Алматыдағы Медеу аудандық сотында Элинаны зорлаған жігіт бес жылға бас бостандығынан айырылды,-деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Stan.kz -ке сілтеме жасап.
22 жастағы алматылық Элина Instagram желісінде Svet қоғамдық қорына видеоүндеу жолдап, көмек сұрады. 2023 жылдың 9 наурызында бойжеткен достарымен түнгі клубтардың бірінде демалып отырған. Бір танысы оған жақындап, коктейль ұсынған. Содан кейін құрбысы екеуін үйге жеткізіп тастаймын депті. Нәтижесінде таныс жігіт бойжеткенді үйіне алып кетіп зорлаған. Ол қыздың коктейліне дәрі салған көрінеді. Салдарынан Элина есін білмеді. Қылмыстық іс ұзақ уақыт сотқа жетпеді. Сол үшін ол қоғамдық резонанс тудыруға мәжбүр болды.
Қаскөйдің Қазақстандағы танымал фотограф екені белгілі болды. KazFem-нің мәлімдеуінше, сотталушы Азамат Кенжеғұлов Elle Kazakhstan, Esquire, Harper’s bazaar сынды танымал басылымдармен жұмыс істеген.
34 жастағы фотограф кінәсін мойындамай, оны ақтауды немесе бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Қылмыстық кодекстің 120-бабы ”Зорлау, яғни жәбірленушіге күш қолдана отырып, оның дәрменсіз жағдайын пайдаланып жыныстық қатынасқа түсу” бойынша ол бес жылға бас бостандығынан айырылды.
"Бүгін әділдікке қол жеткіздік деп есептеймін. Зұлымдыққа қарсы күрес бір жылдан астам уақытқа созылды. Элина жұртқа шығып, қоғамдық қысым мен айыптауға ұшырап, бетін ашуға мәжбүр болды. Қысымға қарамастан, ол шыдам танытып, әділдікке қол жеткізді", – деді жәбірленушінің адвокаты Әлия Омарова.
Элинаның құқығы үшін Бишімбаев ісі бойынша жәбірленуші тарапты, яғни Салтанат Нүкенова мүддесін қорғап жүрген Әлия Омарова күресті, ал Жанна Оразбақова тергеу әрекеттері кезінде онымен бірге жүрді.
“Жаңа ғана Элинаның ісі бойынша шешім шықты. Салтанат ісі бойынша сотта отырып, қуаныштан жыладым. Зорлаушы кінәлі деп танылды. Тағы бір әйел заңмен қорғалды”, – деді Омарова.
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді де қос адвокатты қиын істегі жеңісімен құттықтады.