Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Танымал журналист: Мырзағали Айтжановты құрбандыққа шалып жібердік

Бекет Махмудовы жоқ бұл олимпиада алтын алуға қабілеті бар шойын жұдырық жігіттеріміздін жігерін жасытты

Танымал журналист: Мырзағали Айтжановты құрбандыққа шалып жібердік
Фото: olympic.kz

Спорт журналисі Бахтияр Тайжанов Париж Олимпиадасындағы Қазақстандық боксшылар және Қазақстан Бокс Федерациясы жайлы сөз қозғады. Бұл туралы Бахтияр Тайжанов өз Facebook парақшасында жариялады,- деп хабарлайды newsroom.kz.  

Мырзағали Айтжановпен сөйлестім. Оны кейінгі сараптамалық мақалада пайдаланармыз. Басын кесіп алсаң да өтірікке жоқ, әлдебіреулер сияқты түлкібұлаңға жоқ азамат Парижде әлемнің әр түкпірінен жиналған бапкерлердің Сәкен Бибосыновты нағыз чемпион еді деп танығанын айтты.

Ішінде өзбек бапкерлері де болған. Дусматов қандасымыз еді деп өтірікке бармапты. «Алдын ала шешіліп қойған мәселе. Сіздің жігіттер осалдық қылды. Сәкеннің жеңісіне дауымыз жоқ» депті. Бұл бір жағы ғана. Өзімнің бокс сарапшысы емес, қазақ боксының жақсы жанкүйері екенімді үнемі айтып келемін. Меніңше, бәрі дұрыс болғанда бес жігітіміз финалға шығу керек еді. Олар шыққанда мына Париж олимпиадасының бокс аламаны Өзбекстанның ішкі чемпионаты болмас еді. Әлеуметтік желіні жиі шолып, осы жағдайлардың бағасын білу үшін бағанмдап отырам, Мырзағалиды бұрыннан жек көретіндердің құдайы беріп қалған сияқты. Енді біреулер Қазақстан құрамасының босаған бас бапкерлігіне лайықты адам таппай, «Мырзадан асатыны жоқ» деп жатыр. Әбдімәжит Сыздықбеков деген азамат бар. Ұлтшыл. Кешегі алаш ардақтыларының сарқыты. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына барып, қазақ жанкүйерлеріне басшы болып жүреді. Әбдімәжит досым телефон шалды. Парижден. Алғашқы күні-ақ. Мына бокс сеткасы өзбек құрамасы үшін жасалған деп. Ала топылы ағайын алды-ала шешіп қойған сияқты. Себептер көп.

Біздің елімізге есімі белгісіздеу, ҚР Бокс Федерациясының Президенті Шамұрат Мүтәліптің бұл жағдайдан хабары жоқ. Әлемдік арена түгілі өзіміздің Қазақстанда есімін шатып бұтып естіген адам Парижде кіммен сөйлеседі, ол кімнің шікірасы?! Қазақстан боксшыларының жаны қиналып, бапкерлердің алды инфарктан құлаудың алдында тұрғанда біздегі сұмпайылар тар жерде қолтық астынан пышақ ұрып бақты. Біле білсеңіз, мұндай мықты құрам Қазақстан боксында бұрынғы сонды жоқ еді. Бәлкім, Сиднейде болған шығар. Қазақ боксын алдымен екеу жоққа шығарды. Тұрсынғали Еділов. Бақыт Сәрсекбаев. Баз біреулер оларға ауыр сөз айтасыз, екеуі де мықты ғой дейді. Рас. Мықты. Бірі атақты бапкер, бірі даңқты боксшы. Бірақ, бүгінгі жағдайда ешкім емес. Ал, айталық. Еділовпен дос-жар болдық. Сәлеміміз түзу. Бірақ, шындық қымбат. Сиднейден бері жиырма төрт жыл өтіпті. Сынауды жақсы білетін осы бапкер одан бері Ұлттық құрамаға қандай талантты боксшы қосыпты?! Жоқ қой. Жақсы өнім бере алмаған бапкерді бас бапкер ретінда танығысы келгендер уақыты өткен азаматтан не күтеді?!

