Абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметовпен сонау 1930- жылдардағы зұлмат аштық, қан-қасап репрессия қасіреті туралысұхбат құрған едік. Тоқсан үшке аяқ басқан санасы сергек, ойы орамды абыз қария сол бір қиын-қыстау күндерді толқыныспен есіне алды,-деп хабарлайды newsroom.kz
- Отызыншы жылдардың нәубет аштығын, саяси қуғын-сүргін зұлматын көзбен көріп, бастан кешірген буынның өкілісіз. Осы кезең туралы айтылғанда әуелі ойыңызға қандай жағдайлар оралады?
- Ол кезде мен кішкентай бала болым. Ел аштықтан енді-енді ес жия бастағанда 4-5 жастағы бала едім. Сол кездің өзінде ауыл маңында әне жер міне жерде адамдардың өліп жататыны еміс-еміс есімде. Жалпы біздің өлкеге аштықтың зардабы қатты батты деп айтуға болады. Аштыққа ұшыраған жұрт сонау Арқадан, Шудан бері қарай шұбырған ғой, кейіннен естіп білгенде.
Сол қиыншылыққа толы қасіретті заманда көптеген әулеттер мүлде құрып кетті. Біздің өз әулетімізді де құрта жаздады. Біздің отбасымызда он жеті адам бар еді. Содан төрт-ақ адам қалдық қой. Әуелі әкемді бай-құлақ ретінде ұстап қамаған екен. Ол кісі үнемі түрмеде болды. Ағаларымды да ұстап қамайды. Олардың біреуі түрмеде қаза болыпты. Біреуі армияға алынып, содан кейін хабарсыз кеткен. Осылайша, аштық пен ұстау қатар келгендіктен біздің отбасымызға отызыншы жылдардың зардабы ауыр болды. Еуропалық стильдегі даңғарадай ағаш үйімізді де өртеп жіберген ғой, қызылкөз белсенділер. Біздің үйді өртеген себебі – ауқатты әкеміздің үйде тыққан алтыны болғандығын біліп соны іздегені екен. Алғаш ұстаған кезде де келіп іздегенімен таба алмапты. Үйдің ішінде үлкен тіреу ағаштың ішіне жасырған екен ғой әкем. Ақыры үйді отқа орап өртегенде сол тіреу де күл болып жанған кезде тауып алып тыныш тапқан екен жауыздар. Осылайша пана тұтар баспанасыз қалғандықтан, анамыз біздерді алып, бас сауғалауға мәжбүр болады. Сегіз шақырым жердегі Кемербастау деген ауылда тұратын жездемізге барып паналау үшін сол жаққа жаяу-жалпы шұбырдық. Мен төрт-бес жастағы баламын. Таңертең шыққанбыз. Бұралған ашпыз. Біраз жүрген соң әлсіреп отырып қаламыз. Осылай сүйретіліп келе жатқанда кеш түсіп қараңғылық болып кетті. Сол бара жатқанда қасқырдың шабуылына ұшырадық. Сол Кемербастауда Өріктісай деген жер бар. Соған жете бергенде қасқыр қамалады ғой. Ол кезде елде мал атаулы жоқтың қасы. Қасқырлар тек адам жейді. Үш қасқырдың қамап алғаны, қолында таяғы бар шешемнің айбат шегіп айқайлағаны әлі күнге дейін есімде. Мен қорыққанымнан шешемнің етегіне кіріп кетіппін. Содан бір уақытта шешем мені жетелеп ала жөнелді. Сөйтсем, ана емізулі қарындасымды сол жерге тастап, мені алып кетіп бара жатқаны екен. Әкем ұсталып бара жатқанда: «Қандай жағдай болса да осы баланы сақта!» - деп тапсырған екен ғой, жарықтық. Осы бір қайғылы оқиға әлі күнге дейін ойымда жаңғырып тұрады. Көзбен көрдік, кейіннен шешем толықтырып айтып берді не болғанын, қалай болғанын. Осылайша бір кездегі ақар-шақарлы толықсыған отбасымыздағы он жеті адамнан шешем, мен, күйеуге тиіп кеткен әпкем және бәйбішеден туған ағай бар еді, сол төртеуіміз ғана қалдық.
