Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ақтөбелік депутаттар қоғамдық коммуникацияның заманауи әдістерін меңгеруде

Іс-шараны «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырып отыр

Ақтөбелік депутаттар қоғамдық коммуникацияның заманауи әдістерін меңгеруде

Ақтөбеде «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаты депутаттарына екі күндік семинар-тренинг ұйымдастырылды. Тәжірибелі жаттықтырушылар депутаттарды әлеуметтік желілер арқылы азаматтармен тиімді байланыс орнатуға және партия жұмысын ілгерілетуге үйретеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Іс-шараны «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырып отыр. Академия директоры Елдос Нұрланның айтуынша, қоғамдық коммуникацияның заманауи әдістерін меңгеру жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге септігін тигізеді. 
-Біздің лекторлар ақпан айынан бастап барлық аймақты аралап, депутаттарға семинар-тренинг өткізді. Әлеуметпен тиімді жұмыс істеу формалары және партияда жүзеге асырылып жатқан партиялық жобалар аспектілері аясындағы оқуымыз бүгін өзінің мәресіне жетіп отыр. Әріптестеріміз халықпен жұмыс істеуде, олардың мұң-мұқтажын шешуде заманауи әдістерді пайдаланудың маңыздылығын көріп отыр. Сондай-ақ оған мейлінше машығып жатыр. Біздің оқуымыз осымен шектелмейді, - деді ол.

Семинар –тренинг барысында депутаттарға әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланудың әдіс-тәсілдері, әлеуметтік желілер мен интернет арқылы халықпен қарым-қатынас жасау, сондай-ақ әртүрлі платформаларда посттарды ресімдеу, материалды неғұрлым түсінікті, ыңғайлы түрде беру жолдары түсіндірілді. Қатысушылар дәрістің тиімділігін айтуда. 
-Біз материалды ұсынудың жаңа форматтары және контент-жоспарды қалыптастыру, түрлі тақырыптарға сапалы ақпараттық материалдарды даярлау, халықпен қарым-қатынасты арттырудың тиімді жолдарын меңгердік. Семинар-тренингте айтылған ақпараттарды алдағы уақытта халықпен байланысты нығайтуда, өзекті мәселелерді шешуде қолданамыз, – деді облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Күлпаршын Айдарханова. 

Айта кету керек, депутаттарға «TuraNews» ақпараттық-аналитикалық порталының аналитигі, бас редакторы Алмас Тоқабаев, «Kozildirik Media Group» креативті PR-агенттігінің басшысы Ерлан Мусипов дәріс беруде.