Құрманғазы ауданының тұрғындары Шарон өзенінде вейксерфинг ұйымдастырып, желі қолданушыларын сүйсінтті, - деп хабарлайды newsroom.kz
Биыл көктемде өңірге Волгоград су қоймасынан көп мөлшерде су жіберілген болатын. Соның есебінен Құрманғазы ауылындағы Шарон өзенінде су деңгейі де едәуір көтеріліп қалған еді. Сандарды сөйлетсек, тасқын төнген уақытта су деңгейі 119 сантиметрге дейін жоғарылады. Осыны сәтті қолдана білген экстремалдар вейкбордқа мініп, су үстінде таңғажайып шоу ұйымдастырды.
Вейксерфингист ер азаматтар моторлы қайыққа арқан байлап, соның шетінен ұстаған күйі тақтайша үстіне тұрып, су үстімен сынаптай сырғыды. Кейін әлеуметтік желіде бұл туралы бейнежазба жарияланды. Сол бойда бейнеролик көп қаралым жинап, желі қолданушыларының ыстық ықыласына ие болды. Біз де вейксерфинг ұйымдастырушысын тауып алып, сөзге тарттық. Сөйтсек, ол 11 жылдан бері өрт сөндіруші болып еңбек ететін Нұржан Қойшығұлов деген қарапайым ауыл азаматы болып шықты.
«Кезінде серфинг тақтасын маған ағам берген еді. Ол көп жыл көлікжайда шаң басып тұрды. Біз бұған дейін де көктемде жайылмаға су шыққан кезде автокөлікке трос байлап сырғушы едік. Бірақ бұл дәл қазіргідей керемет болған жоқ. Ал, биыл біздің өзенде су жақсы көтерілді. Сондықтан достарымызбен бірге қайыққа арқан байлап көрдік. Есесіне, тамаша вейксерфинг болды! Мен мұны көп жылдан бері армандап жүрдім. Осындай ғажап сезімді басымнан өткеремін деп ойламаппын.
Әрине, бұл көп адамның қолынан келе бермейді. Су үстінде серфинг тақтасына тұрудың өзі үлкен батылдықты талап етеді. Әрі, шеберлікті де шыңдау керек болады. Адам өзінің салмағын тепе-тең күйде сақтап тұра білуі қажет. Мен өзім осының бәрін «Youtube» арнасы арқылы үйреніп алдым. Бірақ, басқаларға айтарым, желіде жарияланып жатқан неше түрлі қауіпті іс-әрекеттерді қайталай беруге болмайды деп кеңес берер едім. Біз бұл іспен жүрек қалауымен айаныласымыз. Видеоға түсіру ойымызда да болған емес. Бірақ, таңғажайып сәтке куә болған жандардың бірі бейнежазбаға түсіріп, оны желіге жүктеп қойыпты» дейді ол.