- Аштық нәубетіне тек қазақтар ғана ұшырады ма? Түстік өлкені мекендеген өзге ұлттар аштыққа ұшыраған жоқ па?
- Ол кезде кімнің ұшырап, кімнің ұшырамағанын аңғаратын жаста емес едік. Дегенмен кейіннен бағамдап қарағанда мұндағы отырықшы халықтар, атап айтқанда орыстар, өзбектер аштыққа ұшырамағандығын көреміз. Шындығын айтқанда Кеңес үкіметі мұны әдейі қолдан ұйымдастырды ғой. Оның дәлелі қандай десеңіз, 1930 жылы 26 маусым мен 16 шілде аралығында Мәскеуде Бүкілодақтық коммунистік партияның 16 съезі өткен болатын. Осы съезде КСРО Әскери және теңіз істері бойынша халық комиссары К.Э.Ворошилов делегаттардың алдында сөз сөйлейді. Сонда ол былай деп атап көрсетеді: «Біз ашаршылықты саналы түрде ұйымдастырамыз. Өйткені кулактарды тап ретінде жою керек. Оларға жаны ашитын тілектестер де соңдарынан жойылып кетуі керек». Көрдіңіз бе, кеңес билігі аштықты саналы түрде жоспарлап ұйымдастырғанының айғағы осы емес пе? Ворошилов мұны ашық айтады.
Біздің туып-өскен жеріміз – Түлкібас ауданы. Орталығы – қазіргі Тұраркент. Қуғын-сүргін жылдары біздің елге қатты тигенін айттық. Осы қарсаңда көршілес Қырғыз еліне бас сауғалап асып кетіп аман қалғандар да болды. Бір жақын ағайындарымыз бар еді. Сол Қырғыз жақтағы жегжаттарына кетіп қалды да, отбасы дін аман қалды. Ал мұнда қалғандардың отбасы быт-шыт болды. Азаматтар ұсталып, жақсы үй- жайлары түгел ойрандалды. Осындай қиыншылықтарды көре жүріп есейіп, ержеттік. Біз сегізінші, оныншы сыныптарда оқып жүргенде астрономиядан, физикадан т.б. сабақтар орысша берілді. Орыс тіліне жетік емеспіз, шала- пұла түсінеміз. Бұл жөнінде кезінде шет жағалап жаздым, айттым да. Аштық туралы алпысыншы жылдары ақырындап айта бастады-ау деймін. Бір орыс жігіті осы жөнінде жазып, білгенімді айтып бергенім есімде.
- Миллиондаған қазақтың өмірін жалмаған нәубет аштықты өктем жұрттың бодан халыққа жасаған қысастығы, геноцид деп бағалауға болады ғой?
Солай. Жалпы бүгінгі күнмен алайықшы. Қазіргі жағдайымыз алмағайып. Шамасы мынау Ресей ыдырап кетеді. Ресей тарағаннан кейін аумақта түрлі өзгерістер болып кетуі мүмкін. Татарстан қатарлы республикалар өз алдына мемлекет болып кетер. Кезінде «шетелмен шекарасы болмаса болмайды» деп татарларға одақтас республика мәртебесін бермей қойған ғой. Тек шет мемлекеттермен шекараласатындарға, атап айтқанда қазақтар, тәжіктер, өзбектер, қырғыздарға т.б. ғана одақтас республика мәртебесін берген. Бақытымызға орай, осы ұстаным аясында Лениннің кезінде қазіргі шекараға қолын қойдырып алдық қой. Мәселе сонда. Бұл сол тұстағы қайран ағалардың ерлігінің арқасында қолға келген іс қой. Соңынан олардың әрбірін олай-бұлай деп құртты. Нағыз халық жанашырлары – солар болатын.
