Астана қаласының маңындағы Талапкер ауылында көкпар ұйымдастырылды,-деп хабарлайды newsroom.kz порталы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан үшін 2024 жылдағы басты спорттық бәсекелердің бірі – Париж Олимпиадасы болса, екінші кезекте – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Астана қаласында өтетін халықаралық шараға әлемнің 89 елінен спортшылар келеді.
1 ай ғана уақыт қалған доданы қоғам арасында кеңінен таныту үшін еліміздің барлық өңірінде «Бірлік керуені» атты топ құрылды. Бұл топқа арнайы іріктелген 10 спорттағы қайраткерлер, журналистер кірді. Міне, бүгін осы көшпенділер ойынының бағдарламасына кіретін спорттарды насихаттау мақсатында көкпардан шеберлік дәрісі өтті.
«Көкпар – қазақтың байырғы заманнан келе жатқан ұлттық спорттың түрі. XXI ғасыр жаһандану кезеңімен тұспа-тұс келгенімен, ұлттық дәстүріміз де ақырындап ұмытылып барады. Күзде алғаш рет ұйымдастырылатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының да маңызы зор. Кей адамдар үшін бұл жүлде жиынтығы сарапқа салынатын қарапайым ғана жарыс болса, біз үшін бұл ата-бабамыздан қалған дәстүрімізді жаңғырту, келешек ұрпаққа айтып қана қою ғана емес, іс-жүзінде көрсету деп білемін. Бұнымен шектелмейміз. Алдағы күндері атқа отыру, асық ату т.б спорт түрлерінен де шеберлік дәрісі өткізіледі», — деді Астана қаласының көкпардан жаттықтырушысы Ерлан Қанапин.
Айта кетейік, 2017 жылдан бастау алған Дүниежүзілік көшпенділер ойыны елордамызда 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Сондай-ақ, «Бірлік керуені» жобасы еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылуда.
Көшпенділер мәдениетінің негізінде құрылған «Бірлік Керуені» 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын республика көлемінде сезінуге мүмкіндік береді дейді ұйымдастырушылар.