Бұл мәліметті БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Асқаров мәлімдеді,-деп хабарлайды newsroom.kz
Бұл шара ағымдағы жылдың 20-30 маусым күндері республика көлемінде өткізіліп жатқан «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы тәулігін қорытындылау мақсатында ұйымдастырылды.
Полиция полковнигі Е.Асқаров: «Жалпы шара кезінде облыста 38 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның 31-і ізі суымай ашылды. Профилактикалық есепте тұратын 1 065 тұлға мекенжайлары бойынша тексерілді. Барлығы 659 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық жасаған 5 азамат, ортақ пайдалану орындарын ластаған 94 тұлға, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішіп жүрген 41 құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Түнгі уақытта жүрген 68 жасөспірімнің ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Ал жол-көлік оқиғасы бойынша көлік құралын мас халде басқарған 5 жүргізуші анықталды. Автокөлікті қарсы бағытта басқарған 6 жүргізушіге шара көрілді»-деп атап өтті.
Сонымен қатар спикер ақпарат өкілдері арқылы шегілмейтін темекі өнімдерін, вейптер, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға және жарнамалауға тыйым салынғанын ескертті.
Бұдан былай бұл заттардың айналымы ҚР Қылмыстық кодексінің 301-1-бабы 1-бөлігінің қолданысына жататынын және 200 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуды, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын жүргізуді, не 200 сағатқа дейінгі мерзімде қоғамдық жұмыстарға тартуды, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды көздейтінін жеткізді. Брифинг соңында журналистер сұрақтарын қойып, сұқбаттасты.