Бақыт Сәрсекбаев. Өзбекстан құрамасында бірінші болғанымен олимпиадаға бара алмады.Елге оралды. Азамат жасымасын деп қолдап мақалалар жаздық. Жеңіске жетті. Алғашқы үй коммуналдық болып өзі шу көтерді. Жабыла жазып жүріп үйін жекесіне бергіздік. Бейжіңде арыстандай арпалысып, күмәнсіз жеңімпаз болды. Ұшақпен қайтып келеміз. Түбі жоқ аспан.

Жұрттың алды тойлап жатыр. Мен Бақыттың жеке бапкері, туған нағашысы Кәрім Махмудовтан жеті қат аспанда сұхбат алдым. Сонда Бақыт нағашысының иығына басып сүйеп, тәтті ұйқыда еді. Кәрім бапкерлер құрамында болмады. Көрермендер қатарында отырды. «Ол менің дауысымды мың адамның ішінен жазбай таниды. Барлық ақылымды мүлтіксіз орындады» деп жарылған осы жеке бапкеріне, Олимп биігіне шығарған туған нағашысына осы Бақыт не істеді. Айтпайын десе айтқызасыздар. Шешесін неге жылатты? Қыздай сүйіп алған жары, балалары туралы тереңдемей-ақ қояйын. Бокста жүрді. Бір шәкірті жоқ. Осындай адамға боксты жерлеуге кім рұқсат берді?!

Осы екеуімен қанша сыйласам да осы қасиетсіздіктерін кешіре алмайды екенмін. Тұрсынғали Еділовпен сыйластығымыз жақсы екенін айттым. Кейінгі сұхбаттарында осы азамат Сиднейден екі алтын, екі күміс әкелгенін, қызметсіз қалғанын айтып шағынып жүр. Рас, еңбегі үлкен. Құрама мықты болды. Бапкерлер корпусында Апачинский, Сафиуллин сияқты бокс корифейлері болды.

Тағы басқа кім болды?!

Біз ұмытып кеткен бір жайт бар. Ол сол кездегі ҚР Бокс Федерациясының президенті, қазақтың біртуар ұлы Нұрлан Балғымбаев. Боксшы болған. КСРО спорт шебері. Шешенстанда өткен студенттер арасындағы халықаралық жарыстың жеңімпазы. Премьер министрдің баспасөз қызметінде жұмыс істеген Шархан Қазығұл ағамыз бір әңгімесінде Балғымбаевтың бетті екендігін мысалдармен айтқан. Үкіметтік Мәжілісте «Каржова бар ма?» деп сұрайды дейді. Әйел заты жоқ болса жұмысын дұрыс істемеген үкімет мүшелерінің шешелерін түгендеп береді екен.

1997 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Н.Балғымбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалды. 1999-2007 жылдар аралығында «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» ЖАҚ, «Қазақстанның мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ-ты басқарды. Қазақстан Бокс Федерациясының президенті болды.

...Лондон олимпиадасының алды. Тау бөктеріндегі «Ақбұлақ» санаториында келе жатырмыз. Боксшылардың оқу-жаттығу жиынына. Көлікте жүргізушіні қосқанда төрт адам. «Қазақ боксының бойтұмары» атанған Мүслім Дайырбеков аға. Қазақ боксының профессоры, мемлекеттік жаттықтырушы Серік Әбденалиев және мен. Бастамашы Мүсілім аға қазақ боксының тұрақты демеушісі. Ақшасы көп деп айта алмаймын. Алматыда жақсы араластық. Баласы ақылдаспай қыруар несиеге жер сатып алған екен, салмақ әкеге түседі ғой. Сонда да арыстандай ағамыз арықтығын білдірмей боксшыларды қолдауға келеді. Кейбіреулер сияқты қазақ боксына түк бермесе де артымен бал ашып, жұрты шатастыратын кәрі азбан емес абадан қасқыр бұл кісі.

