«АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ӨЗ ОРНЫ БАР»
Заңға тек қарапайым адамдар бағынып, байлар мен олигархтар бағынбайтын болса, әділетті қоғам орнамайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде Түркістан қаласының кешегісі мен бүгінін сөз етіп, болашағына бағыт берген болатын.
Президент «Әділетті Қазақстан» идеясын көтеріп, оның экономикалық бағдарын да айқындап көрсетіп берді. «Адал азамат», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы да осы Әділетті Қазақстан идеясымен астасып жатқаны анық. Президенттің мемлекеттік құрылысқа қатысты да айтары бар. Айталық, қуатты парламенті бар президенттік республика үлгісі – бүгінгі күннің талабы. Ал «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы – мемлекеттің үш тірегі. Десе де, азаматтық қоғамның өз орны бар. Азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктері ел өмірі үшін аса маңызды. Саяси ғылымдар докторы, профессор Сайын Борбасов El.kz-ке берген сұхбатында бүгінгі саяси, экономикалық өзгерістердің астарына үңілді.
- Ақорда «Әділетті Қазақстан» идеясын көтеріп жатыр. Бұл идеяның өмірдегі іске асу барысы қалай?
- «Әділетті Қазақстан» – өте жақсы ұғым. Әділеттілік қағидасы –демократияның әлемдік үдерісі. Демократияның өзі – әділетті сайлау, сөз бостандығы, демократиялық құндылықтар, адам құқықтарының қорғалуы. Осының барлығы – әділетті қоғамның негізі. Әділетті қоғам бар жерде халықтың көңіл-күйі де жақсы болады. Даму да қарқынды жолға түседі. Әділетті қоғам орнататын ең негізгі құбылыс – заңның үстемдігі, оның бұлжытпай орындалуы.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» атты кітабында: «Заң жақсармай, қоғам жақсармайды. Қоғамның дамуына сай келмейтін заңдар өзгеріп отыруы тиіс. Қоғамның дамуына ықпал ететін, талапқа сай заңдардың бәрі қалуы керек» деп жазылған. Бұл идея сонау ХХІ ғасырда айтылған. Содан бері әлі ештеңе бір мысқал өзгерген жоқ. Әділетті қоғамның тірегі – заң. Заңға патшадан бастап қарапайым аула сыпырушыға дейін бағуынуы тиіс. Сонда қоғам әділетті болады.
Заңға тек қарапайым адамдар бағынып, байлар мен олигархтар бағынбайтын болса, әділетті қоғам орнамайды.
Назарбаев дәуірінде «бәріміз заңға бағынуымыз керек» деп ұран көтерілгенімен, сол кездегі биліктің өзі заңды белшеден басты. Билікті де, байлықты да өз қолдарына жинап алды. Әділеттілік қағидаты бұзылды. Әлемдік қоғамдық ойда әлеуметтік әділеттілік қағидаты бар. Әлеуметтік әділеттік қағидаты орындалмаса, жақсылық болмайды. Әділетті қоғамда нәпақасын тауып, адал нанын тауып жүрсе, кедей кедейлігіне ренжімейді. Өзінің тағдырынан көреді. Ал әділетсіз кедейленсе, онда реніш туады. «Мыналар қоғамның байлығын талап жатыр, мен қайыршы болып жүрмін» деген ойға келеді. Әділетті қоғамда еңбегіне қарай табыс табады, ақша төленеді.
- «Балаларға арналған ұлттық қор жобасы» осы әлеуметтік әділеттілікке ұмтылу деп айта аламыз ба?
- Иә, әрине. Елімізде әділеттік туралы айтылып жатқаны бекер емес. Ұмтылыс бар. Он сегіз жасқа дейінгі балаларға мұнайдан түскен қаржының бір бөлігін салып жатыр. «Балаларға арналған ұлттық қор жобасы» – әлеуметтік әділеттіліктің бір көрінісі.
Сонымен қатар, Қазақстанда әйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылып жатыр. Шынын айту керек, біздің кейбір еркектер есалаңға айналып кетті. Ұрып-соғу, ойларына келгенін істеу, бірнеше әйел алып, «талақ» айтып тастап кету көбейді. Мұның бәрі – бұрынғы биліктің қалдырған мұрасы. Патша қандай болса, артындағылары да сондай болуға ұмтылады. Халық бұзылды. Әйтпесе, қазір екі әйел алатын заман ба? Әйелдердің мінезі, психологиясы, санасы өзгерген. Өскен. Білімді. Бірен-сараны болмаса, бұрынғы замандағыдай екі әйел алуға көнбейді. Екі әйел алушылық – біздің қоғамдағы үлкен ауытқу.
Әйелдердің құқықтарының қорғалуы – өте дер кезінде қолданылған шара. Бұрынғы экономика министрі Бішімбаев сотының ашық өткені де өте дұрыс болды. Бұл жайт тек қана қазақ халқына ғана емес, бүкіл әлем халқына үлгі болып жатыр. Бұл да – әділеттілік.
Тағы бір мысал айта кетейін. Көктемде табиғат апаты болды. Қарғын су қаншама елдімекенді талқандап кетті. Билік басына ауыртпашылық түскен елге үлкен жақсылық жасады. Халық мұны жақсы түсінуі керек. Естіген дерегім бойынша, бір жылда сегіз мың үй салыныпты. Бір жыл үшін бұл – үлкен көрсеткіш. Жуырда тағы да екі мың үй беріледі екен. Күзге дейін тағы да он шақты мың үй салынып бітеді. Бұл – су астына қалған ауылдардың басым көпшілігі үйлерін жаңартып алады деген сөз. Бұл да – әділетті қоғамның көрсеткіші.
Мемлекет өз халқын далаға тастаған жоқ. Қолдан келген көмегін көрсетіп жатыр. Табиғат апатынан зардап шеккендердің шығыны өтеліп, алдарына мал салып берілді. Бұған миллиардтаған қаржы бөлінген. Мұны қандай мемлекет жасап жатыр? Бай деген Түркияның өзі зілзаладан кейін халқына мұндай жағдай жасаған жоқ.
- Мұны Әділетті Қазақстанның нақты көрінісі дейсіз бе?
- Бұл – үлкен іс. Бұдан бөлек, балаларға үлкен қамқорлық жасалып жатыр. Суға кеткен аймақтарда ҰБТ тапсыра алмаған түлектерге көмек көрсетіліп жатыр. Көп балл жинаса да, өтпей қалған балаларға 10 мыңға жуық қосымша грант бөлінбек. Демек, балалардың басым көпшілігі оқуға түседі. Бұл да – әлеуметтік әділеттілік.
Десе де, кемшіліктеріміз де жоқ емес. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сөз бостандығына қатысты мәселеге оң көзбен қараған жөн. Оппозицияның болуы – заңды құбылыс. Ол – қоғамдық өмірдің табиғи заңдылығы. Қай қоғамда да ол міндетті түрде болады. Өйткені, әркім әртүрлі ойлайды. Бүгінгі билік біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Біреулер мен сияқты орташа көзқараста болуы ықтимал. Билікті сынағандардың бәрі жау емес. Керісінше, билік оппозиция көтерген мәселелерге назар аударып отыруы тиіс. Сонда қоғам жақсарады. Оппозиция – дертімізді, осал жерімізді көрсетіп беретін құбылыс. Ақылды билік оппозицияның тиімді ойларын қабылдай алуы шарт.