1 млрд теңгеден асатын қаражат ұрланған: Астанада мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы ұсталды

Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылған

Фото: Tengrinews

Астанада аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы ұсталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі Telegram-дағы арнасында мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

ҚМА ақпаратынша, Астана қаласының "Мәдениет басқармасы" ММ-нің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізілуде.

"2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған "Күн" ("Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы") субырқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей тікелей келісімшарттар жасалған.

Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған. Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр", - делінген хабарда.

ҚМА мәліметінше, ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр. Күдікті ретінде қалалық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынған. Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер бар.

Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылған. ҚПК 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.

Жүктелуде...