Жұмыс бар, жолшы жоқ... (+ФОТО)

Жолшы болып жүргендердің 80 пайызы – арнайы салалық білімі жоқ мамандар.

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Бүгінде елімізде жол құрылысы саласында 30 мың маман жетіспейді, – деп хабарлайды newsroom.kz

Жолшы болып жүргендердің 80 пайызы – арнайы салалық білімі жоқ мамандар. Осыдан кейін «жұмыс жоқ» деген желеуге кім сенеді? Бұл – барып тұрған масылдықтың айқын көрінісі. Енді қайтпек керек? Біз бұл жолы жастардың жол бойында жұмыс жасауға неге құлықсыз екенін анықтауға тырысамыз...

Тағы бір қызықты қараңыз, соңғы он жылдықта небәрі 250 магистрант дайындалса, ал, докторантураға бірде-бір грант бөлінбеген. Неге?!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында автомобиль жолдарының сапасын көтеру, бес жылдың ішінде республикалық маңызға ие жолдардың жағдайын 100 пайызға, облыстық және аудандық маңызға ие жолдарды 95 пайызға жақсы және қанағаттанарлық деңгейге көтеру туралы міндет қойған болатын. Осылайша, Мемлекет басшысы «үйге дейінгі жол» қағидасы жүзеге асырылуы керек екенін айтты. Сонымен...

АТАУЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Қазақстан қазір жолды жобалаудан бастап оны қабылдап алуға дейінгі жұмыстардың бәрін бес саусағындай білетін білікті маманға зәру. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Замир Сағыновтың айтуынша, қарапайым жұмысшыларды амалын іздеп табуға болады, ал, білікті инженерлер жоқтың қасы. Соған қарамастан, елімізде жыл сайын мыңдаған жол салынып, 16 мыңнан астамына диагностика жасалады.

– Елімізде 150 мың шақырымнан астам жолдың 25 мыңы халықаралық автодәліз болып табылса, қалғаны ауыл-аймақты жалғайды. Жыл сайын жол салуға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Қанша жерден жамап жатса да, бір бүтінделе қоймаған жолдың жыры сағызша созылып кетті. Әсіресе, елдің талқысына түсіп, көптің сынына қалатыны – жергілікті жолдар. Себебі, өңірлерде автомагистрал құрылысын терең білетін инженерлер жоқ.

Екіншіден, 2014 жылы жоғары оқу орындарында теміржол, көлік пен әуе жолдары, көпір, бәрі де жалпы құрылысты қамтитын ортақ білім беру бағдарламасына бірігіп кетті. Содан бері көлік жолдары мен аэродром құрылысы мамандығы дербестігінен де, атауынан да айырылды. Шындығында бұл дұрыс емес. Әр сала бөлек-бөлек оқытылуы тиіс. Мәселен, жалпы құрылыс мамандығында 7 мың студент оқыса, соның тек 600-і ғана траснпорттық құрылыс бөлімінде білім алады, - дейді орталық басшысы.

СҰРАНЫС ПЕН ҰСЫНЫС

Елімізде автомобиль жолдары мамандарын даярлайтын сегіз білім ордасы бар. Алайда, білім беру гранттарының көбісі болашақ жолшыларға емес, құрылысшыларға құйылады екен. Егер бұлай жалғаса берсе, онда боалшақта жолшы түгілі, оны оқытатын ұстаздың өзін таба алмай қалуымыз мүмкін.

«Жалпы, құрылыс деген үлкен сала ғой. Оған тек тұрғын үй құрылысы ғана тиесілі болып, жол саласы бөлек қаралуы тиіс. Себебі, бұл өз алдына жеке сала. Оның ішіне көлік те, көпір де кіреді. Мәселен, көпір құрылысында қазір білікті кадр тапшы. Бір күні көпір салатын мамандар да көзден балбұл ұшуы әбден мүмкін» дейді Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтының бірінші проректоры Гүлсім Еспаева.

Бірақ, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова бұл пікірмен келіспейді. Өйткені, оның пікірінше, нарықта жолшы мамандығына сұраныс болмағандықтан, грант та бөлінбей отыр, жастардың да қызығушылығы төмен.

