Кентау қаласының жылу энерго орталығын жаңа жылыту маусымында сапалы жылумен қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде, - деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексерген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жылу көздерін жаңғырту барысын бақылап, жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Белгіленген мерзімінде аяқтап, сапасына басты назар аударуды міндеттеді. Жылу көздерін қайта құрылымдау кестеге сәйкес жүргізілуде.
Жөндеу жұмыстарына қажетті қондырғылар шетелден тасымалданады. Осыған қатысты облыс әкімі тапсырыс беру жұмыстарын ширатуды жүктеді. Мердігерлерге кестеден қалған әр күнге белгіленген айыппұлдың артатынын ескертті. Жөндеу жұмыстарының барысы облыс әкімінің тікелей бақылауында.
ЖЭО-дағы электр энергиясының генерациясы орталықтың өз қажеттіліктерін өтеуге де жетпейді, ал тариф күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Кентау тұрғындарын және әлеуметтік нысандарды сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында «Кентау қ. ЖЭО «№7,8,9,10,11,12 қазандықтарын күрделі жөндеу» жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның конкурстық құны 12,9 млрд. теңге, оның ішінде ҚР Үкімет резервінен 9 млрд. теңге, қалған 3,9 млрд. теңге облыстық бюджеттен қарастырылды. Кентау қаласындағы жылу көздерін жаңғыртуға Үкімет резервінен қаражат бөлінді.
Жылу энерго орталығындағы 8 қазандықтың екеуі қайта құрылды. Жылыту маусымы басталғанға дейін жылу энерго орталығындағы жалпы 6 қазандықты қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде Кентау қаласының жылу-энерго орталығын 4 бірдей қазандығы толықтай жаңадан орнатылады. Екі қазандықтың толық жаңартылуы мамыр айының соңында аяқталады. Бұдан бөлек 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өтеді.
Кеншілер шаһарына арнайы барған облыс әкімі мердігерлерге маңызды істі аса жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.
Жылу орталығындағы жабдықтарды жаңартудан бөлек, бас ғимаратты қалпына келтіру керектігін айтты.
– Жылу орталығындағы жаңарту жұмыстары ерекше назарда. Тұрғындардың мүддесі қорғалып, жылудан мәселе туындамауы керек. Сол үшін адал, сапалы жұмыс істеңіздер. Қателікке, кемшілікке жол берілмейді. Мұқият болыңыздар. Жаңа жылу маусымына 4 бірдей қазандық толықтай жаңадан орнатылады. Тағы екі қазандық жөнделіп, толыққанды жұмыс істейді. Келісімшартта көрсетілген барлық талаптар толық орындалуы тиіс. Күрделі жөндеу, қазандықтарды ауыстыру жұмыстарының сапасына басты назар аударған жөн. Барлық жұмыстардың талапқа сай орындалуының қатаң қадағалауда, – деді Дархан Сатыбалды.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған стратегиялық нысанда қазандықтар әбден тозған. 2023 жылы 4 қазандық демеушілер есебінен жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ 6,6 шақырым магистральды жылу жүйелерін қайта құруға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 4,7 шақырым жылу магистралі толық ауыстырылды. Қалған 1,9 шақырым жылу желілерін жаңарту жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланған.
Заңсыз жылу жүйесене қосылғандар әлі де анықталуда. Кәсіпкерлік нысандар мен жеке үйлер тексеріледі, заңсыз қосылғандар орталық жылу көзінен ажыратылады. Тұрғын үйдің ішкі жылу құбырлары да тозған. Жылу сапасын жақсарту жұмыстары атқарылуда. Бұл меншік иелеріне көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.