Бүгінде алып Америкада еңбек етіп жүрген қарапайым қазақ қызы, жас ғалым Жазира Ғариполла – біздің бүгінгі кейіпкеріміз, – деп хабарлайды newsroom.kz
Қазір ол аты жер жарған «Google» компаниясында жұмыс жасайды. Біз оның әлеуметтік парақшасына кіріп, байланысқа шықтық. Сөйтіп, көкейдегі сауалдарымызға жауап алдық.
- Сіз жөнінде бұрын-соңды естімеген екенбіз. Өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз...
- Менің жасым 26-да. Қазір АҚШ-та, дәлірек айтқанда, Вашингтон штатының Бельвью қаласында тұрып жатырмын. Бұл – осы штаттағы көлемі жағынан бесінші ірі шаһар. Атақты Сиэтл қаласына жақын орналасқан. «Google» компаниясында IT-программист болып еңбек етемін. Бүгінде жұбайыммен бірге бір ұл өсіріп отырған бақытты анамын.
- Әлеуметтік желіде, әсіресе, «инстаграмда» белсенді екенсіз. Бұл да табыс көзі ме?
- Солай деуге де болады. Өйткені, мен секілді әлемге әйгілі компанияда қызмет етіп жатқан қазақстандықтар саусақпен санарлық. Сондықтан мен әлжеліге қандай жазба жарияласам да, лезде көптеген қаралым жинайды. Менің парақшама тіркелгендердің көбісі – Қазақстан азаматтары. Көп жағдайда Америкада өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері туралы жазбалар жариялаймын.
- Жұбайыңыз немен айналысады?
- Ол да менің әріптесім. Осыдан екі жыл бұрын арман қуып Америкаға аттанған едік. Енді бізді өзіңіз секілді журналистер де танып-біліп жатыр....
- Ал, өз еліңізде жұмыс жасап көрдіңіз бе?
- 2018 жылы жоғары оқу орнын бітіре салысымен мұнай компаниясына жұмысқа орналастым. Онда ай сайын 650 АҚШ доллары көлемінде жалақы алып жүрдім. Бірақ, маған білім ешқашан артық етпейтін. Өзімді бір ғана жұмыспен шектегім келмейтін. Сондықтан 2019 жылы ІТ-технология бағытында iOS-әзірлеуші мамандығын меңгеріп алдым. Міне, соның арқасында атақты компаниядағы абыойлы қызметке жолдама алдым.
- Қазіргі жалақыңыз қанша?
- Бұл жерде еңбекақы қызмет деңгейіне байланысты төленеді. Мәселен, мен үшінші деңгейдегі (L3) инженер-бағдарламашымын. Бұл – жұмысқа жаңадан алынған адамның деңгейі. Яғни, жас маман деген сөз. Бұл қатардағы қызметкерлердің тәжірибесі тым аз болып есептеледі. Ендеше, жалақысы да соған сай.
Жалпы алғанда, аталған деңгейдегі қызметкерлерге жылына 135 414 доллар төленеді. Одан бөлек, 19 912 доллар қосымша төлемдер мен премия тағы бар. Соның барлығын қосқанда, 155 326 долларды құрайды. Қазақстан валютасымен алатын болсақ, 70 млн теңгеден асады.
- Сонда, айына шамамен 6 млн теңге табыс түседі деген сөз бе?
- Иә. Бірақ, бұл елде жалақы қаншалықты жоғары болса, тұрмыстық шығындар да соншалықты көп.
- Мұнымен не айтқыңыз келеді?
- Жақында әлжеліде «Google» бағдарламашылары бір күнде қанша ақша жұмсайтыны жөнінде жазба жариялаған едім. Бұл желі қолданушылардың арасында үлкен резонанс тудырды. Мысал ретінде өзімді алсам, мен түске дейін үйде отырып жұмыс жасаймын. Таңғы ас 2 долларға шығады. Ал, кеңсеге дейінгі 11 шақырымдық жолды санағанда, 2 долларды жанармайға жұмсаймын. Есесіне, жұмыста түскі ас тегін беріледі. Кофе де солай. Кешкі асқа қажетті азық-түлік бағасы 75 долларға шығады. Осылайша, барлық шығын шамамен 100 долларға жуықтайды.
– «Google» корпорациясы туралы да айта отырсаңыз...
– «Google Inc.» — америкалық трансұлттық корпорация. Бүгінде ол Америка қоғамдық корпорациясына тиесілі кеңейтілген іздеу жүйесі болып табылады. Танымалдығы бойынша бірінші орында тұр (79.65%). Айына 41 млрд 345 млн сұраныс қабылдайды (нарықтағы үлесі – 62,4%). 25 миллиардтан астам веб-беттерді индекстейді. 2009 жылдың 15 қазанынан бастап ақпараттарды 191 тілде іздей алады. «Google» жүйесі – PDF, RTF, PostScript, Microsoft Word, Microsoft Excel, Microsoft PowerPoint және т.б. форматтағы құжаттарды тауып беру мүмкіндігіне ие.
- Парақшаңызды қарап отырып, Нью-Йорктегі бас кеңсеге бейнесаяхат жасағаныңызды көрдік...
- Бұл әлемдегі ең атақты бренд болғандықтан, бәрі оның қалай жұмыс жасайтынын көріп-білгісі келеді ғой. Айталық, сіз журналист ретінде белгілі бір деректі табу үшін «Google» іздеу жүйесінің көмегіне жүгінесіз. Күніне оны жүз рет қолдануыңыз да мүмкін. Тіпті, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бұл қызметті тұрақты пайдаланады. Демек, сұраныс өте жоғары. Яғни, дәрігер, мұғалім, полицей, тағы да басқа мамандық иелері қандай қажет болса, «Google» мамандары да сондай.
Тағы бір қызығы, кеңсенің әр қабатында асхана («micro kitchen») бар. Онда әртүрлі ұлттың дәстүрлі тағамдары дайындалады. Жұмыс барысында әріптестермен сөйлесетін, керек болса, массаж алатын да арнайы кабинеттер бар. Сол сияқты, спорт залы, аналар бөлмесі, дұға жасауға арналған орындар да қарастырылған.
Өзіңізбен бірге итіңізді де ала келуіңізге болады. Оларға ойыншық толы жәшіктер қойылған. Кеңсенің кеңдігі соншалық, мұнда қызметкерлер самокатпен де жүреді. Жұмыстан шаршаған шақта бильярд немесе компьютерлік ойындар ойнауға мүмкіндік берілген. Ұйқыңыз келсе, оған да орын бөлінген.
- Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдай жасалған десеңізші?
- Жалпы, озық елдерде ең алдымен еңбек адамының денсаулығына қатты көңіл бөлінеді. Содан кейін ғана еңбек өнімділігіне назар аударылады. Сондықтан қызметкерлер іске кіріспес бұрын әуелі қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі. Қазақстанға да осындай еңбек мәдениеті жетіспейді. Бұл олқылықтың орнын толтыру алдағы уақыттың еншісінде деп ойлаймын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек» деген еді. Ендеше, Қазақстанда да әлі талай таңдай қақтырар жарқын жобалар жүзеге асады деп сенемін.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!