ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮҒА БОЛА МА?

«Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөз бар халық даналығында.

Фото: ru.freepik.com

Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасымен ұйымдастырылған кезекті дөңгелек үстел» басына жиналғандар осы сауалға жауап іздеді, – деп хабарлайды newsroom.kz

Шараға өңірдегі бірқатар білім ұялары мен жоғары оқу орындарының ұстаздары мен шәкірттері қатысты.

«Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөз бар халық даналығында. Бүгінде басшы да, қосшы да көп, бірақ жасалған жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей жатады. Егер мемлекетті адам ағзасына теңесек, ондағы қантамырларға қыстырылған бір құмалақтың бір қарын майды шірітіп жіберетін күші бар екенін көреміз. Міне, ендеше, сыбайлас жемқорлық та сондай құмалақтың бірі. Оның түп тамырын бүкіл ел болып балталамаса, басқалай жолы жоқ. Сонымен, ғұмыры ғасырларға жалғасқан «жегі құртты» жоюға бола ма? Осы сауал көптің көкейін тескені анық.

– Әңгімемізді қарапайым ғана мысалдан бастайық, - дейді тәжірибелі ұстаз, №40 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұржауған Әбдірова. – Кейбір мемлекеттік қызметкерлер қандайма бір мәселені шешу барысын сағызша созып жіберетіні бар ғой. Неге деп ойлайсыздар? Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осыған ұқсас жағдайлардан параның «иісі» шығады.

«Transparency Kazakhstan» ұйымының халық арасында жыл сайын жүргізетін сауалнамасы көрсеткендей, соңғы кезде жемқорлықтың жиілеп жатқаны адалдық мәдениетінің қалыптаспауынан болып отыр. Ал, оны қалыптастыратын мемлекеттік қызметкерлер екені айтпаса да түсінікті. Егер «бюджеттің» көрпесін әркім өздеріне тартып әлек болса, көпке кімді үлгі етеміз? Сондықтан халықпен жұмыс жасайтын азаматтар әділ, шынайы және ақшаға «сатылмайтын» болуы керек. Сонда ғана тұрғындар тарапынан сенім көпірі пайда болады және одан арсыз адамдар өте алмайды. 

Респонденттердің ішінде мемлекеттік органдарға хабарласқандарының 11,3%-ы  тұрмыстық жемқорлыққа тап болған. Ал, 8,2% шағын және орта кәсіп өкілдері мәселені бейресми түрде шешуге тура келген жағдайдан жапа шеккен. Соған қарамастан, сауалнама бойынша сұралған кәсіпкерлердің 80 пайызынан көбі пара бермей де бизнеспен айналысуға болатынын айтқан. Расымен де, солай болар, бірақ олардың бәрі бірдей Ата Заңды жатқа білмейтін шығар? Оны да ойлау керек-ақ. Сол үшін де кәсіпкерлердің, соның ішінде алыс ауылда төрт түлік түлетіп жүргендердің құқықтық сауаттылығын арттыруды Үкімет жолға қойса, жақсы болар еді.

Пара демекші, оны жалақы түскендей күтіп отыратындар бар. Солар қай өңірде, қай мемлекеттік органда және қай салада көбірек кездесетіні белгілі болды. Арнайы сауалнамаға жауап берген тұрғындар – Атырау, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, ал, кәсіпкерлер – Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында қандайма мәселе «айналма жолмен» шешілетінін ашық айтқан.

Емхана, аурухана, полиция, салық, өрт сөндіру, жер қатынастары, қалалық құрылыс, халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), мемлекеттік балабақша, жоғары оқу орындары жемқорлыққа ең көп жол беретін мемлекеттік мекемелер болып саналады екен. Жіліктеп көретін болсақ, емдеу, жұмысқа орналастыру, балабақшаға бала беру, жер мәселесін шешу, ХҚКО-ынан анықтама алу, салықтық есеп тапсыру, заңбұзушылықтан жалтару және емтихан сессиясын «жабу» қажеттіліктері жемқорлыққа сеп болған. Ұйқастырып айтар болсақ, балабақшаға баламен бірге пара береді, ал, алғыштар болса, ала береді...

Осындай жағдайлардың орын алуына 50 пайыз мемлекеттік орган қызметкерлері бастамашы болатыны да сауалнама арқылы анықталған. Ашығын айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің жедел немесе мүлде әрекет етпеуі, мемлекеттік жүйедегі техникалық қателіктер, полицейлер мен сот орындаушылардың дөрекелігі, аудан әкімдерімен жолығудың қиындығы жұрттың жүйкесін жұқартқан.

Осы орайда, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі, жас блогер Әділет Айбарұлы да өзінің азаматтық үнін білдірді.

«Баяғыда біреу пара алды дегенді естіген жұрттың төбе шашы тік тұратын еді. Қазіргі қоғам бұған түк таңданбайды. Тіпті, жыл сайын параның орташа мөлшерін шығарып отырады.

Бұрын үлкендер Ұлыстың ұлы күнінде «барлық бәле-жәле жерге сіңсін» деп ырымдап жататын еді ғой. Ал, қазір пара бергіштер «жемқорлық жерге сіңіп жоқ болсын» деп бата берсе екен деген ұсыныс бар.

Бүгінде жемқорлық жойылып кетпесе де, бір қадам артқа шегінгенге ұқсайды. Расымен де, өндірісті өңірде соңғы кезде мұндай қылмыстар қатары аздап төмендегені байқалады» деді ол.

Ресми деректерге сүйенсек, жемқорлық деректерінің басым көпшілігі құқық қорғау, әкімдік пен салық органдарында тіркеледі. Бір қызығы, ер азаматтар әйелдерге қарағанда 3-4 есе жиі пара береді екен.

Ағымдағы заңнамаға сай, лауазымдық жағдайына байланысты енді ешкімге сыйлық беруге болмайды. Егер сыйлықтың бағасы екі айлық есептік көрсеткіштен төмен болса – әкімшілік, ал, одан жоғары болса – қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

Иә, сірә, ең дұрысы – пара орнына бата беру. Есесіне, ертеңіне жүзің жарқын, жолың айқын болады. Қалай болғанда да, мемлекеттік кәсіби аппарат құру, өңірдегі жемқорлық деңгейін төмендету, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, тұрғындардың сенімін нығайту – бәрі де мемлекеттік қызметкерлердің қолында. 

Жүктелуде...