Құлсарыда сібір жарасы таралуы мүмкін бе?
Жылыой ауданындағы эпид ахуал қандай?
Атырау облысының Жылыой ауданындағы Құлсары қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Десек те, халық арасында жұқпалы ауру таралып кете ме деген қорқыныш басым. Осы турасында newsroom.kz порталы Жылыой аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Хабибуллин Талғат Әділбекұлымен сұхбаттасты.
Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Орскде су басқан өңірлерде су құбырынан су ішкен 18 адамнан ішек ауруы анықталған. Жылыой ауданында жұқпалы аурулардың таралу қаупі бар ма?
- Жылыой ауданы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Су басқан кезден бастап күнделікті орталықтандырылған ауыз су құбырларынан сынамалар алынып тексерілуде. Бүгінгі күнге дейін санитарлық – химиялық зерттеулерге - 169, микробиологиялық зерттеуге - 176 сынама алынды. Нәтижелері таза. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.
Өлген мал орындарын, молаларды су шайып кетті. Батыс Қазақстан бойынша су басқан жерлерде сібір жарасының 3 бірдей ошағы бар. Сібір жарасы таралуы мүмкін бе?
- Жылыой ауданы аймағында 2 сібір жарасының көміндісі бар. Ол жерлерді су басқан жоқ. Көмілген ошақтарда барлық талаптар сақталған. Алаңдауға негіз жоқ.
Өңірде аталған аурулардың алдын алу үшін қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр?
- Біріншіден халық тұтынатын ауыз су ұдайы бақылауда. Судан сорып, қоқыстан тазартылған тұрғын үйлермен үй аумақтарында дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. 18 жасқа дейінгі жоспарлы екпесін алмаған балаларға гепатит А, қызылша, көкжөтелге қарсы екпе салынуда.
Су басқан өңірдегі адамдар өздерінің денсаулығы үшін қандай қарапайым қадамдарды жасауы қажет?
1. Тасқын сулардан аулақ болу;
2. Тасқын суды кешкен жағдайда арнайы киімдерді қолдану (резеңке етік, резеңке қолғап т.с.с.);
3. Су басу орындарында бұлақтардан, құдықтардан және ұңғымалардан су ішпеу;
4. Тасқын суларға малынған тамақ өнімдерін пайдаланбау;
5. Бөтелкедегі және қайнатылған суды ішу және тамақ пісіру үшін пайдалану;
6. Жемістер мен көкөністерді бөтелкедегі немесе қайнатылған сумен жуу;
7. Қолды сабынмен мұқият жуу немесе антисептик пайдалану;
8. Жануарлар және олардың мәйіттерімен байланыста болмау, оларды қолмен ұстамау;
9. Жұқпалы аурулардың белгілері болған кезде(қызба, жүрек айну, құсу, нәжістің босауы, тамақ ауруы, бөртпе және т.б.) дереу медициналық көмекке жүгіну.