Біздің қоғамның өзі қатігез - Ләззат Ахатова

Белгілі заңгер елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтты

Фото: zberovski.ru

Жұбайын өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісі дүйім жұрттың назарын өзіне аударды. Әділетті сот болып, іс оңынан аяқталғанын барша қоғам асыға күтіп отыр. Ал осы іс туралы, жалпы қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы мамандардың пікірі қандай?

Белгілі заңгер, Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Астана қалалық өкілдігінің жетекшісі Ләззат Ахатова newsroom.kz порталына берген сұхбатында осы сауалдарға жауап берді. 

1. БҰҰ Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жылына 400 әйел қайтыс болады деп есептейді. Бұның негізгі себебі неде деп ойлайсыз?

- Ол жалған мәлімет, жылына 400 әйел адам қайтыс болса, соншама қылмыстық істі естімеуіміз мүмкін емес.

2.    Әйелін өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісі елде резонанс тудырды. Әділ сот болса, бұл іс сіздің ойыңызша қалай аяқталуға тиіс?

Әріптестерімнің бірі “Бишімбаев өмір бойына сотталады, оған негіз бар” деп, жазып жатыр, бір әріптесім “бытовуха ғой, дәл солай ұрып-соғып, әйелін өлтіріп қойғанды жақында қорғадым, 8 жыл берді. “С особой жестокостью” дейтіндей қол-аяғын кесіп, басын шауып тастаған жоқ” дейді. 106-шы баптың 3 - бөлігіне қайта саралануға жататын қылмыс деп есептейді. Әр түрлі пікір, заңгерлер арасында да. Әрқайсысы өз практикасынан мысал етіп айтып жатыр. Бір қызығы, дәл осындай қылмыспен өмір бойына сотталғандар жоқ екен. Минимум 8-12, максимум 15-20 жылдың арасы. Бишімбаевты өмір бойына соттаса, бірінші болайын деп тұр. Көреміз енді. Бұл соттан кейін сот саласында, қылмыстық заңнамада біраз өзгеріс болатын сияқты. Бұл іс "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" 106-баптың 3-тармағына сай келеді деп есептеймін. Сот әділ болса, осы баппен қайта саралануы керек, ал дәл қазіргі баппен кетсе, саяси іс боп кеткенінің айғағы. Өмір бойына сотталса, бұдан ауыр қылмыс жасағандардың ісін қайта қарау керек. Мысалы, күйеуін турап өлтірген түркістандық келіншекке 15 жыл берген. Ал бұл жерде ондай дене мүшелерін кескілеу сияқты жантүршігерлік әрекеттер орын алмаған. Сондықтан 99-баптың 2-бөлігіне келмейді деп есептеймін.
 

3.    Желіде Салтанат Нүкенованы кінәлап, Қуандық Бишімбаевты ақтап жатқандар бар. Қоғам неге жәбірленушіні емес, зорлықшыны ақтайды?

- Қоғамның зорлықшыны ақтап жатқанын көрмедім. Керісінше, жәбірленушіні өте көп адам қолдап отыр. Тіпті біржақты кіналау да басым сияқты. 

Бізде барлық нәрсеге біржақты қарау, біржақты баға беру басым десем, тағы “тізімге” ілініп кететін шығармын, жоқ жерден. Кез-келген іске объективті қарайық дегенім үшін біраз адам (арасында “зиялы” кісілер де бар) “қарғап-сілеп” еді. Жүйелі қарғыс жүйесін, жүйесіз қарғыс иесін табатынын білмейтіндер желіде эмоцияларын тежей алмай, неше түрлі запыран ақтарып отыратындықтарын соңғы кезде жиі көрем.Көрем де, ойланам. Бұл ненің белгісі деп..Ештеңеге сенім қалмағандықтан ба, жоқ , елден қалмай, айтаққа ере беру ме? Екеуі де бар-ау. Ақыры іліккен “тізім” ғой, ойымды бүкпесіз айтам деп, ілігіп кетем ғой, көп жерде. Сонда да тағы бір пікірімді айтайын.

Бишімбаев - 90 -жылдардағы тоқыраудан кейін пайда болған “жаңа қазақтың” үлгісі. Сауаты бар, дүние танымы кең, өйткені талай шетелдерде болып, әлемнің озық оқу орындарынан дәріс алған, бірақ адамгершілік, обал-сауап дегенді ұмытқан, оны айтқан адамды өмірден қалып кеткен деп есептейтін, ақшаның буына есірген, көркөкірек, бір сөзбен айтқанда, жемқор жүйенің жемісі. Ондай түсініктегі “мәңгүрт” басшылар жоғарыда әлі бар, өкінішке қарай..

Ал марқұм Салтанат - келін болып, отбасы құруға дайын болмаған, сыртқы сұлулығына малданып, қалталы еркектермен ғана өмірін байланыстырған, махаббаттан ақшаны жоғары қоятын, қымбат мейрамханаларда қымбат шарап ішіп жүретін, тұрмыс-тіршілікке бейімі жоқ, қазіргі замандағы “тоқалкалардың” түсінігімен өмір сүрген жан секілді..

