Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотында әйелін өлтірді деп айыпталып отырған Бишімбаевқа қатысты сот ісі жалғасып жатыр. Бүгін екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов тергеу изоляторында оған Бишімбаевпен кездестіру ұйымдастырылмақ болғанын мәлімдеді,-деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Байжанов өзіне әлдебір Бауыржан Мусин есімді азамат келгенін айтты. Айыпталушының сөзінше, ол – қоғам белсендісі.
"Соңғы сұрақ. Айтыңызшы, сіз Бишімбаев тарапынан қысым көргеніңізді айттыңыз. Тергеу изоляторына бөгде адамдар келді ме? Келген болса, олар кім? Бұл қашан болды және олар сізге не айтты?" – деп сұрады Байжановтан адвокаты.
"Иә, Бауыржан Мусин маған төрт рет келді. Ұйқыға жатқаннан кейін. Мені камерадан алып шықты. Бардым, жанында Бишімбаев тұр екен. Ол кездесу ұйымдастырғысы келген болып шықты. Мен бірден бұрылдым да, кетіп қалдым. Әкімшілікке ол маған енді жақындамасын деп айттым, себебі оны келсін деп сұраған жоқпын. Менің адвокаттарым да сұрамады. Жоқ, соған қармастан ол одан кейін де екі-үш рет келіп, мені Салтанаттың отбасына қарсы қоюға тырысты", – деп жауап берді Байжанов.
Бауыржан Мусин кім деген сұраққа Байжанов: "бәрі қоғам белсендісі деп айтады", – деп жауап берді.
Сондай-ақ адвокат сотталушыдан қай уақытта және қай жерде кездескенін егжей-тегжейлі айтып беруін сұрады.
"Тергеу изоляторында. Онда барлық жазба бар. Бейнекамералар қойылған. Ұйықтауға жатқаннан кейін бір рет келді. Кешкі ұйқыға, 10-нан кейін. Мен оған егер сіз кездесу ұйымдастырғыңыз келсе, кездеспеймін дедім де, бұрылып кетіп қалдым", – деді Байжанов.
Ал күдікті Бишімбаев сотта екінші айыпталушы Байжанов өзін бопсалағанын мәлімдеді. Бишімбаевтың сөзінше, Байжанов жауаптарыңды өзгертпесең, қандай да бір қаржылық құжаттарды бермеймін деп айтқан.
"Байжанов осы жобадағы шығындарды бақылаумен айналысты, оған егер жақсы жұмыс істесең, өз бағасына пәтер беремін деген едім. 5 ай бойы ол мені бопсалап, вип-залға қайта-қайта кіргенін айтпауымды өтінді. Неліктен аммиак туралы бөлікті сіз одан нақтыладыңыз да, менен сұрамадыңыз? Ол аммиакпен вип-залға кірді, оны алып кеткен де – сол, ол жерде 5 минут болды. Осы 5 айда мен одан қаржылық құжаттарды қайтаруды талап еттім. Ол “егер сіз менің вип-залда болғаным туралы мәліметті алып тастасаңыз, қайтарамын” деді. Байжанов өзін ауылдың баласы ретінде көрсетіп жүр ғой. Шын мәнінде осы уақыт бойы менен пәтер талап етіп келеді. Оған қоса бұрынғы әйеліммен бірігіп көлігімді ұрлап кетті", – деді Бишімбаев.
Оның сөзін судья бөліп жіберді.
"Сотталушы Бишімбаев, сіз шектен шығып барасыз. Өз ұстанымыңызды түсіндірдіңіз, отырыңыз. Егер сіз тағы да сотпен ерегіссеңіз, мен сізді сотты құрметтемегеніңіз үшін залдан шығаруға мәжбүр боламын. Түсінікті ме? Отыруыңызды сұраймын", – деді судья Айжан Көлбаева.
Айта кетейік, әйелі Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр. Жәбірленуші тараптың адвокаты бұл іске марқұм мен оның ағасы Айтбек Амангелдінің арасындағы хат алмасуды қосуды сұрады.
Алқабилерге Мальдив аралында соққыға жығылған Нүкенованың суреті көрсетілді.