Бүгін - қазақтың ұлы ақыны Абайдың туылған күні

Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы дата күнтізбеге Абай күні ретінде ресми бекітілді

Фото: Kazaknews.kz

Бүгін, 10 тамыз – Абай күні. 2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысының негізінде 10 тамыз "Абай күні" дейтін мерекелік дата болып бекітілген болатын,- деп хабарлайды newsroom.kz

Абай күні ретінде 10 тамыздың белгіленуі бекер емес. Ғылыми ортада ойшылдың туған күні туралы екі түрлі нұсқа болғанымен, жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлының туған күні ретінде таңбаланып келді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы дата күнтізбеге Абай күні ретінде ресми бекітілген еді.

Осыдан 179 жыл бұрын қазақ ойшылы, ұлы ақын, ағартушы, композитор Абай Құнанбайұлы дүниеге келді.  

Абай Құнанбаев - қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, композиторы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Қазақстандықтар оның поэмалары, өлеңдері мен аудармаларымен бала кезінен таныс. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.  

Сондай-ақ, Абай Шығыс пен Батыс мәдениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.    

Абай 170-ке жуық өлең, поэма мен "қара сөздерін" жазып, 56 аударма жасады. Оның аудармаларының арқасында әлемдік әдебиет классиктерінің шығармаларын қазақ тілінде оқуға мүмкіндік туды. 

Айта кетелік, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында ақынның ұлт руханиятындағы орнын айшықтау және «Абай жолы» романында мықтап бейнеленген сом тұлғасын экран тіліне түсіріп, жас көрерменге таныстыру мақсатында  «Абай жолы» сериалы қалың көрерменге жол тартты. 

Телехикаяда Абайдың тартысқа толы өмірі қатар көрсетіледі. Бірде жазушының, бірде оның кейіпкері Абайдың өміріне қатар алмаса отырып, екі суреткердің да ерен тұлғалары ашылады. 

 

Жүктелуде...