Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
24 сәуір, 2024 / Рысжан Амантай / Тарих

Қазақстандық ғалымдар Әмір Темірге қатысты тың жаңалық тауыпты

Әмір Темірдің бұйрығымен құрылған қорған туралы не білеміз?

Қазақстандық ғалымдар Әмір Темірге қатысты тың жаңалық тауыпты
Фото: Эмма Усманова мұрағаты

Қазақстандық ғалымдар Ұлытау облысының Алтыншоқы төбесіндегі Әмір Темір қорғанының құпиясын ашты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

Белгілі қазақстандық археолог Эмма Усманованың айтуынша, Алтыншоқы төбесіндегі (Қазақстан Республикасы, Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы) Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылған қорған-оба күрделі жылу-техникалық құрылым болған. Қорғаннан қолбасшының 1391 жылы Тоқтамыс ханға қарсы жасаған қыпшақ жорығына арналған жазуы бар тас табылған болатын.

Мұндай жаңалыққа Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мамандарының Литва, АҚШ және Өзбекстан геологтарымен, ботаниктерімен, химиктерімен, дендрохронологтарымен және топографтарымен бес жыл бойы бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесінде қол жетіп отыр. Бұл туралы Эмма Усманова Шымкент қаласында Qalam Global көптұғырлы ғылыми-біліми жобасы ұйымдастырған «Әмір Темір және Алтыншоқы төбесінің сыры» атты дәріс барысында айтты.

«Алтыншоқы төбесі Ұлытаудың солтүстік-батысында, Жезқазған-Арқалық тас жолынан батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан. Оны алғаш рет 1935 жылы қазақстандық геолог, КСРО Ғылым академиясының болашақ академигі Қаныш Сәтбаев зерттеген. Алтыншоқыдан Әмір Темір заманындағы араб және шағатай тілдеріндегі арнау жазуы бар тас табылды. 1936 жылғы күзде КСРО Ғылым академиясының шешімімен тасты Эрмитажға жеткізу мақсатында Ұлытау тауларына ғылыми экспедиция жіберілді. Ленинградтық шығыстанушыларға сол кезде Қарсақпай зауытының геологиялық барлау бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген Қ.И. Сәтбаев көмектескен», – дейді Эмма Усманова. 

Фото: qalam global

Көп жыл бойы ғалымдар обо үйіндісі балқыту пеші ретінде пайдаланылды деп ойлап келген еді. Алайда Qalam Global дәрісінде Эмма Усманова Алтыншоқыда жүргізілген зерттеулер барысында ғалымдар от жағу орнының қалдықтарын, яғни тас үйіндідегі үңгіп қазылған тесіктер түріндегі үрлеу арналарының ізін тапқанын айтты. 

«Қорған-оба аса үлкен от жағу мақсатында жылу-техникалық құрылым ретінде салынған. Құрылым металлургиялық процестер үшін пайдаланылмаған. Осыған орай, кешенді Әмір Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған әскери жорығы жағдайында арнайы салынған оба тұрпатындағы ғұрыптық нысан деп санау ұсынылады. Қорғанды ғұрыптық нысан санатына жатқызуға болады», – дейді қазақстандық археолог.

Алтыншоқы басындағы жылыту құрылғысының қалдығы. Ауа арналары. 
Дереккөз: Эмма Усманова мұрағаты

Qalam Global дәріскерінің айтуынша, Әмір Темір Шыңғыс ханның ұрпағы болмаса да, оның даңқын, Моңғол империясының қуатын қайталауды армандаған. Ол заманауи Иран, Кавказ, Месопотамия, Ауғанстан, Орталық Азияның көп бөлігін, қазіргі Пәкістанның, Сирия мен Түркияның біршама жерін қамтыған өз империясын құрды. 

«Бәлкім, Әмір Темірдің обаны тұрғызуына моңғол салт-дәстүрінің мұралық жады, сондай-ақ өзі әскери даңқын қайталауға тырысқан, «дүниені сілкінткен» Шыңғыс ханның рухына табынуға деген ұмтылысы түрткі болған шығар. Оба ата-баба рухына табынудың қасиетті кодының және Киелі тау культінің барлық ережесіне сәйкес салынған: біріншіден, Алтын Ордадағы Шыңғыс ұрпағының иелігі басталған Ұлытау аймағында тұр; екіншіден, Ұлытау – Жошы-Шыңғыс ұрпақтары қастерлеген ата-баба мекені; үшіншіден, Алтыншоқы төбесінен Ұлытау жоталарының тамаша көрінісі ашылады; төртіншіден, оба көктемде (сәуірде), яғни ата-баба рухына тағзым ететін уақытта салынған. Оба құрылысының өзі – ерекше құрметті аумақты киелі етудің элементі», – деп атап өтті Эмма Усманова. 
Ол көшпенділерде оба (моңғолша «obuya» — қорған) культінің ата-баба рухына, елді мекендерге және әскери-саяси жетекшілерге табыну культімен байланысты киелі Тауға табынудың шамандық немесе квазидіни салт-жора жүйесінің бір бөлігі екенін еске салды. «Осы тұрғыдан алғанда, Алтыншоқы төбесіндегі оба Шыңғыс ұрпақтарының Алтын Ордадағы иелігі басталған Ұлытау аймағында киелі кодекс аясында салынған», – деп толықтырды ол.

Бұдан бөлек, Qalam Global дәрісі барысында Эмма Усманова Әмір Темірдің әлемдік тарихқа қалай ықпал еткені, дәстүрлі ислам құндылықтарын көшпенділердің ежелгі рухани мұрасымен қалай ұштастырғаны және оның мұрасы қасиетті мағына мен күнделікті тұрмыстық мақсатты қалай үйлестіретіні туралы да әңгімеледі.
Анықтамалық ақпарат: 

Эмма Радикқызы Усманова - қазақстандық белгілі археолог және тарихи реконструктор. Еуразия аумағындағы қола дәуіріндегі Андрон мәдениеті, қола дәуірінің киімдері және көшпелілер мәдениеті бойынша халықаралық деңгейде мойындалған сарапшы. Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті (Қарағанды, Қазақстан) Сарыарқа археологиялық институтының жетекші ғылыми қызметкері. Сонымен қатар, ол бірқатар қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орнында ғылыми қызметкер. 

Эмма Усманова Лисаков археологиялық экспедициясын басқарады, жыл сайынғы ежелгі технологиялар мен мәдени коммуникациялардың «Desht-Thor» халықаралық фестивалінің авторы және бас ұйымдастырушысы. Ғалымның қызметі «Қазақстан Республикасының құрметті мәдениет қайраткері» белгісімен атап өтілген. Лисаков қаласының құрметті азаматы, гуманитарлық зерттеулер саласындағы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, халықаралық Scopus Awards 2023 сыйлығының иегері. 

Qalam Global – Орталық Азия мен бүкіл әлем халқының тарихына және мәдениетіне арналған көптұғырлы ғылыми-біліми жоба. Жобаның негізі – әлемдік тарихи процестерге Орталық Азия көзімен қарау. Барлық негізгі материалды әлемнің түрлі елінен шыққан, кәсіби ортада үлкен беделге ие тарихшылар, философтар, өнертанушылар, саясаттанушылар жазады. Жобаға қазір Қазақстан, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Ресей және басқа мемлекеттердің зерттеушілері қатысып жатыр. Қазір Qalam Global жобасын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқуға болады.