Жалпы о баста-ақ Ресейдің Петр І патшасы қазақты жер бетінен жоюды жоспарлаған. Содан кейін қазақтың күні тумады ғой. Сталин де жек көрді бізді. Себебі, халықтардың ішінде оған қарсы шыққан тікелей қазақтардан шыққан зиялылар болды. Хаттамаларды оқыдым, сонда: «Иосиф Висарионович, ты ошибаешсья! Дай Бог не ошибатсья!», - деп айтатыны бар. Мұндай сөзді бүкіл совет халқында тек қазақтар ғана айта алған. Бізге Голощекинді әкім қылып әкелгені де кездейсоқ емес. Оған да қарсылық болды. Атап айтқанда ел басқару мәселесіндегі жөнсіздікке байланысты сөзге келіп қалғанда Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, қызу қанды азаматЖалау Мыңбаев Голощекинді құлақ-шекеден бір-ақ ұрып құлатқан ғой. Содан есінен танып қалған басшы жарты сағат бойы серейіп жатқан екен. Осыдан кейін ол жоғарыға қоңырау шалған. Осыдан кейін Жалау Мыңбаевтың қызметін төмендетіп, еш өрлетпеген. Елінің қамын ойлаған кесек ойлы Жалау Мыңбаевтан кейін бұл қызметке Елтай Ерназаровты әкеліп қойды.
- Қазақстанның әр түкпірінде Елтай аталатын елді мекендер, теміржол бекеттерін кездестіреміз. Мұның бәрі сол Елтай Ерназаровтың атымен аталған ғой?
- Бұл кісі біздің өңірден, қазіргі Төлеби ауданынан шыққан адам ғой. Елтай деген ауыл бар, ол кісінің атында. Елтай Ерназаровтың шын тегі Тышқанбаев екен. Басшы боларда Ерназаров болып өзгертілген. Елтай Ерназаров – коммунистік билікке қажет болғанқарапайым адам ғой. Ол кісі туралы сан түрлі аңыз айтылады. Ел қырылып жатқанда: «Осы ел неге аштан қырылып жатыр? Үйлерінде тамақ жоқ па? Біздің үйде ақ түйенің қарны жарылып жатыр емес пе?» - деп, сәлем бере барған ағайындарынан таңырқап сұрайды екен ғой. Пойызбен өтіп бара жатып жолдағы станцияда арыз- арманына айтпаққа жиналып тұрған жұрттың алдына шыққанда олардың қайғы-қасіретімен ісі жоқ: «Жолдастар, жоспар, жоспар және жоспар!» - деп айқайлап кете барғандығы туралыайтылады.Атқару Комитеті Төрағасы деген биік лауазымға жай ғана таңбасын басып, қолын қойдыру үшін ғана отырғызып қойған адам ғой. Голщекиннің айтқанын екі етпейді. Міне, осы екі етпеудің зардабын халқымыз тартты. Айтпақшы үлкенді-кішілі басшылар, зиялылар тегіс ұсталып, құрбандыққа шалынып жатқанда ол кісі репрессияға ұшыраған жоқ.
- Нәубет аштықтан кейін аз да болса тыныштық орнағандай болғанымен, отыз жетінің саяси зұлматы елдің басына тағы да қара бұлт үйірді ғой. Бала да болса, сезінген боларсыздар?
