Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігер-эндоскописты Бабур Рахманқұлов 1 жасар бүлдіршіннің тыныс алу жолынан тауықтың сүйегін алып шықты, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Түркістан облысы, «Мақтарал» орталық ауруханасына ауыр халмен жеткен бір жасар бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Одан соң, санитарлық авиация желісі арқылы облыстық балалар ауруханасының балалар торакальды хирургы мен реаниматологы ауруханасына ауыстырылған. Балаға шұғыл түрде зерттеулер жүргізіліп, бронхоскопия арқылы сол жақ өкпесінің жанындағы негізгі бронхысынан тауықтың сүйегі алынған. Баланың анасының сөзінше бала кешкі сағат 22:00 шамасында полиэтилен пакетімен ойнап отырып, тұншыға бастаған. Жөтелден кейін өкпесінде сырылдар пайда болып, дем алуы қиындаған.
«Бала біздің ауруханаға ауыр халде жеткізілді. «Мақтарал» орталық ауруханасының дәрігерлерінің сөзінше баланың тыныс алу жолында полиэтилен пакеті болған дейді. Алайда, біздің аруханада жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, баланың таныс алу жолында тауықтың сүйегі болған. Ол баланың сол жақ өкпе жағында орналасқан. Бүгінде баланың денсаулығы бір қалыпты, жақсарып келеді. Мұндай жағдайлар балалар арасында жиі болып тұрады. Әсіресе балалардың тыныс алу жолы мен асқазанына түрлі заттар түсіп кетіп, ауыр жағдайда келеді. Қазір қолымызда балалардың асқазаны мен тыныс алу жолдарынан алынған заттар бар. Оның ішінде, баланың тыныс алу жолына стоматологиялық ине түсіп, соны алып шыққан кездеріміз де болған. Мұндай жағдайда науқасқа наркоз беріліп, ары қарай жұмыстар жүргізіледі. Тұрғындарға айтарым егерде осындай оқыс жағдайлар орын алатын болса, бірден медициналық мекемелерге жүгініңіздер дегім келеді», – дейді Бабур Рахманқұлов.