"Хабар" арнасында наурызда тұсауы кесілген "Бес жұлдыз" мега шоуының мәресіне жетуіне санаулы апта қалды. Нағыз мықты өнерпаз гранд-финал кезінде анықталады. Айта кетерлігі, жаңа форматта көрерменге жол тартқан жұлдызды сайыс өзінің бірегейлігімен ерекшеленіп отыр,-деп хабарлайды newsroom.kz порталы nur.kz-ке сілтеме жасап.
Тәлімгер мен шәкірт сабақтастығы Жобаның негізі тәлімгер мен шәкірт сабақтастығында құрылған. Жоба республикалық ауқымда жүзеге асырылуда. Байқаудың сарапшылары еліміздің барлық өңірінен арнайы шақырылған. Жас дарындардың бағын жағып, өнердегі жолын ашатын шоуда олардың бабын табатын тәлімгерлер бар. Шәкіртіне бар білгенін үйретіп, керек болса, онымен бірге сахнада ән салады. Қатысушылардың өнерін әр өңірден және түрлі саладан шақырылған мамандар бағалайды. Өнерпаздардың кемшін тұстары болса, түзетіп, өнер жолына бағыт-бағдар береді. Әнші, сазгер, аранжировщик… Үміткерлердің өнеріне отыз адам баға беріп, жол сілтейді. Ақболат Өтебай пен Ғазиз Ерболат. Фото: "Хабар" Агенттігі" АҚ "Бес жұлдыз" шоуын жүргізуші ретінде көрерменге танымал Ақболат Өтебаев пен Ғазиз Ерболат тізгіндеген. Сәкен Майғазиев – жобаның бас сарапшысы. "Керемет дүниелердің бірі осы – "Хабар" арнасы ұсынып жатқан "Бес жұлдыз" жобасы. Неге десеңіздер, бұл жобаны шалғайдағы бүкіл ауыл, елді мекендегі көрермендер тамашалайды. Шығармашылықта жүрген, өзінің бағы жанбаған немесе күллі қазақ тани бермейтін жастарды тұлға етіп қалыптастыру мақсатында жасалып жатқан жақсы дүние", – деді Сәкен Майғазиев.
Кіл жүйріктің ішінен шын жүйрікті анықтау... "Бес жұлдыз" форматына сәйкес әр бағдарламада бес қатысушы өнер көрсетеді. Бірінші кезеңде әр орындаушы тәлімгерімен ән салды. Екінші кезеңде жеке өнер көрсетеді. Оларды сарапшылар бағалап, ең жоғары ұпай иеленген өнерпаз финалға өтеді. Барлығы 16 шығарылымнан іріктелген жеңімпаздар ақтық сайыста бас қосады.
29 маусымда өтетін жобаның ақтық сайысында бас төреші "Хабар" арнасының көрермені болады. Олар өз дауыстарын телеграм канал арқылы бере алады. Бірінші қатысушы сахнаға шыққан сәттен қапы қалмаңыз! Дауыс беру тек ән айту барысында және пікір айту кезінде қабылданады. Яғни, сіздің дауысыңыз бәрін шешуі мүмкін. "Қай жоба болсын, оны өткерген адамға қандай да бір пайдасы болары анық. Келген жаңа буынға бұл 100% пайыз көмектеседі деп ойлаймын. Әрқайсысы қазақтың өнерін танытатын жұлдыздар болса екен деп тілеймін. Лайым солай болғай, осы бағдарлама алғашқы трамплині болсын" , – деп ағынан жарылды әнші Ғаділбек Жанай. Ажарлым Мағзұм. Фото: "Хабар" Агенттігі" АҚ Өнер додасы телеарна деңгейінде ғана емес, республиканың түкпір-түкпірін және алыс-жақын шетелдегі өнерпаздардың қызығушылығын тудырды. Мәселен, Өзгеріс Шерікбай есімді қатысушы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан арнайы ат басын бұрған. Сонымен қатар бақ сынаушылар қатарында Атыраудан келген Нұршат Құсанова, Махамбетәлі Әбілдә, алматылық Римма Ахметова, Толғанай Пазылақын, Тараздан Аян Байжігіт бар. Ақтөбе облысының намысын Ескелді Қуандық (ESKO) қорғаса, елордадан Эльдар Омаров қатысып жатыр. Өзгеріс Шерікбай. Фото: "Хабар" Агенттігі" АҚ Өнері асқақтайтын халықтың жұлдызы шоқжұлдыз тәрбиелейді "Хабар" арнасы әрқашан көрерменге жақын, рухани тұрғыдан берері мол дүниені ұсынуға күш салады. Эфир мәдени, саяси бағдарламалармен, деректі фильмдермен толығып, аудиторияға жаңа дүниелер жол тартып жатады. Бұл телевизиялық маусымның төрінен "Бес жұлдыз" жобасы орын алды. Аталған шоуда нағыз жарыстың атмосферасын сезіндіру үшін барынша танымал музыканттардың басы қосылды. Безендіруі, костюмдер, студия, дыбыс – бәрі бүге-шүгесіне дейін ойластырылған. Жаңа жоба таланттарға үлкен сахнаға жол ашып, көрермен ілтипатына бөленеді деп сенеміз, – деп атап өтті "Хабар" Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев. "Бес жұлдыз" – бұған дейін тасада қалған таланттарды, ауылдағы танылмай жүрген дарындарды мойындатуға, желіден тапқан хас жүйріктерді танымал етуге мүмкіндік беретін жоба. 29 маусым күні сағат 19.00-де мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан нағыз таланттың есімі белгілі болады. Дауыс беріңіздер! Жаңа есім таңдалатын тарихи сәтке сіз де үлес қосыңыз!