Алматы қаласында 5 жасар бала көршілер чатынан көмек сұрап хабарлама жіберіп, анасын бір өлімнен аман алып қалды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы CMN.KZ сайтына сілтеме жасап.
19 сәуір күні 13-қабаттағы пәтердің бірінде Гүлмира есімді әйел есін жоғалтып, еденге құлайды. Анасының аяқ асты құлағанын көрген ұлы Ален анасының телефонын ашып, көршілермен ортақ чатты тауып, «өтінемін, көмектесіңіздер, анам өліп кетуі мүмкін, дәрігер шақырыңыздаршы», деп дауыстық хабарламалар жібереді.
Мұны естіген көршілер дереу жедел жәрдемге хабарласады да, Ален тұратын үйге бет алады. Бала еш үрейленбестен есікті ашып, көршілерді, 20 минуттан кейін келген дәрігерлерді үйіне кіргізеді. Жедел жәрдем келгенде әйелдің есі кіресілі-шығасылы еді. Дереу ол ауруханаға жеткізілді.
Көршілері баланың төтенше жағдайға тез әрекет еткеніне сүйсінді.
"Балақай жарады. Біз көршілермен бірігіп, анасы жазылғасын Аленге сыйлық әпергіміз келеді. Ол барлығын дұрыс жасады. Тіпті ол бізге шәй ұсынып, тоңазытқыштан нан мен май алып шықты. Бізге арнап дастархан жайғысы келді",- дейді көршілері.
Гүлмира ханымның қазіргі жағдайы мен оны қай емханаға әкеткені белгісіз.