Атырау облысы Миялы ауылында салынып жатқан үйге найзағай түсті. Ғимаратта өрт болып, 35 жастағы өзбекстандық қаза тапты, – деп хабарлайды newsroom.kz порталы "Ақ Жайыққа" сілтеме жасап.
Кешкі сағат 7 шамасында Қызылқоға ауданы Миялы ауылындағы Үсенов көшесіндегі үйге найзағай түсіп, өрт шыққан. Бір техникасы ғана бар жергілікті өрт сөндіру бөлімінің үш қызметкері қызыл жалынды ауыздықтады.
Салынып жатқан үйдің ас бөлмесінде адам болғаны анықталды. Ол 1989 жылы туған Өзбекстан азаматы болып шықты. Тергеу барысында шетелдіктің осы жылдың 28 мамырында "Бейнеу" шекара бекеті арқылы Қазақстанға келгені және Миялы ауылының тұрғынының үйінде уақытша тіркелгені анықталды.
Тексеру кезінде мәйіттен дене жарақаты анықталған жоқ. Мәйіт сот-медициналық сараптама үшін аудандық аурухананың мәйітханасына жеткізілген.