Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Атырауда блогерлермен кикілжіңге келген күзетші мерт болыпты

Марқұм күзетшінің артында жұбайы, екі ұлы мен қызы қалды

Атырауда блогерлермен кикілжіңге келген күзетші мерт болыпты
Фото: Instagram/ Айнұр Балакешова

 

Атыраудағы “Мемлекеттік сараптама орталығы” мемлекеттік мекемесінің күзетшісі жұмыс орнындағы оқиғаға байланысты басына қан құйылып көз жұмған,-деп хабарлайды newsroom.kz порталы заңгер Айнұр Балакешоваға сілтеме жасап.

Оқиғаның  бейнежазбасын қорғаушы  өзінің желідегі парақшасында жариялады. Марқұм мекеме күзетшісі 56 жаста болған.

“Мемлекеттік сараптама орталығына” өздерін блогермін деп таныстырған бірнеше адам келіп, бірқатар заң бұзушылықтарды айтып, телефон камерасына түсіреді. Мемлекеттік тудың жоғына, турнекеттік жұмыс істемейтініне шағымданып, мекеме басшысын шақыртқан.

Мемлекеттік органға кіргісі келген блогерлер жолын бөгемек болған күзетшіге дауыс көтеріп, артынша балағаттаған. Видеодан ер адамның күзетшінің аяқ киіміне тиісіп, “сен бомжсың ба?”, “сен кімсің?”, “сен еркек емессің, белдемше киіп ал” дегенін естуге болады. 

“Атырауда "Мемлекеттік сараптама орталығы" мемлекеттік мекемесінің күзетшісін өздерін блогер деп атаған келушілер балағаттап, салдарынан күзетшінің денсаулығының нашарлауына байланысты жедел жәрдем шақырылып, бірнеше аптадан кейін ол көз жұмды”, – делінген заңгердің жазбасында.

Марқұм күзетшінің артында жұбайы, екі ұлы мен қызы қалды.

Заңгердің айтуынша, марқұм күзетшінің әйелі Мариям жұмыста жүрген күйеуін қорлағандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуын талап етеді.

Полиция фактіге қатысты тексеру амалдарын бастады. Қазіргі уақытта мән-жайлар анықталып жатыр.