13 шілдеде басталған білім беру гранттарының конкурсына құжат қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары демалыс күні де жалғасын тапты,-деп хабарлайды newsroom.kz
Құжаттарды кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы тапсыруға болады.
Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігі білім беру гранттарын тағайындау конкурсына құжаттарды қабылдау еGov арқылы онлайн форматта жүзеге асырылатындығын естеріңізге салып отыр. Сондай-ақ ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді.
- Биыл бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 19 344 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 8 288 грант тиесілі, - делінген минстрліктің хабарламасында.
Алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген.
Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген. Гранттар тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар.
Еске сала кетсек, 139 мыңға жуық талапкер ҰБТ-да шекті балл жинаған, олар грант конкурсына қатыса алады. Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.