмай келе жатқан, ғасырдан-ғасырға күшейіп, өсіп-өніп, көркейіп келе жатқан бір-ақ адам болатын болса, оның жолы өлшеусіз жалғана беретін еңбек – білім. Бұл екеуі үзілсе, дүние кері кетпекші» деген философиялық пайымдауларынан аңғарылады. Сол сияқты «Қандай мақсат болса да, жету үшін уақыт, еңбек, білім керек. Тіршілік пен өмір де осы үшеуіне келіп тірелмекші» деген тұжырымы да оның интеллектуалдық деңгейінің жаңа сапаға көтерілгендігін танытады. Өкініштісі сол, болашағынан үлкен үміт күттірген Ғазымбектің тағдырында Германияда білім алуы өсу мен гүлденуге емес, тоталитарлық биліктің саяси қуғын-сүргініне ілік болып, терең із қалдырды.
Германияда оқып жүрген студенттерге материалдық жәрдем жасау жөнінде Түркістанда көп жұмыстар атқарылған. Өзбек бауырлармен бірге қазақтар тарапынан да осындай жұмыстардың атқарылғандығын «Ақ жол» газетінде жарияланған мақалалардан көре аламыз.
Мысалы, ақмешіттік Жәнәбіл Нұрман М.Дулатовтың пьесасын қоюдан түскен қаржыны студенттерге көмекке беру жайлы жазған. «Студенттерге жәрдем керек» деген атпен С.Асфендияров, А.Байтасов, М.Жұмабаев, И.Тоқтыбаевтар 1923 жылғы 27-мамырдағы санында жариялаған мақаласында көмекті «Қазақ-қырғыз көп жиылған шаһарларда сауық кешін жасап жинауға болады» дей келіп, көмекті ұйымдастыруға «басшылық қылып кірісуге өз тарапымыздан әр облыстан бірнеше кісілерді атап өтеміз. Түркістаннан – Өтегенов, Ақмешіттен - Қоңыратпаев һәм Оспанов, Қазалыдан – Құлетов, Күзенбаев, Құлқашев, Шымкенттен – Жәрменов, Әулие-Атадан – Құшманбетов, Абланов, Ташкенттен – Төлебаев, Жетісудан «Тілші» газетін» ұсынады
«Ағайын» деген бүркеншік атпен жарияланған «Германиядағы оқушылар да ұмытылмасын!» деген мақала Т.Рысқұловтың Германияға барып келгенінен соң жарияланған екен. Мақала авторы бұрынғы кезде қолы жеткені Бұқараға барып, қолы жетпегені Қаратау, Созақ медреселерінен діни білім алатындығын, Еуропа ғылымын үйренбек болып, орыс мектептерінде оқығандардың көпшілігі тілмаш, чиновник болып шығатындығын айтады. Түркістанның қазақ-қырғызы төңкеріс арқасында елдігіне, теңдігіне ие болып, ғылым мен өнерге талпынып, өз республикасының ішінде ғана емес, Мәскеу, Ленинград, тағы да сондай Россияның өзге әрбір жерлерінде оқитындығын жазады.
Сонымен бірге «Түркістан республикасы бір-екі жылдан бері өзбек, қазақ жастарынан Еуропаға бірсыпыра студент жіберіп отыр. Олардың арасында 5-і қазақ жастары осы күні Германияда оқып жатыр» дегенді айтады. Осы 5 студенттің үлесі халықтың жалпы санына шаққанда тамшыдай болғанымен техникасы күшті Германия секілді елде оқып, білім алуы кейінгілерге үлгі болуға жараса керек» деп пікір білдіреді. Соған қарамастан Германиядағы студенттердің хат-хабарларына қарағанда, олардың қаражаттан қысылып жүргендігін айтады. «Бұдан үш ай бұрын оларға Түркістан хүкіметі біраз қаражат берсе де» деген сөз арқылы автордың Т.Рысқұловтың Германияға барған сапарын айтып отыр деп білеміз. Осыны айта келіп, мақала авторы Германиядағы студенттерге қаржылай көмек көрсетуге шақырады.
«Ақ жол» газеті Түркістан Республикасы орталық билігінің ресми баспасөз органы болғандықтан онда көтерілген мәселелер биліктің саясатын насихаттап отырғаны белгілі. Осы кезде Түркістан Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Т.Рысқұлов бастаған ұлттық элитаның жаңа буыны түрікшілдік идеяларын ұлыорыстық шовинизмге қарсы ту етіп көтерді. Дегенмен бұл идеяға құлай беріліп, бас шұлғи бермей оған күмәнмен қараушылар да болды.
1921-1922 жж. «Ақ жол» газетінде қызмет істеген шығармашалық элита өкілінің бірі Ғ.Бірімжанов 1922 ж. күзінде Германияға оқуға жіберілген. 1928 ж. жазда елге агроном ғалым болып оралғанымен қызметке қабылданбай Ресейге кетеді. Сонда жүріп тұтқынға алынып, 1930 жылы А.Байтұрсынов, М.Дулатовтармен бірге сотталады. Оның публицистикасы қазақ халқының ынтымақ, бірлігін, халықтар арасындағы түсіністікті насихаттап, «Ақ жол» газетінде жарияланған материалдары А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың көтерген идеяларын одан әрі жалғастырды. 1922 ж. тамызында А.Байтұрсыновтың Ташкентке келген сапары жөнінде Ғазымбек «Лайықты қошемет» атты мақала жариялаған. Онда «Қазақ халқының қаламға жүйрік, алты алашқа аты жайылған атақты азаматы Ахмет Байтұрсынов Ташкентке келіп қайтты... келген жұмысы – Түркістандағы екі облыс қазақты Қазақстанға қосып, қазақ елін біріктіру. Қашанда болса қазақ халқының қамын жеп жүрген қамқорын, қажымайтын қаһарманын бұрын сыртынан ғана қанық Түркістан азаматтары зор қошеметпен қарсы алды» деп жазды.
Тұрар Рысқұловтың «Ақ жол» газеті туралы пікірі барынша қарама-қайшылықты еді. Ол «Ақ жол» - Дулатов еңбегінің нәтижесі, «алашордашыл» «Қазақты» жалғастырған оның перзенті. «Қарғыс атқан Орынбордан» қуылған алашордашылар Түркістанда өз қызметтеріне кең өріс тапты» деген баға береді.
Осы жерде ерекше атап өтетін жағдай, Германияда білім алған 70-тен астам студенттердің барлығы дерлік саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. Соның ішінде әрқайсысы еліміздің әлеуметтік және шаруашылық салаларында үлкен бастамаларды іске асырады деп үміт күткен аталған бес қазақ студенттері де бар.
Қорыта айтқанда, Түркістан мен Бұхарадан жастардың Германияға оқуға жіберілуі – Орта Азия халықтарының мәдени дамуында үлкен құбылысқа айналған еді. Германияға оқуға жіберілген студент жастар Орта Азия республикаларының мәдени өміріне жарқын өнеге қалдырды. Өкінішке қарай тоталитарлық биліктің ортақ кеңестік гуманитарлық кеңістік қалыптастыруды көздеген саясаты бұл бастаманы үзіп тастады. Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзияев атап айтқандай, «Орталық Азиядағы үшінші ренессансқа айналуы тиіс» мәдени-рухани құбылыс орта жолда үзіліп қалды. Ол өнеге ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанда жастарды шетелдік үздік оқу орындарында оқыту туралы «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы түрінде жаңғырғандығы көңілге медеу.
Хазретәлі Тұрсұн
Тарих ғылымдарының
докторы