 Ащы болса да, шындық осы..Марқұмның артынан жаман сөз айтпайтын қазақтың қызы болғандықтан, жаман сөз айтқан жоқпын, жаман ойым да жоқ. Аяймын, соққыға жығылған видеоларын көргенде, ана ретінде жаным шығып кете жаздады. Алайда, біз ұрпақ тәрбиесінде (ұлдың да, қыздың да) көп кемшіліктер жібергенімізді мойындай алуымыз керек..Кінә ешқашан бір жақтан ғана болмайды. Келінді құл сияқты жұмсап, туған-туыстарымен қосылып, қорлап отыратын отбасылар да аз емес, қазақ қоғамында. Сонымен қатар, келін болуға, әйел, ана болуға дайын емес, ақсаусақ қыздар да аз емес. Сотталушының отбасы келіндерін дәл бірінші жағдайда ұстамағаны анық, енді. Бірақ экс шенеунік әйелді еркектің мүлкі ретінде бағалаған. Ұнамаса, мінездері үйлеспесе, ұрыс-керіссіз, бір-бірінің басын босату керек еді. Қандай болған күнде, адамның өмірін қиюға,(өлтірем деген ой болмаса да) ұрып-соғуға, әлсіз әйелге күш қолдануға ешқандай құқығы жоқ еді! Ол ауыр қылмыс! Оны ақтауға болмайды.

4.    Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылданды. Бұл заңнан кейін елдегі жағдай оңала ма? Қандай өзгерістер күтесіз?

- Заңға қарап жатқан ешкім жоқ. Бишімбаевтар айналамызда көп болып тұр ғой. Ол істен сабақ алып жатқан ешкімді көріп тұрған жоқпын. Аяқ тартатын адам аяқ тартады. Өзгеретін адам өзгереді. Заң шықты екен деп, бұрынғы әдетін қоя салатын адамды байқамадым. Заң енді қабылданды ғой. Біраз уақыт өтіп, қолданысқа енгесін өзгеретін шығар. Керіснше себеп кете ме деп қорқамын. Еркек пен әйелдің арасында шайқас болып бара жатқан сияқты. Әйелдің бәрі дана, ақылды емес қой. Ол әйелдің кесірінен де отбасы шайқалауы мүмкін. Біржақты пікір айта алмаймын. Былай істесе, қоғам түзеліп кетеді дей алмаймын. Жалпы адам өзінен бастауы керек. Үздіксіз дамуы керек. 

5.    Біздің қоғам не үшін әйелдерді кіналауға құмар?

- Әр адамның әртүрлі пікірі бар. Бұл жерде тек әйелді кіналап жатқан жоқ. Біздің ұлттық менталитет бар. Керісінше кейбір әйелдер қылық шығарып жатыр. Еркектің бәрі оңбаған емес, әйелдің бәрі періште емес. Екінші жағы да бар. Керемет қыздар абьюзерлерге жолығып жатады. Біздің ой-санамыз көтерілуі керек. Құқықтық сауаттылықты арттыру керек. Осы сотта мен қоғамның, халықтың құқықтық сауатсыздығын көрдім. Өмір бойына кетсін деп біржақты пікір айтады. Иә, сұмдық нәрсе. Бірақ біздің Қазақстанда одан да сұмдық тұрмыстық жағдайларды көріп жүрміз. Ал қоғам ондай оқиғаларды көрмегесін, халыққа Бишімбаев ең жауыз адам болып көрініп тұр.  Біздің қоғамның өзі де қатігез. Мен Бишімбаевты ақтамаймын. Ол әбден дандайсыған, көзіне шел біткен адам. Енді Салтанат өлгенде басқа әйелдерге хабарласуы өте сұмдық нәрсе. Байлық, билік дандайсытып жіберген. 

7.    Болашақ өзімізден басталады. Әділетті болашақ құру үшін қарапайым халыққа қандай кеңес бересіз?

- 50 жылда ел жаңа демекші, қазіргі жастардың ұстанымдарым бөлек, ойлары азат, пікірлері басқаша. Осы жастар ел болашағын түзейді деп ойлаймын. Әркім өзінен бастаса, солай қоғам түзеледі. Бес саусақ бірдей емес. Бәрін өзгерту мүмкін емес. Барлық нәрседен сабақ алуымыз керек. Келер үміт - жастарда. Қазір жақсы өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысының да түзеймін деген ниеті жақсы. Шынында көп жерде әділдік орнады. Жұмыс істейтін адамды бағалауға, еңбек адамын көтеруге басымдық болып жатыр. Біз де өз арамызда өзгеруге тырысып, дамуға ұмтылуымыз керек. Сонда ғана еліміздің еңсесі биік, керегесі кең болары хақ.

Жүктелуде...