– Сұраныс ұсыныстан туындайды. Бұл – нарықтың нақты заңы. Бүгінде жолшы мамандығына грант бөлу қажеттігі жөнінде білім ордаларынан ешқандай өтініш түспеді. Демек, сұраныс жоқ деген сөз. Ал, егер мемлекеттік орган немесе белгілі бір кәсіпорын бізге ұсыныспен шықса, оны қарастыруға дайынбыз. Алайда, жол саласы мамандығына жеке код беріп, бөлек факультет ашу жоспарда жоқ. Тағы бір айтарым, қазір жол құрылысына кәсіби мамандар ғана жетіспейді. Ал, инженерлерге аса үлкен сұраныс бар деп айта алмаймын. Себебі, олар жол салуға тікелей қатыспайды, тек ұйымдастыру жұмыстарымен немесе ғылыммен ғана айналысады, осыны ескерген жөн. Оның үстіне, университеттрге қазір толықтай академиялық еркіндік беріліп отыр. Яғни, нақты дәйектер мен дәлелдемелерге негізделген ұсыныс болса, білім беру бағдарламаларына кез келген уақытта өзгерістер енгізуге болады, қатып қалған ештеңе жоқ, - дейді Б.Нарбекова.

«АТ ТҰЯҒЫН БАСАР ТАЙ» ЖОҚ!

Ел аумағындағы автомобиль жолдарын алсақ, олардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырымнан асып жығылады. Оның басым бөлігі жөндеуді қажет етеді. Осы орайда, білікті мамандар ауадай керек. Бұл тек бүгін ғана туындап отырған мәселе емес. Мұның айтылып келе жатқанына біраз болды. Кеңес одағы кезіндегі білікті кадрдың бәрі қазір зейнеткерлікке шыққан. Ал, олардың ізін басатын жас маман өте аз.

 «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» талдауына сәйкес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары мен бөлімдерінің қызметкерлерінің небәрі 10 пайызында ғана тиісті дипломы бар болып шықты. Ал, қалғаны мұғалім, экономист, заңгер секілді мамандар деген сөз. Осылар бүгінде жол құрылысына жауапты болып отыр.

Осыны ескерген орталық «2000 мектеп» акциясын қолға алды. Нәтижесінде, төрт жылда білікті жолшылар еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім ұяларын аралап, кәсіби бағыт-бағдар берді. Бұл бастама қазір өз жемісін беріп жатыр деуге болады. Өйткені, университеттер мен колледждерде жол саласы мамандығына түсуші талапкерлер соңғы уақытта артып келеді екен. Мысалы, Қызылорда қаласындағы аграрлы-техникалық жоғары колледжінде жол құрылысы мамандығы ашылып, алғашқы 25 студент білім алып жатыр. Сондай-ақ, аталған орталық тиісті министрлікке грант санын көбейту жөнінде ұсыныс берген.

ЖОЛШЫ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС...

Жалпы, статистикаға сүйенсек, еліміздегі 120 жоғары оқу орнына 88 мыңнан аса грант бөлініп отыр. Сол білім ордаларынан жыл сайын 187 мыңдай студент түлеп ұшады. Ал, 38 оқу орнында 8 мыңнан астам құрылыс маманы даярланады. Оның ішінде бар болғаны сегіз білім ордасында 3 мыңдай ғана жол мамандары білім алады.

Ал, «Жол активтері Ұлттық сапа орталығының» департамент басшысы Шалқар Қасымхановтың айтуынша, жастардың көбісі жолшы мамандығының артықшылықтарын біле бермейді. Сондықтан да мол мүмкіндіктен қалыс қалып отыр. Оларға мамандықтың маңыздылығы мен өміршеңдігін түсіндіріп, насихаттау жұмыстарын жүргізу керек.

 «Жастар жолшы болу дегенді қолға күрек алып, жол салу немесе жөндеу, яғни, қарапайым қара жұмыс деп түсінеді. Ал, бұл олай емес қой. Жол құрылысы саласы сан қырлы, онда жобалаушы да, зертханашы да, технолог та, ІТ-бағдарламашы да – бәрі бар. Қарапайым шеберден бастап жауапты учаске басшысына дейінгілер 300-350 мың теңге аралығында жалақы алады. Ал, инженерлер одан да көп – 700-750 мың теңге шамасында. Сондықтан жолшылардың абыройы асқақ, беделі биік екенін естен шығармаған жөн» дейді Ш.Қасымханов.

Жалпы, автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында қадап айтқан болатын.

«Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек» деді Мемлекет басшысы.

СӨЗ СОҢЫ

Тағы да санақ мәліметін келтірсек, көлік жолдарының желісі бойынша Қазақстан 32-орында тұр екен. Ал, дүниежүзілік экономикалық форум статистикасына сүйенсек, 141 мемлекеттің ішінде біздің еліміз 93-орынға табан тірепті. Осының өзінен жолшыларға деген сұраныстың қаншалықты жоғары екенін айқын аңғаруға болады. Олай болса, жол құрылысына қажетті мамандарды шалғайдағы шетелден шақыртпай, өзімізде дайындағанымыз дұрыс-ақ.

ЖОЛДАУ ЖОЛДАРЫНАН:

«2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Жүктелуде...