Сиднейдегі тарихи жеңіс сөз болды. «Әуелі Алла, сосын Нұрлан Балғымбаевтың ерлігі» деді Серік аға. Әрі қарай індеттік. Премьер Министр болған, кейін ірі мұнай компаниясының президенті әрі Қазақстан Бокс Федерациясының президенті Нұрлан Балғыбаев шойын жұдырық жігіттеріміздің керегінен ақша аямапты. Ірі халықаралық турнирлерге мемлекет көмегінен бөлек қаржы беріп отырған. Сиднейде өтетін олимпиада төрешілерінің семинарын Алматыға сұрап алған. «Қымбат қонақ үй, үздіксіз жайылған дастархан, қылаусыз күту төрешілерді өте тәнті етті» дейді Серік аға.

Жиналған 50 төрешінің 35-і олимпиада ойындарына төрешілік етеді. Ішінде мен де бармын. Семинар соңында үлкен банкет берілді. Аста-төк дастархан. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Алғаусыз күту, қазақтың ақ пейілі, Басқа да сый-сыяпат болып жатыр. Төрешілер алғысын айтып жеткізе алмайды.

Банкетте Нұрлан ағамыз сөз алады. - Жігіттер, менің сіздерге бір өтінішім бар,-дейді. –Біздің жігіттер жеңіп жатса жеңісін ұрламаңыздаршы. Ал, тепе-тең түсіп жатса өздеріңіз шешесіздер. Нұрлан Балғымбаевтың құрметін көрген сол төрешілер қазақ боксшыларына барына әділ төрелік жасапты. Дәл есептеген. Бекзат Саттарханов пен Рамаз Палианидің жекпе-жегі өте шиеленісті болды. Таразы басы екі жаққа кезек ауып түсіп жатты. АІВА-ның бірінші вице- президенті түрік Доганели жанұшырып отыр. Бір ұпаймен Бекзат алған шыққан. Мұхтархан Ділдабеков пен Рустам Сайдовтың да жекпе- жегінде төрешілер қазаққа жақ тартқан. Екі минуттан төрт раундтық айқас. Ермахан үшінші раундта финалда әлем чемпионы Марин Симоннан екі ұпайға ұтылып жатыр. Соңғы раундта Ермаханның бір-екі соққысы саналмаса алтын жоқ еді.

Осы үш жекпе-жекте де таразының басы қазақ жағына ауған. Балғымбаевқа деген құрмет төрешілердің қараулығына жол бермеген. Серік аға осыны айтып еді.

Париждегідей төрешілік болғанда осы үш батырымыздың жеңіске жетуі екі талай-тын. Ал, Парижде не болдық?! Қазақстан спорт министрі мен ҰОК-і Президентінің түрі анау. Ақырып теңдік сұрайтын аға жоқ болған соң қазақ боксы аяққа тапталды. Әйтеуір, біреу таяқ жеп, соққының өзіне алу үшін Мырзағали бастаған жігіттерді құрбандылыққа шалып жібердік. Обал болды. Өте обал болды. Марат Жақиев, Нүркен Андасовтар-өте тәжірибелі бапкерлер болатын.

Ал, өзбек бауырлар жарады. Шеше алды күрмеулі мәселені. Саудада қолы жүретін ала топылы ағайын Олимпиада ойындарын Өзбекстанның ішкі чемпионатымен шатастырып алды-ау деймін. Мейлі, «өз ағам өзбекке» осы жеңіс құтты болсын. Бірақ, осы келеңсіздіктер АҚШ-та өтетін олимпиада ойындарында бокстың жерленуіне алып келіп жатыр. Ұлтымыздың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлидің төмендегідей жыр жолдары бар:

«Қалдырмай ескерусіз бір ісін де, Талантты бағалаңдар тірісінде! Кейде біз ондайлардың жасы түгіл; Келеміз қадірлемей ірісін де!». Нұрлан Балғымбаевы жоқ, Бекет Махмудовы жоқ бұл олимпиада алтын алуға қабілеті бар шойын жұдырық жігіттеріміздін жігерін жасытты.Қазақтың Шерханы айтқандай, бір кем дүние...

Ал, біз, өңкей шуылдақтар, әлем мойындап, тәжірибесіне бас иген Мырзағали Айтжановты құрбандыққа шалып жібердік.