- Әрине, сезіндік қой. Саяси қуғын-сүргін жылдары мен мектеп оқушысы болдым. Неліктен не болып жатқанын әлі де болса толық аңғара қоймайтын жаста болсақ та ел ішін жайлаған үрейді сезетінбіз. 1937 жылы біздің жақтағы Жданов колхозында (Тұрар Рысқұловтың ауылында) адамдардың ұсталып жатқаны айтылып жататын. Ел үрейлі. Мұндай әңгімені бір-біріне сыбырлап айтады. Біздің елден әйгілі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов шыққан. Бір күні Тұрар Рысқұлов ұсталды деп естідік. Содан кейін біздің елге келіп молынан ұстаған ғой жазықсыз адамдарды. Сондайлардың бірі туралы мысал келтірейін, ауылда бір бейуаз, қарапайым ағамыз бар еді. «Тұрар ағай ауылға келгенде мен қолына су құйғанмын!», - деп, осыны мақтаныш етіп айтып жүретін. Осы бір ауыз сөзіне бола «Тұрар Рысқұловтың сыбайласы» деп ұстап әкетіп, әлгі ағайымыз сол бетінде оралмады. Мұндай мысалдар көп қой. Елдегі қаншама ер адамдарды осылайша алып кетті. Олардың соңында қалған әйелдердіәлгі ерлердің ағайындарына тиюге тыйым салды. Осыдан кейін еріксіз орысқа тиіп кеткен әйелдер болды. Бүкіл Оңтүстік Қазақстан өлкесін қайдам, біздің өңірге қуғын-сүргін зұлматы ауыр тиді. Оңтүстік Қазақстан облысы ол заманда Жамбыл, Қызылорда облысымен бірге еді ғой. Бәрінің әкімшілік орталығы Шымкент қаласы болды.
- Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге ғұмырыңызды арнап келесіз. Отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін Баукеңнің өмір жолына қалай әсер етті?
- Баукең ол кезеңде Қиыр Шығыста әскери қызметте болды ғой. Армияда да халық жауларын, саяси сенімсіздерді аулағаны белгілі.Баукең қызмет ететін полктің командирі де жала жабылып ұсталыпты. Қапасқа түскен офицер өзінің қарамағындағы бірбеткей командирден әлдеқалай күдіктеніп: «Мені құртқан Момышұлы. Соның айтып көрсетуімен ұсталған болармын!», - деп ойлаған екен. Керісінше, Баукең оны жақтап шыққандығы анық болады. Біраздан соң әлгі командир аман-есен құтылып шығып, екеуі жақсы табысып кетеді. Бұл сол Сібірде жүрген кезінде болған оқиға. Баукең әлгі жапондармен болған Хасан көлі соғысына қатысқан сол кезеңде. Осылайша елден жырақта жүріп аман қалды ғой.
- Баукеңнің өмір жолына қатысты ел арасында кейбір айтылып жүретін көптеген оқиғалардың жалғандығына, дәлелсіздігіне қатысты не айтуға болады?
- Жақсының артынан сөз ереді. Бірақ олардың көбі еш негізсіз жалған дақпырт, жасанды аңыздар болып жатады. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлының Кеңес Одағынан барған әскер құрамында Шығыс Түркістан армиясы сапында болып соғысқандығы туралы. Бұл – жалған дерек. Баукең ол жақта соғыспақ түгілі, болған да емес. Мен Баукеңнің жанында жиырма үш жыл бірге болдым ғой. Аспирантура оқып жүргенде АлматыдаБаукеңнің үйінде жаттым. Бүкіл мұрасын сұрыптап, хаттап мұрағатқа тапсырдым. Баукеңнің қалдырған: «Менің жазба мұрағатым Мекемтастың билігінде болады. Ешкім араласпасын», - деген хаты да бар. Осы өсиет бойынша Баукеңнің мұраларын баспаға әзірлеу жұмысын жүргізіп келе жатырмын. Нәтиже жаман емес. Жүз том деп айтқанымызбен, шын мәнінде Баукеңнің мұралары бұл межеден әлдеқайда асып кетеді. Ол кісінің соғыс уақытында жазған карталары бар. Екі жүз жеті рет соғысқа тікелей араласқан ғой. Баукең соның бәріне әскери-тактикалық есеп негізінде карта жазған. Ол
карта қазіргі күнде өз отбасында, келіні Зейнептің қолында. Жүз томдықты жасау барысында соның он-он бес томы карта бойынша кетуі керек. Яғни карталарды бере отырып, оған түсініктеме жазу керек. Әскери мамандардың көмегі керек бұл іске.
- Алға қойған мақсаттарыңызды толықтай орындап, ұлт руханиятының қазынасын байыту жолындағы саналы ғұмырыңыз ұзақ болғай! Сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!